Ырыс алды – ынтымақ
Ынтымақ пен бірлік жүрген жерде береке қоса жүреді. Бүкіл әлем жұртшылығының тең жартысын бір мүддеге топтастырған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана қаласында өткен 24-саммиті өз жұмысын аяқтады. Саммитке қатысушы мемлекеттер басшыларының пікірлері мен ұстанымдары жер бетіндегі бейбіт өмір, тыныш тіршілікті көксеген адамзат баласының басты арманымен астасып жатты.
Тамыры терең достықты одан әрі нығайтып, тату көршілік пен өзара тең дәрежеде бейбіт қатар өмір сүру – қай елдің болсын экономикасының дамуына, мәденитұрмысының жақсаруына, ғылым мен технологиясының өркендеуіне жасалған қапысыз қадам екені бесенеден белгілі. Ұйым жұмысына төрағалық еткен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саммит отырысында жасаған баяндамасында өзі төрағалық еткен уақытында 150-ге жуық мазмұнды ісшаралар өткізілгенін, Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылғанын атап өтті.
Ұйымға мүше елдер арасындағы ынтымақтастық қатынастарда цифрлық даму, туризмді жетілдіру, энергетика мәселелері мен бизнес әлеміндегі сан алуан проблемалардың оңтайлы шешілуінде қол жеткізілген нақты жұмыстарға тоқталып өтті.
Саммитте қоршаған ортаны қорғау саласындағы ортақ келісім мен наркобизнеске қарсы стратегиялық жоспарларды жүзеге асырудағы бірлескен іс-қимыл нәтижелері ортаға салынды. Энергетикалық тапшылықтың алдын алудағы ынтымақтастықтың ортақ мүдделерді оңтайлы шешудегі рөлі жан-жақты сөз болды.
Сонымен бірге ұйымға мүше елдердің қатары артып, ынтымағы мен бірлігі нығая түсті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшылары қатысқан кеңесте қабылдаған 25 айтулы құжаттың қай-қайсысы да бүгінгі күні өте маңызды болып отырған өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.
Терроризм мен экстремизмге қарсы бірлескен ісқимыл жоспарлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық туризмді дамыту бағытындағы шаралар, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды үйлестіру, тағы басқа мәселелерді шешу бағытында қабылданған құжаттар, сөз жоқ, ұйым жұмысының алға қойған нақты нысанасы.
Саммитте қабылданған негізгі құжаттардың бірі ретінде «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің Астана декларациясы» қабылданғанын айтуға болады. Мұның өзі әлемдік дағдарыстардан шығудағы ортақ мақсаттардың жүзеге асуын жеделдетудегі, әлем халықтарының бейбіт өмірі мен тыныштығын қалыптастырудағы Қазақстан Республикасының берік көзқарасын айқындайтын құнды құжат деп ойлаймын.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы