АУДАН ТЫНЫСЫ: Өркендеуге басым бағыт
Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын өркендеп, өсіп жатқаны байқалады.Оның бір дәлелі ретінде аудан бюджетінің ұлғаюын айтуға болады. Қазіргі таңда аудан бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға артып отыр. Оның ішінде, ауданның өз кірістері былтырғы жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға өсті. Осы және басқа да мәліметтерді алға тартқан аудан әкімі Жандос Еркінбек коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте биылғы жылдың I жарты жылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Аудан әкімінің айтуынша макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша да өсім бар. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі көлемі 100,3 пайызды, өңдеу өнеркәсібі көлемі 100,1 пайызды, ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 103,7 пайызды, негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 143 пайызды, құрылыс жұмыстары көлемі 129,1 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беру 105 пайызды, бөлшек сауда көлемі 102,5 пайызды құрады.
– Өздеріңізге белгілі, Қармақшы ауданы ауыл шаруашылығына негізделген аймақ. Сондықтан, макроэкономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктерге байланысты. Биылғы жылы жалпы көлемі 25231 гектар алаңға егіс орналастырылды. Оның ішінде күріш көлемі 13270 гектар.
Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюына байланысты өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 500 гектарға қысқарды.
Облыс басшылығы су жетіспеушілігі мәселесін оңтайлы шешуге ықпал жасап, әрбір шаруашылықтың қажетті көлемде су алынуына жағдай жасалынуда. Ендігі кезекте, диқандар су көлемінің аздығы, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан қиындықтарды бірге еңсеріп, егіске уақытылы күтім жасап, өнімі алғанға дейін аянбай еңбек етеді деген сенімдеміз, – деді аудан әкімі.
Брифингте облыс әкімінің «Тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызды көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы тапсырмасы негізінде 408 гектар бақшалық жерлер дайындалып, 930 отбасыға бөлініп берілгені айтылды.
Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын пайдалану бойынша жаңбырлатып суару тәсілімен 45 гектар жоңышқа, 13 гектар көкөніс-бақша дақылдары егілгені сөз болды.
– Мал шаруашылығы саласы бойынша да мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы нәтижесімен өсім қалыптасып, 159 мың төрт түлік мал басы тіркеліп отыр. Ауылшаруашылығымен қатар, ауданның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да басты назарда. Қармақшы ауданы бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны биылғы жылдың 1 шілдесінде 3585 бірлікті құрады, – деді аудан басшысы.
Осы жылдың 1 шілдесіне мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде 52 жобаға несие беріліп, 77 азамат 113,7 млн теңгенің грантын алды. Жыл аяғына дейін жоспар бойынша қосымша 109 адамға грант беру жоспарлануда.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 45 жобаға 297,6 млн теңге несие берілді. Биыл жалпы құны 540,8 млн теңге болатын 78 жобаға несие беру арқылы 92 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Бүгінгі күнге несие алуға ниет білдірген 7 кооператив және 71 жеке кәсіпкерлердің жобалары іріктеліп, комиссия қарауына ұсынуға әзірленді.
Өнеркәсіп саласы бойынша 3 жоба жүзеге асты. Осы жылдың мамыр айында Жосалы кентінде «АНК-Даулет» ЖШС газоблоктар өндіретін шағын зауыты, Жаңажол ауылдық округінде наубайхана және кондитерлік цехы, Төретам кентінде «С-тройка» өндірістік кооперативінің бетон бұйымдарын өндіру цехы іске қосылды. Қызмет көрсету және сауда саласында 3 жоба жүзеге асырылуда.
Құрылыс жұмыстарына келетін болсақ. Жүргізіліп жатқан жобалар нәтижесінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды салу, ауыз сумен қамтамасыз ету, электр беру желілерді қайта жаңғырту және газбен қамту мәселелері шешілетін болады.
Бірінші кезекте, жеке тұрғын үйлері жоқ Жосалы кентінде халықтың әлеуметтік осал топтарына және кезектілікте тұрған азаматтарға 100 пәтер сатып алу жоспарлануда. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Төретам және Ақай елді мекенін газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, Ақай ауылындағы табиғи газға қосу жұмыстары аяқталып, былтыр қараша айында пайдалануға беріліп, 672 тұрғын үй газға қосылды.
Ал Төретам кенті бойынша құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, осы жылдың маусым айында пайдалануға беріліп, бүгінгі күні 206 үй табиғи газды пайдалануда.
Аудан бойынша аса маңыздылығы бар Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік газ желісінің құрылысының басталуына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Дүр Оңғар ауылына газ жеткізілген жағдайда сол аймақтағы басқа да 10 елді мекенді газдандыру жұмыстарына мүмкіндік тудырары айқын. Осы жобалар іске асқанда аудан тұрғындарын газбен қамту үлесі артатын болады.
Осының бастамасы ретінде Иіркөл және Төребай би ауылдарына дейінгі және ауылішілік газ желісінің жобасын әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысы жүргізілуде. Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жосалы кентіндегі «Тәуелсіздік» шағын ауданының тұрғын үйлеріне су құбыры желісін жеткізумен бірге, кентішілік су құбыры желісін салу, «Түзету» жұмысына жобалау сметалық құжаттама әзірленіп, қаражат бөлдіру мақсатында бюджеттік өтінім тапсырылды.
Ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке, ауыз-суға тоқталған аудан әкімі электр желілерін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Электр желілерді қайта жаңғырту бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі, себебі аудан бойынша электр желілерінің тозығы жеткен.
Биыл ауданның 3 елді мекеніне қаржы бөлініп, электр беру желілері қайта жаңғыртылуда.
Аудандық бюджеттен Қуандария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун, Қармақшы ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім өткізілді.
Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен Дүр Оңғар ауылының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленсе, Тұрмағамбет ауылының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы уақытта, кезең кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Жандос Еркінбекұлы.
Ауданда халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткішін арттыру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақай, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында дене-шынықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде, аталған нысандар осы жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
– Биылғы жылы елді мекендерге 5 балалар және спорт алаңдарын салуға қаржы қаралып, алаңдар салынды. Соңғы жылдары аудан көлемінде 17 балалар және спорттық ойын алаңы орнатылып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 10-ы аудандық бюджет есебінен, 7-еуі демеушілер есебінен салынған, – деген аудан басшысы жол жөндеу жайына тоқталды.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында инфрақұрылым саласын дамыту үшін, атап айтқанда жол жөндеу, көше жарығы, аяқ сумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылды. Атап айтатын болсақ, «Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жалпы 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Қызылтам елді мекеніне кіре беріс» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлініп, 4,6 шақырым автомобиль жолына асфальт төселді.
Қармақшы ауданындағы аудандық маңызы бар жолдар барлық елді мекендерде тартылып, жөнделіп қазіргі кезде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 83 пайызға жетті.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында осы жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Ақжар ауылындағы А.Құнанбаев көшесінің құрылысы басталды.
Төретам кентінің 3 көшесіне, Жосалы кентіндегі 2 көшеге және Тұрмағамбет ауылындағы 5 көшеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы қаралды.
Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен Жосалы кентінің 4 көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, заңдылыққа сәйкес мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіп жатыр екен. Аудандық бюджет қаражаты есебінен Жосалы кентінің 4 көшесін жарықтандыруға және бағаналарға декоративті безендіру жарықтарын орнату жұмыстарына, Көмекбаев, Иіркөл, Төребай би ауылдарының бір көшелеріне жарықтандыру жұмыстарына қаржы қаралып отыр.
– Аудандық бюджет қаражаты есебінен бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда ауданның 5 елді мекеннің Алдашбай ахун, Дауылкөл, Қармақшы, Қуандария, Ақжар ауылдарының төлқұжаттарын жаңартуға қаржы қаралып, паспорттар орнатылды.
Ендігі кезекте, Жосалы кентінің кіреберісінде төлкұжатын орналастыру үшін қаржы қаралып, паспорт орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін Жосалы кентінің 2 көшесіне жаяу жүргінші жолдарды салу үшін аудандық бюджеттен 56,5 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде.
Өткен жылы басталған Шығыс каналы жағасын абаттандыру жұмыстарын аяқтауға, А.Құнанбаев көшесінің кіреберіс бөлігін және І.Мүсірбаев көшесінің бойын абаттандыруға аудандық бюджеттен 71,8 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Төретам кентінде автобустық 10 аялдама орнату жұмыстарына, Қармақшы ауылындағы «Жеңіс» бағын қоршау жұмыстарына, Қуаңдария ауылындағы орталық алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстарына және Бәйтерек көшесі бойында орналасқан әкімшілік ғимарат ауласын қоршау жұмыстарына, Алдашбай ахун ауылында «Тағзым алаңын» орнату мен кіреберіс арканы ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып жұмыстар жүргізілуде.
Аудандық маңыздағы «Жалағаш-Жосалы-Марал Ишан» автомобиль жолы 6,5 шақырым жол құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы қайта әзірленіп, қазіргі таңда облыстық бюджеттен қаржы бөлу мақсатында бюджеттік өтінім тапсырылды.
Жосалы кентінің тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі – Мырзағалиева көшесінде темір жол өткелі. Қазіргі таңда құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарауына ұсынылды. Болжамды жоба құны айқындалған уақытта республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру мақсатында бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне өтінімдер жолданатын болады, – деді аудан әкімі.
Денсаулық сақтау саласы бойынша өткен жылы Дауылкөл, Ақжар және Жаңажол ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулаториялар салынып, пайдалануға берілгенін көпшілік жақсы біледі. Осы үш дәрігерлік амбулаторияға 3 жаңа жедел жәрдем көлігі табысталса, сонымен қатар күні кеше қосымша 4 жаңа жедел жәрдем көлігі ауданға келді.
