ЖАС ҚАРИЛАР ЖАРЫСЫ
Рамазан айының да аяқталуына санаулы күндер қалды. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдар орындауға тырысады. Сондай-ақ Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің Құран оқу арқылы қайта тазарып, кемелденуі үшін Жаратқанның пендесіне берген нығметі.
Жақында Ақай ауылдық «Мүсірәлі Сопы Азиз» мешітінің ұйымдастыруымен «Рамазан – Құран түскен ай» атты аудандық мешіт шәкірттері арасында жарты пара Құранды жатқа айтудан жарыс өткен-ді. Оған аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Рахат Қожанов қазылық етті. Жарыс барысында әр қатысушыға әділқазылар тарапынан бес сұрақ қойылып, Құранды жаттауы мен тәджуид ережесі назарға алынып, ұпай саны есептелді.
Нәтижесінде І орынды Дамир Сағидолла жеңіп алса, ІІ орынды аудандық «Қармақшы ата» мешітінің 6 жасар шәкірті Әли Алланазаров иеленді. Ал ІІІ орынмен Ермек Бердібаев марапатталды. Қалған қатысушыларға арнайы сертификат пен қосымша ақшалай сыйлық табысталды.
Ардақты пайғамбарымыз өз хадисінде «Сендердің жақсыларың – Құранды үйреніп және оны өзгеге үйреткендерің» дейді. Бүгінде осы хадиске сай амал етіп, Құран сүрелерін жаттауға ниет білдіріп жүрген жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Қасиетті кітаптың асыл сөздерін жаттап, мағынасына терең бойлаған бала жағымсыз әдеттен бойын аулақ ұстап, тұла бойы ізгілік пен адамгершілікке тұнары сөзсіз.
«Қармақшы ата» мешітінің ең жас шәкірті Әли Алланазаров былтырдан бастап мешіттің дін қызметкері Ернұр Болатұлынан араб тілінен сабақ алып, Құранға түскен. Ұстаздың айтуынша, шәкіртінің талабы таудай, білімге деген қызығушылығы жоғары.
– Қазақ «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылған игі іс-шарада шәкіртімнің орын алуы ең алдымен мен үшін үлкен қуаныш деп айтқым келеді. Әли мешітке дәріс алуға алғаш қадам басқанда-ақ оның Құранға деген ынтасы байқалды. Күнделікті сабақтан қалмауының арқасында бүгінде отыз бір сүре жаттап алды. Енді Құранды толық жаттап алуға бір пара алты сүре қалды. Бұйырса, білім беруімді тоқтатпасам алдағы уақытта Әлиді қари етіп шығарамын деген ниетім бар, – дейді ұстазы.
Әли Умидбекұлы аудандағы Ә.Егізбаев атындағы No121 білім ордасында мектепалды даярлықта білім алуда. Үйінің кенжесі. Анасы Сандуғаш та ұлының білімге деген құштарлығы ерте басталғанын жасырмады. Ол әліппені тез жаттап, жүзге дейін санай алған. Қазір орыс тілі мен ағылшын әріптерінің басын құрап оқыса, енді араб тілін де қоса меңгеріп жүр дейді.
– Былтыр екінші ұлым Асадбек мешітте дәріс алып бастаған. Ағасына еріп Әлидің де Құранға қызығушылығы оянды. Үйде күнде дастарқан басында Құран оқу Әли үшін дағдыға айналған. Біз ұмытып кетсек, өзі «Бүгін оқымадым ғой, Құран оқиын» деп айтып отырады. Екі ұлыма ұстаздық еткен Ернұр ағайына айтар алғысым шексіз, – дейді анасы Сандуғаш Бөрібаева.
Ерсін СӘДУҰЛЫ