» » «Мектеп театры» жобасының берері мол

«Мектеп театры» жобасының берері мол

Халықты ізгілік пен эстетикалық адамгершілікке тәрбиелеудің басты құралы – театр. Сондықтан өскелең ұрпақтың арасында өнердің осы бір түрін дамыту маңызды. Бірнеше жылдан бері білім беру ұйымдарының тәрбие бағытындағы жұмыстарының мазмұнын толықтыру мақсатында «Мектеп театры» жобасы қолға алынған болатын. «Мектеп театры» жобасын енгізудегі мақсат – оқушылардың шығармашылығын дамыту, балалардың бойына рухани қазынаны сіңірумен бірге елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, баланың сөйлеу мәнерін жақсарту, көпшілік алдында өзін ұстай білу, жан-жақты дамуына ықпал жасау, жаңа таланттардың жолын ашу.

Аталған жоба аясында кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде 1-4 сыныптарда «Әдемі-ай» қуыршақ театры, 5-7 сыныптарда «Өнерлі өрендер», 8-10 сыныптарда «Самға» балалар мен жасөспірімдер театры жұмыс жасап келеді.
Талантты балалардың басын біріктіретін үйірмелердің берері көп. Жобаның мүшелері де сахнада өздерін еркін ұстауға, кейіпкер бейнесін ашуға, шығарманың мазмұнын толық түсініп, сахналап шығуға машықтанған.
Жаңа оқу жылы басталған тұста мектеплицейінде театр маусымының ашылу салтанаты болды. Онда үйірме жетекшілері оқушылармен дайындаған түрлі қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Соның ішінде мектеп тәлімгері Шерхан Кәрібаев пен аудандық мәдениет үйінің режиссері Мадияр Махамбетовтің бірлесе ұйымдастыруымен «Ұлты ұлықтаған ұлы Абай» тақырыбындағы сахналық қойылым арада қанша уақыт өтсе де естен кетпейді. Абай, Құнанбай, Зере мен Ұлжан, Әйгерім рөлін сомдаған оқушылардың актерлық шеберлігіне тәнті болғандары сонша қойылымнан алған әсерін көпке дейін айтып жүрді. Бұл қойылым тек мектеп сахнасында емес, білім басқармасы тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған «Атаулы күндер, айтулы тұлғалар» тақырыбында өткізілген «Мектеп театры» жобасы аясында TED TALKS алаңында жүлделі І орынды иеленді. Осы байқауда 10-сынып оқушысы Қайсар Қарабдинов «Ең үздік идея» номинациясымен марапатталды. Үйірме мүшелерінің күн сайын машығып, аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып жүргені де қуантады.
– Оқу жылы басында театр үйірмесіне оқушы қабылдау үшін кастинг ұйымдастырдық. Осылайша талантты, өнерлі, шығармашылыққа жақын шәкірттерді қабылдадық. Әрбір баланың мүмкіндігін жетілдіру мен жақсартудың жолдарын іздеуде жұмыс істеп жатырмыз. Шәкірттеріміздің жауапкершілігі, өнерге құштарлығы біздің жұмысымызды жандандыруда, – дейді мектеп тәлімгері Шерхан Кәрібаев.
Жуырда мектеп-лицейде оқу жылының аяқталуына орай үйірмелердің жұмысын қорытындылау, баға беру маусымы ұйымдастырылды. Ақмарал Әбдірахманованың жетекшілігімен бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен «Маймақ қаз» қойылымы көрсетілді. Қойылым балаларды әдептілікке, бірін-бірі сыйлауға, бауырмал болуға бағытталды. Данагүл Дюсекбаеваның жетекшілігімен 6 «А» сынып оқушыларынан құралған қуыршақ театрының жас жеткіншектері сахнада «Ұр, тоқпақ» ертегісін сомдады. Ертегінің негізгі мақсаты – кішкентай көрермендерге қойылым арқылы халқымыздың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, наным-сенімін, дүниетанымдық көзқарасын сақтауға, жат әдеттен аулақ болуға, адал еңбек етуге шақыру. Бұл ертегілерді бастауыш сынып оқушылары тапжылмай отырып көріп, ұйып тыңдады. Келесі күні Фариза Айманшаеваның жетекшілігімен 6 «Б» сынып оқушылары әлем ертегілерінің бір үлгісі – «Cinderella» (Күлшеқыз) ертегісі бойынша қойылым қойды. Ағылшын тілінде көрініс қою – грамматикалық сөйлемдерді дұрыс құру және сөздерді анық айтуға жаттықтырады. Театр жобасы бойынша ағылшын тілінде қойылым қою арқылы балалар ағылшынша сөйлемдерді қатесіз айтуға төселеді. Маусымның соңғы күнінде ұлттың ұлы тұлғасы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай Шерхан Кәрібаевтің жетекшілігімен «Самға» балалар мен жасөспірімдер театрының мүшелерінің қатысуымен «Сәкен – алаш сұңқары» тақырыбында қойылым сахналанды.
Қойылым барысында сауатсыздықты серпіп, қараңғылықтың түнегін қақ жарып шыққан оқулықтарды шығарған алаш азаматтарының үлесі, Алжир түрмесіндегі әйелдер бейнесі, жалғыздықтан жабыққан Сәкеннің жары Гүлбахрам мен түрме теперішін тартқан Сәкеннің образы көрініс тапты. Қатысушылар алаш арыстарының еңбегін, Сәкен тартқан теперіш пен қазақ қыздары көрген келеңсіздікті шебер жеткізе білді.
– Ұлт үшін, жер үшін, оқулық үшін, қазақ болмысының сақталып қалуы үшін күрескен арыстардың еңбегін, олардың қиын да қауіпті өмірін көз алдымызға әкеліп, сол арқылы патриоттыққа шақырған туынды бәрімізді елең еткізді, ойландырды. Үлкен театрға күнде бармасақ та, мектептегі театр жобасы біздің жан дүниемізді байытуға септігін тигізіп, рухани демалыс сыйлады, – деді арнайы қонақ ретінде шақырылып, қойылымды тамашалаған аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова.
– Мектеп жанынан құрылған «Әдемі-ай» қуыршақ театры, «Өнерлі өрендер», «Самға» балалар мен жасөспірімдер театры шәкірттердің шығармашылығын шыңдап қана қоймай, көрерменге де келелі ой түюге ықпал етті. Тыңғылықты дайындалып, керемет көрініс ұсынған өнерпаздар мен олардың жетекшілеріне алғысымды білдіремін. Азаттық жолында қаншама азамат шейіт болды. Олар бізге елді, халықты сүю үлгісін көрсетті. Әлемде күн сайын түрлі оқиғалар орын алып жатыр. Қандай жағдайдан болсын алып шығар күш – ол бірлік пен Отанға деген адалдық. Бұл мәні мен мазмұны терең қойылым «Мен қазақпын» деген әр азаматтың жүрегіне жетті, тәуелсіздігіміздің оңай келмегенін әрбір оқушы саналы түрде түйсінді, сезінді деп ойлаймын. Осындай керемет сезім сыйлаған шәкірттеріме риза­мын, – деді қорытынды сөз алған №250 мектеп-лицей директоры Гүлжахан Жұмағалиқызы.
Иә театр өнері аса талғампаздық пен шынайылықты талап етеді. Кәсіби актерліктен алыс болса да жас өнерпаздар басты рөлдерді шебер сомдап шығуда. Көрермендерді сендіріп, көзге ыстық жас келтіруде. Мұндай қойылымдар оқушылардың киелі сахнаға шығып қалыптасуына үлкен септігін тигізіп, рухани тәрбиелейтіні анық.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
14 мамыр 2024 ж. 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 331

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 420

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930