Биыл Қуаңдария және Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттерінің құрылысына бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстары басталғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар осы нысандардың сыртқы инженерлік құрылымдарын жөндеуге де қаржы бөлінген. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық аурухана ғимаратының сыртқы бетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл аурухана ғимаратының ішкі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
– Еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі білім беру саласы екені белгілі. 2023-2024 оқу жылында 15218 оқушы білім алып, 686 мектеп бітірушінің 649-ы, яғни 94,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа баллдық көрсеткіші 86 пайызды құрады. Оның ішінде 54 түлек «Алтын белгі» және 67 түлек «Үздік аттестат» иеленді. ҰБТ-ға қатысқан 649 оқушының ішінде 181-і жүз және жүзден жоғары балл жинады. Атап айтсақ, No121 мектептің оқушысы Мақсат Қуанышбеков – 136 балл, No80 мектептің оқушысы Елжан Нұрғабыл – 134 балл, No250 мектеп-лицейінің оқушысы Әліби Амандықов – 133 балл.
No284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты спорт залының құрылысы жүргізілуде. Заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында Жосалы кентінде және ІІІ Интернационал ауылында мектеп ғимараттарының құрылысы басталады.
«Білімді қолдау Ұлттық қоры» арқылы Тұрмағамбет ауылындағы No29 орта мектептің 250 орынға арналған құрылысы үшін бюджеттік өтінім жолданып, 2025 жылдың есебіне жаңадан салынатын құрылыстар тізіміне енгізілген.
Байқоңыр қаласындағы No25 бөбекжай-бақшасы ғимаратының жылу қазандығын газ отынына қайта жабдықтау жоба-сметалық құжаттарын рәсімдеуге және сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Ақжар ауылындағы балабақшаға демеушілік есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Жандос Еркінбекұлы.
Ауданда бюджет қаражатынан атқарылатын жұмыстардан бөлек, тазалық жұмыстары да жүргізілуде. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде санитарлық тазалыққа бағытталған сенбілік жұмыстары жыл көлемінде ұйымдастырылатын болады деген аудан әкімі тұрғындарды еліміздің тазалығын сақтауға шақырды.
Осы жылы «Жасыл ел еңбек жасағы» маусымдық жұмыс бойынша 16-35 жас аралығындағы жастарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатында жұмыссыз, Neet санатындағы жастар, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы осал топтың балалары бірінші кезекте жұмыспен қамтылуда. Маусым-шілде айларында 120 жас қамтылды. Жастар кенттің тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына қатысуда.
Әлеуметтік салаға келсек халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – әкімдердің басты міндетінің біріне жатады. Бұл ретте жұмыс іздеуші ретінде Мансап орталығына хабарласқан 3797 адамның 445-і тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқанын айта кеткен ләзім.
– Биылғы жылдық 1 шілдесіне аудан бойынша 2684 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 1524 жаңа жұмыс орыны ашылды.
Биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 60 маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие алу үшін қаржы бөлінді.
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығару тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес 2024 жылдың 30 мамырынан бастап Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына Айбибі Атаханова тағайындалды, – деген аудан басшысы биыл аймағымызда «Руханият жылы» деп жарияланғанын тілге тиек етті.
«Руханият жылы» аясында ауданымызда бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі аудан орталығында «Руханият» замануи орталығы бой көтеріп, құрылысы басталды. Аталған орталықта мұражай, мұрағат, жастар ресурстық орталығы, қоғамдық ұйымдар, неке қию қызметі жұмыс жасайтын болады.
Сондай-ақ аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес мәдениет, клуб үйлерінде жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелейтін үйірмелері бар «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталықтары жұмыстарын бастады.
Осы жылдың 6 айында аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ақпан айынан бастап мәдениет және клуб үйлерінде 7 бағытта 887 шара өткізіліп, оған 48244 көрермен қатысқан.
Биыл әр аптаның сенбі күні бекітілген кестеге сәйкес Қармақшы аудандық мәдениет және клуб үйлері өнерпаздарының «Ел іші – өнер кеніші» атты концерті Жосалы кентінің орталық алаңында ұйымдастырылуда.
Спорт саласында да толайым табыс бар. Аудан әкімінің өз сөзімен айтсақ биылғы жыл жақсы спорттық жетістіктерге толы жыл болды.
– Ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны – 20 495 адам, аудан халқының 39,3 % құрады.
Биылғы жыл жақсы спорттық жетістіктерге толы жыл болды. Жыл көлемінде аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 7 алтын, 12 күміс, 16 қола медальды иеленсе, Азия чемпионатында 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді иеленді.
Осы жылы Ақтау қаласында өткен самбодан Азия чемпионатында жерлесіміз Әсемай Рүстемова жеңімпаз атанса, Ұлтай Сейілова қола жүлдегер атанды.
Сонымен қатар гір тасын көтеруден Тайван қаласында өткен Азия Чемпионатында Еркебұлан Кәжденбек І орын иеленіп, жеңімпаз атанды. Алдағы уақыттарда да үлкен жетістіктерге жететінімізге сенімдімін, – деді Жандос Еркінбекұлы.
Сөз соңында аудан әкімі Президент Жолдауы мен тапсырмаларын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік бағдарламалар мен Ұлттық жобалар және облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын назарға ала отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жүйелі жүргізетінін жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі