Ардагерлерді ардақтаймыз
Аналар кеңесінің жоспарына сай ауыл әкімшілігінің қолдауымен «Ардагерлерді ардақтаймыз!» жобасы бойынша зейнеткер ардагерлер, Ауған соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар жылдағы дәстүріміз бойынша бір күндік саяхатқа шықты.
Алғашқы маңдай тіреген орнымыз – Нартай Бекежанов атындағы облыстық академиялық-музыкалық драма театрындағы Мәдина Омарованың «Шанель №5» деректі драмасын тамашалау еді.
Қойылым барысында қазақ зиялыларының аяулы жарларының басынан кешкен сан түрлі адам төзгісіз оқиғаларымен бірге өмірлеріндегі естеріне алар қызықты сәттерін, ұмытылмастай естеліктерін шебер көрсете білді. Осы бейнелерді сомдап, бізді кейіпкерлермен бір сахнада жүргендей әсер қалдырған актрисалар Бейімбет Майлиннің жұбайы Күнжамал Майлинаны сомдаған Зәуре Көздібаева, тергеуші жігітті ойнаған Нұрдәулет Баймаханов, түрме атаманы болған Баян Қали, француздың сүйкімді қызы Ақбота Есмұхамбетова және тағы басқа өнерпаздар көрермендердің ықыласына бөленді.
«Малиновка» ауылындағы Алжирде азап тартқандардың тұтынған заттары, жеген құрттары, бәрі-бәрі мұражайда сол қалпымен сақталған. Біз мұны сол мұражайға барғанда көрген едік...
Мұнан кейін ардагерлер аймақ басшысының бастамасымен бой көтерген мәдени нысан шежірелі өлкеміздің 85 жылдығында көптің игілігіне берілген «Анаға тағзым» орталығын аралады.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауындағы басты талаптардың бірі – креативті индустрияның жандануын ұйымдастыру. Осы талапқа сай дайындалған «Креативті индустрия орталығы» атты көрме көпшілікке ұнады. Одан қызылордалық кәсіпкер қыз-келіншектердің қолдарынан шыққан туындыларын, сатылымға шығарған қолөнер бұйымдарын көрдік. Ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекейлер, тұрмыстық заттар, бесік және қыз жасауы, той табақтар көздің жауын алады.
«Мирас» әжелер клубы, «Береке» аспаздық студиясы, «Ұлт жақұты» музейлік залы, «Анаға тағзым» экспозициялық кешені, «Бойтұмар» қыздар, «Ана тілі» дебат клубы, психолог-медиатор кабинеті, «Жас отау» жас отбасылар клубы, «Шамшырақ» фото-бейне студиясы, Конференцзал, мәдени концерт залы, Coworking орталығы жайлы орталық қызметкерлері жан-жақты таныстырды. Алтынай Бекмағанбетқызы басқаратын ұжым мүшелеріне дән риза болдық.
Бейбарыс Сұлтан көшесінің бойынан 1000 орындық «Өнер орталығы» бой көтерген еді. Бұл орталықта өнер иелерінің, шығармашылық ұжымдардың ұлттық, академиялық, симфониялық және эстрадалық бағыттағы концерттері, түрлі форматтағы қоғамдық және мәденикөпшілік шаралар өткізіледі.
– Ардагерлерді құрметтеп, осындай рухани демалыс сыйлап, демеушілік көрсеткен «Ақжар» және «Ораз ахун» шаруашылықтарының басшылары Нұрлан Жәмитұлы, Жомарт Жақсылықұлы, ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызы, аналар кеңесінің төрайымы Рая Қайырқызына айтар алғысымыз шексіз, – дейді ардагерлер атынан сөз алған Бейбіт Әбішев, Шырын Жүсіпбаева, Әбдуәли Нұрғалиевтер.
Әсіресе қай жағынан болса да үлгі болып келе жатқан жасыл желекке оранған, су бұрқағы айналасына сән берген Нағи Ілиясов ауылында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен кездесіп, ой бөліскен, пікір алысқан сәттер саяхат сәнін аша түсті.
Рая ЖӨНЕЙТОВА