Бүлдіршіндерді би өнеріне баулыған жан
Жалпы қай саланы болсын білікті маман дөңгелетпесе өрге емес керіге кетері сөзсіз. Себебі көзсіз ерлік жасай беретін жабайы орманда емес, алға қарай қарыштап дамып келе жатқан мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ал сондай ізденімпаздығымен алға ілгерілеп жүрген жанның бірі – Айгерім Жанғабылова. Ол бүгінде кентіміздегі №3 «Ертөстік» балалар бақшасында хореограф болып еңбек етіп келеді.
Білікті де білімді маманның түп тамыры мектеп қабырғасында қаланады. Кейіпкеріміз де Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті үздік бітірген. Оның өнерге деген қызығушылығы бала жастан басталса керек. Себебі мектепте оқи жүріп қосымша Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінде баян үйірмесі бойынша Зина Рысбаевадан сабақ алады. Ал 2012 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түседі. Онда Халық аспаптар бөлімі, баян мамандығында Әсия Боранғұловадан тәлім алады. Одан кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда жоғары университетінде музыкалық білім бөлімін бітіріп шығады.
Адам баласы бұл өмірге келген соң өмірде қателеспей таңдауы керек жолдар бар. Бірі – өмірлік аяулы жары, ал екінші жолының бірі – мамандық таңдау. Бұл жолда кейіпкеріміз жаңылмапты. Айгерім Бақтыбекқызының еңбек жолы 2015 жылы №3 «Ертөстік» бөбекжай-бақшасында музыкант болумен басталады. 5 жылға жуық бүлдіршіндерге әуезді әннен сабақ береді. Шығармашылық өмір жолы уақыт өте келе би өнеріне қарай ойысады. Өзі еңбек ететін сала жайында кейіпкеріміз былайша жеткізеді.
Би өнері – тілсіз өнер, оның айтар өзіндік мағынасы бар. Мәселен, кей адамдар шаршы топ алдында мүдірмей, еркін сөйлей алса, бәзбіреулер осы тұсқа келгенде күмілжіп қалады. Бірақ бұл адамның бойында өнер жоқ дей алмаймыз. Ол өзінің ішкі сырын жазумен, қолөнермен, музыкамен, бимен жеткізе алады. Жүректегі, ойдағы жазуды би тілімен жеткізу, халықты бұған сендіре алатын жандар да жетерлік. Осы жағынан келгенде, қолдың, саусақтың, буынның, дененің әр қимылы – сөз. Ал осы өнерге баланы ерте жастан баулыған жөн. Осы орайда балалардың шығармашылық дағдысын қалыптастырып, өнерге баулып келемін. Би – балаларды тәрбиелеу мен дамытудың тамаша құралы. Ол рухани әлемді жалпылайды, баланың жеке тұлға ретінде ашылуына көмектеседі. Қозғалыс, музыка және ойынның үйлесімділігі жағымды көңіл күй тудырады. Сондай-ақ би әсемдікке, әдемілікке тәрбиелейді, – дейді ол.
Айгерім қазірде балабақшада «Шұғыла» би үйірмесін жүргізеді. Үйірмедегі бүлдіршіндердің де дайындығы жақсы. Өнер әлеміндегі қадамын нықтап басатын маманның шәкірттері қазіргі уақытта сахна төрінде топ жарып жүр. Мұны соңғы уақытта жиі байқап жүрміз. Соның арқасында көптеген байқауға қатысып жүлделі орын алып жүр. Жақында ғана «Өнеріміз саған – Қазақстан» республикалық байқауының аудандық кезеңі бойынша І орынды қанжығасына байлапты. Білікті маман әрдайым ізденісте жүреді. Соның негізінде Қызылорда облыстық оқу орталығы ұйымдастыруымен «Күннің екінші жартысында балалармен жүргізілетін инновациялық жұмыс түрлері» тақырыбында өткізілген әдістемелік вебинарында өз іс-тәжірбиесімен бөлісіп, орталық директоры С.Асқаровтың сертификатын алған. Еселі еңбегінің жемісі ретінде Қызылода облысының білім басқармасынан, аудан әкімі, аудандық білім бөлімі, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Біз биді бишілердің әдемі қимылына ғана қарап бағалап жатамыз. Ал әр қимылдың астарындағы мағынасына, оның әрқайсысының қолданылу мақсатының бөлек екенін, топпен билегендегі үйлесімдікті ұйқастыра білуді елей бермейді екенбіз. Оның бәрі үлкен еңбекпен, көп дайындықпен, тәжірибемен көрермен назарына ұсынылатынын білікті бишімен әңгімелескенде түсіндік.
Балабақша ұжымы да Айгерім секілді жалынды жаспен бірге жұмыс істейтініне қуанышты. Осындай тәрбиесі жоғары, сапалы білімі бар маман әрқашан елдің мерейін көтере беретіні сөзсіз. Болашақта осындай ел абыройын асқақтататын, жас ұрпақты әсем өнерге баулитын жандардың қатары көп болса, ел келешегі кемелдене түспек.
«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеді» дейміз. Айгерім жұмысында білікті маман болса, шаңырағында аяулы келін, ардақты ана. Жолдасы Бексұлтанмен бірге ұл-қыз өсіріп отырған көпбалалы жанұя.
Ақнұр САҒЫНТАЙ