» » Құндылыққа жасалған бір қадам

Құндылыққа жасалған бір қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «...Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жас тар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» деген болатын.
Осы орайда қашанда ұлттық құндылықты ұлықтаудан жалықпайтын Тұрмағамбет ауылында тәлімді байқау ұйымдастырылды. Қ.Бүрлібаев атындағы мәдениет үйінде өткізілген сайысқа Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектеп және осы мектепті 2004 жылы бітірген түлектер мұрындық болды. Байқаудың басты мақсаты – Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі, назым сөздің шебері, атақты ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының мол мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау, оқушыларды сөз өнеріне, шешендікке тәрбиелеу. Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын, ақын шығармашылығын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген жас ұрпақтың ықыласын арттыру, туған жеріміздің рухани бірлігін, ауыл жастарының танымдық-шығармашылық қабілетін нығайту.
Ашылу салтанаты Тұрмағамбет ақынның мұражайынан басталып, мектеп оқушыларынан құралған домбырашылардың жыр сәлемімен жалғасты. Қатысушыларға ҚР білім беру саласының көшбасшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Білім беру ісінің майталманы» медалінің иегері, ардагер-ұстаз Зарипа Тасымова сәттілік тілеп, ұйымдастырушылардың ақын шығармашылығына деген құрметіне алғысын білдірді.
«Тұрмағамбет оқуы» байқауына жырау Әділхан Қуаңбаев, аудандық кітапханалар жүйесі Тұрмағамбет ауылдық кітапханасының меңгерушісі Құндызай Далдабаева, №29 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Роза Алламұратова әділқазылық жасады.
Қатысушы талапкерлер шайыр шығармаларын өз мүмкіндігіне қарай мәнерлеп жатқа оқыды. Олар өзі оқитын шығармалар тізімін ұсынды. Сол тізім бойынша қазылар алқасы шығарманың кез келгенін сұрап, дарынды қатысушыларды анықтады.
Тартысқа толы сайысты Дауылкөл ауылдық округінің әкімі Мұрат Алдамұратов қорытындылап, қазақ мәдениеті мен өнеріне жанашырлық танытып, өнегелі іс-шара ұйытқысы болып, ақын мұраларын насихаттауға ерекше қызығушылық білдірген 2004 жылғы мектеп бітіруші түлектерге алғысын білдірді. Алдағы уақытта жүз шайырдың отаны атанған ауылын, жыр өнерін өркендетуге бірге атсалысып, жұмыла іс атқаруға шақырды.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені Айгерім Сырлыбай иеленіп, ұйымдастырушылар тарапынан жазғы тынығу лагеріне жолдама алды. Ал І орынға Бақыт Мархабатова лайық деп танылса, ІІ орынды Шахназ Бұхарбаева мен Фатима Мархабатова жеңіп алды. ІІІ орынды Гүлжауһар Оңалбай, Айдана Ұланбек, Әлия Ерболқызы қанжығасына байлады. Жеңімпаз жеткіншектерге диплом мен қаржылай сыйлық табысталса, қалған қатысушыларға Алғыс хат пен ақынның кітабы сыйға берілді.
Тағылымды кешті тамашалаған көрермендер мен қатысушылар алдағы уақытта да ауылда «Тұрмағамбет оқуы» байқауы облыстық, республикалық деңгейде өткізілсе, деген ұсыныстарын айтты. Расында да 20 жылдық түлектер ерекше бастаманы қолға алған. Ұрпағың ұлы болу үшін білім үйрету қажет емес пе? Бұл байқау түлектердің ауылға жасаған тәлімді тартуы, құндылыққа жасалған бір қадам болғаны анық.
«ҚТ» ақпарат
29 мамыр 2024 ж. 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 318

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 414

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930