Апорттан алынған иіссу
Әлемдегі сапалы иіссу өндірісінің қатарына таяу жылдары Қазақстанның да қосылатыны анық. Өйткені жас ғалымдарды қолдаудың нәтижесінде тың салаларды игеруге мүмкіндік ашылды. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің ғылыми қызметкері Гүлжан Түзелбаева елімізде парфюмерия өндірісін дамытып, апорттан жасалған иіссуларды дүние жүзіне танытуды жоспарлап отыр.
Аctor’s Studio Drama School – Pace University-інде актерлікке маманданғаннан кейін Гүлжан Түзелбаева Алматыда актерлік студиясын ашқан. Талапты балаларды оқытып, өзі де пьесалар қоюға қатыса жүріп, халықаралық жобалардағы рөлдерді сомдады. Бүгінде Гүлжанның репертуары режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильміндегі рөлімен толыққан.
Гүлжан – Алматы қаласының тумасы. Оның армандарына тау баурайындағы әсем қаланың табиғаты, сайын даланың жайқалған гүлдері, әсіресе апорттың дәмі қанат бітіргендей. «Апорттың иісі менің қаныма сіңген. Сондықтан да болар хош иістер мені әрқашан да шабыттандырып тұрады. Актерлік пен қатар қаржыгер мамандығын игеруім, француз, ағылшын тілінде еркін сөйлеуім бала күнгі арманыма жетуіме ықпал етті. Осы жолда «Болашақ» бағдарламасы жолымды ашты. Пандемия кезінде Еуропаға баруға рұқсат берілмегендіктен, оқуымды шегеруіме тура келді. Алайда сол жолы режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі Берлин кинофестиваліне жолдама алып, Берлинге де, Францияның Грасс қаласына да жолым түсті. Бұған дейін Грасстағы оқу орындарымен хабарласып, бағдарламаларымен танысып қойған болатынмын. Оқуымды алғашында қашықтан, кейіннен іштей бөлімде жалғастырдым. Шағын ғана халқы бар Грасс қаласындағы раушан гүлінің хош иісі мені бірден баурады. Әсіресе гүлдердің дәл еліміздегідей хош иіспен гүлдейтіні қызықтырды. Климаттық жағынан ұқсас келетін екі елде де таудан ескен самал мен жарқыраған күннің әсері раушан гүлінің жайқалып өсуіне себепші», дейді ол өз әсерімен бөлісіп. Осылайша, ежелден әтірдің отаны саналатын Францияға барып, парфюмериялық институтта білім алған жас ғалым елімізде жаңа өндірісті бастап, тыңнан жол сала бастады.
Зертханада парфюмерияны жасау бастапқы сатыдан басталады. Өндірісте парфюмериядан басқа интерьерге арналған хош иістер, раушан суы және шамдар әзірленіп жатыр. Жас ғалымның айтуынша, иіссудың алдымен формуласы жасалады. Бір грамм артық не кем құйылса, әтірдің құрамы өзгеріп кетеді. Сондықтан құрамын, мөлшерін анықтап алу маңызды. Сынама үш кезеңнен тұрады. Апорттан жасалған парфюмерияның кейбірі балғын, енді бірі тәтті болып келетін болса, сәтсіз шыққан нұсқалар да кездеседі екен. Жақында ерлерге арналған әтірді ұсынбақшы. Құрамында раушан гүлі мен ароматы бар әтірді әйелдердің де қолдануына болады. «Иісті ұзақ сақтаудың өз құпиясы бар. Құрамына майды көбірек қосамыз. Барлық қоспа талапқа сай болуы керек. Теріге кері әсері жоқ», дейді жас ғалым.
Бүгінде өндірісте «Алматы апорты», «Минералды раушан», «Көкжайлау қайыңы», «Махаббат», «Әмір», «Аида» сияқты 60-тан астам ерекше парфюмерия, 50-ден аса шам мен үй-жайларға арналған түрлі хош иісті өнім бар. Қазіргі кезде ғылыми жобаларды коммерцияландыру конкурсына қатысып, Сәтбаев университеті зертханасында жұмыс істеп жатқан кәсіби маман өндіріске қажетті барлық өнімін сынақтан және сертификаттаудан өтетінін айтады. Жобаға сай мақалалар жазып, формулаларды патенттеу де маңызды. Өнімдер IFRA халықаралық парфюмерия стандарттарына сәйкес жасалады. Ендігі мақсат – елімізде сапалы өнімдер өндіруге болатынын дәлелдеу. Оның айтуынша, хош иісті, табиғи шикізат өнімдерінен әтір түрлерін шығаруға елімізде толыққанды мүмкіндік бар. Өндіріс болғаннан кейін жетіспейтін тұстары болатыны заңдылық. Бірақ сол қиындықтарға қарамастан, Қазақстанда жасалған өнімдерді көбейту – жас ғалымдар алдында тұрған басты мәселе. Осы мақсатта парфюмерлік көрмелерді аралау маңызды. «Мен бір мәрте Катарға көрмеге барып қайттым. Енді тағы да іссапарға шығып, парюмерия өндірісін зерттей түспекпін. Сондай-ақ курстардан, мастер-класстардан өту, арнайы орындарда біліктілікті арттыру да саланы дамытуға ықпал етеді. Елімізде болашақ парфюмерлерді оқытып, білгенімді үйретсем деймін. Оған қажетті тәжірибе жинақтай алдым деп білемін», дейді ол.
АЛМАТЫ
egemen.kz