» » Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында сөйлеген сөзі

1.Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азаматтардың амандығы – ең басты мақсат»
Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясы өтуде.
Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін және Президент ретінде алдында тұрғын маңызды міндет екенін айтты.
«Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде. Осыған дейін де айттым, жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет», – деп бастады сөзін Мемлекет басшысы.
2. Бірлікк пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар – Мемлекет басшысы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында сөйлеген сөзінде тасқын сумен күресуге зор үлес қосқан отаншыл азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды.
Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді.
Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ.
Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды.
Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге алғыс білдірдіАпат орын алған өңірлерде 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында айтты.
«Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын», – деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев су апатынан зардап шеккендерге: «Мемлекет шығынды түгел өтейді»
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясы барысында сөйлеген сөзінде апат орын алған өңірлерде ешкім елеусіз қалмайтынын және мемлекет шығынды түгел өтейтінін баса айтты.
«Жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі. Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі.
Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды», – деп мәлімдеді Қ. Тоқаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері апат аймағына 1500 тоннадан астам тауар жолдады
Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Оның аясында апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы құны шамамен 770 миллион теңге болды.
«Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ, жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», – деді Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында сөйлеген сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында Ассамблеяның рөліне айрықша тоқталды.
Оның айтуынша, Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган.
«Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр.
Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», – деді Мемлекет басшысы.
Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіреді
Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық.
Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық.
Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық.
Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ.
Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік.
Сондай-ақ – Заң және Тәртіп.
Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік.
Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық.
Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады», – деді Мемлекет басшысы.
Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн – Тоқаев
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін қоғамдық кеселдерге қарсы жұмыс жасауға шақырды.
Президенттің айтуынша, Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады.
«Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн.
Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек. «Ұлы жол шағын қадамнан басталады». Сол сияқты кішігірім әрекеттер ауқымды өзгерістерге жол ашады», деді Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысы әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсаратынын және мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болатын баса айтты.
«Адал азамат» болу аса маңызды», – деді Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында.

  • Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет – Қ.Тоқаев
Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгергеніне тоқталды.
«Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды. Ассамблея барлық деңгейдегі мекемелермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен жұмыс жүргізу үшін тиімді тәсілдер табуға баса мән берген жөн», – деді Қ.Тоқаев.
  • Президенттің тапсырмасымен аймақ басшылары екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен кеңес өткізеді
«Менің тапсырмаммен аймақ басшылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты жиналыс өткізуі қажет». Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында әкімдерге осындай тапсырма берді.
«Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе, Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал», – деді Мемлекет басшысы.
Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан, Президент Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамытуды тапсырды.
«Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын-алуға баса мән берілуге тиіс. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында сөйлеген сөзінде.
  • Президент Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайтуды ұсынды
Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту қажет.
Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясының отырысында мәлімдеді.
«Ең алдымен Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек», – деп тапсырды Президент.
Президент ассамблея құрылымдары басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынды
«Жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкеледі. Сондықтан Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының отырысында.
«Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе, волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Мұндай жобалардың тізімін жасаған жөн», – деп ұсыныс жасады Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев: «Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қоғамға іріткі салатын әрекеттерге тосқауыл қойылатынын мәлімдеді.
«Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет. Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз. Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды.
«Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтқанда, жалған мәлімет таратады.
Сондықтан, түскен ақпараттарға сыни қарап, тек ресми дерек көздеріне сену қажет», – деді Президент.
«Әр қиындықтың қайыры бар» – Қ.Тоқаев су тасқынының салдары туралы
«Әр қиындықтың қайыры бар» дейді халқымыз. Мемлекет басшысы көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралатынын айтты. Оның айтуынша, табиғи апат кезінде ел бірлігі нығая түскенін айтты.
«Тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді», – деді Қ. Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев тасқыннан кейін ауылдар мүлде жаңа келбетке ие болатынын айтты
«Елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен, мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының пленарлық отырысы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтеретінін хабарлады.
«Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы, әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басады», – деді Қ.Тоқаев.
25 сәуір 2024 ж. 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 350

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 431

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930