» » Бұла күштің иесі

Бұла күштің иесі

«Ден салып кіріссеңіз, алынбас қамал жоқ. Адамды көкке көтеретін де, алға жетелейтін де тек қана еңбек. Үлкен армандарға белгілі мақсат қойып, сол арқылы жетуге болады. Оған менің тәжірибем куә» дейді қол күресінен Әлем чемпионы, бұла күштің иесі Азамат Алматұлы.
Ол 2000 жылы жұлдызды қала Байқоңырда дүниеге келген. Осындағы Бармин атындағы No10 мектепте білім алады. 9-сыныптан соң М.Неделин атындағы Байқоңыр электро-радиотехникалық техникумына түсіп, электрик мамандығына оқиды. Оны бітіргесін 2022 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғары оқу орнына қабылданып, студент атанады. Бүгінде осы оқу орнының белсенді ізденушілерінің бірінен саналады. Әлемдік пьедесталды бағындырған спортшымыздың ерекшелігі бар. Ол – екінші топ көз мүгедегі. Көз жанарының әлсіздігіне қарамастан өмірге зор құштарлықпен қарайды. Жігері ешқашан мұқалтып көрмепті. Қайратты жанға жарасатын қасиет те осы емес пе?! Жыл он екі ай тыным таппай өзін шынықтырып жүретін жігітті іздегендер болса, оны жаттығу залынан табар еді.
Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі – Спортшылар мерекесі. Осы датаға орай әлемдік бәсекеде байрағымызды көкке көтеріп жүрген чемпионмен байланысып, карьерасы, жетістіктері және алдағы жоспарлары жайында сұрадық.
Азамат кімге болса да мейірбан мінезімен жылы әсер қалдырады. Телефон тұтқасының ар жағынан сөйлесе бастағаннан-ақ, оның ақкөңілділігі, ашық-жарқын пейілі бірден сезіліп тұрды.
– Мерекеде көңіл бөліп жатқандарыңызға көп рақмет. Мен ауданымыздағы No16 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығамын. Қол күресіне қызығушылығым мектептен басталған. Сыныпта ер балалар қол күрестіретінбіз. Бірде жеңіп, бірде жеңіліп дегендей. Одан соң бейнебаяндар қарағанда да, көзіме қол күрестері жиі ұшырасатын. Осының бәрі қосылып, менің спортқа ынтамды арттырды. Алғаш жаттығу залына 17 жасымда келдім. Жосалы кентінде, Байқоңырда ұйымдастырылған облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі болып жүрдім. Сөйтіп бапкерімнің көзіне түстім. Біртіндеп жақсы нәтижелер көрсете бастадым, – дейді Азамат әрі қарай сөзін жетістіктерімен байланыстырып.
Ол былтыр Алматыда наурыз айында өткен пара-армрестлингтен 65 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионатына қатысып, чемпион атанған. Бәсекеге еліміздің әр түкпірінен 12 үміткер қатысып, соның арасынан топ жарып шыққан. Ал тамызда жастар арасында өткен әлем бәсекесінде сол қол бойынша қола жүлдегер, оң қолға Әлем чемпионы атағын жеңіп алған. 52 мемлекеттен қатысқан додалы сайысты жай бір жарысқа теңей алмаймыз. Әлемнің мықтылары бақ сынасқан біріншілікке Украина, Болгария, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, тағы басқа мемлекеттердің спортшылары тас-түйін дайындықпен келгенімен, біздің Азаматтың білек күшіне дес бере алмапты.
Осы жылғы Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы чемпионаты Тараз қаласында өткені белгілі. Онда да олжасыз қалмады. Сыр елінің атын атойлатқан азаматымыз күміс жүлдегер иесі атанды. Мамыр айында Ташкентте өткен Азия біріншілігі де спортшының оң жамбасына келіп, мұнда да сол қолға күміс, оң қолға алтын медаль иесі атанып елге ақжолтай жаңалықпен оралды. Азия чемпиондығын жеңіп алған жерлесіміз Қытай, Монғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан елдерінен қатысқан замандастарынан өзінің дайындығының әлдеқайда жоғары екенін көрсеткен-ді.
– Бапкерім – Талғат Қанаев. Ол облыста қол күресінен бас бапкер болып істейді. Ағайымның үйреткен әдіс-тәсіл, жаттығуларының арқасында талай бәсекеде жеңіс тұғырынан көрініп жүрмін. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының, Азия, Әлем чемпионаттарында чемпион атандым. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деп жатамыз ғой. Негізі нәтиже жаттығуға байланысты. Бұлшықетпен жұмыс жасау, күш жинау қол күресінде жоғары маңызға ие. Денені шынықтыру, гантель, штангамен жаттығу жасау да жеңіске бір табан жақындатады. Бұлардың барлығы бапкердің нұсқауымен істелінетін шара. Ас мәзіріне де мән береміз. Өйткені ол салмақты ұстап тұру үшін керек. Дәрумендер қабылдаймыз.
Қазіргі мақсатым – алдағы наурыз мерекесінде өтетін Қазақстан чемпионатынан ересектер арасында 1 орын алу. Әлем, Азия чемпионаттарына жолдама ұтып, сол биіктерді тағы да бағындырсам деймін. Спортшылардың арасында «Бірінші орында – бапкер, екінші орында – спортшы» деген қалыптасқан қағида бар. Бапкеріме айтар алғысым шексіз. Осылай биіктен көрініп жатқаным бапкерімнің арқасы. Одан соң анама алғыс айтамын. 2012 жылы әкем өмірден өтіп кетті. Анам Баян Әмірқызы әкеміздің көзіндей болып қалған 2 ұлы мен 2 қызын аялап өсіріп, аяққа қойды.
Жоғары оқу орнын бітіргесін мұғалім болсам ба деген мұратым бар. Спорт елді танытумен қатар, достық алаңы да. Спорттың арқасында көптеген дос тапқанымды мақтан етемін. Барлық әріптестерімді төл мерекемен құттықтаймын. Еліміздің көк байрағы көгімізде желбірей берсін! – дейді Азамат бауырымыз тұтқаны қойып жатып, рәуішті көңілде.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
17 тамыз 2024 ж. 205 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930