Апостиль мөртаңбасын қою
Апостиль мөртаңбасын қою жеңілдетілген заңдастыру немесе «апостильдеу» деп аталады.
Апостиль – бір құжатқа қол қойған лауазымды тұлғанын қолын, оны растайтын мөр мен мөртаңбаны куәландыратын арнайы мөртаңба.
Апостиль – шетелге шығатын құжаттардың басқа елдерде түпқұжат екенін және құжатқа қол қойған адамның кім екендігін және тиісті жағдайда бұл құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын куәландырады. Апостиль деген ұғыммен шетелдерге уақытша немесе тұрақты мекен – жайын ауыстыратын азаматтар құжаттарын рәсімдеген кезде міндетті түрде жолығады.
Апостиль қоюшы адамдар – апостиль қою жөніндегі функциялар орындауға уәкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары.
Апостильге қойылған қол мен мөр ешқандай растауды қажет етпейді. 1999 жылы 30 желтоқсанда ҚР Гаагада 1961 жылғы 5 қазанда жасалған Шетелдік ресми құжаттарға заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қосылды.
Бүгінгі күнге Гаага Конвенциясына әлемнің 138 мемлекеті кіріп отыр. Осы Конвенцияға кірген уағдаласушы мемлекеттердің бірінің аумағында жасалған апостиль басқа да уағдаласушы мемлекеттердің аумағында ұсынылуы тиіс ресми құжаттарға қолданылады.
Апостиль қоюға құжаттардың түпнұсқалары қабылданады. Көп жағдайда жеке тұлғалар білім орындарынан алған құжаттарын апостильдеуге электронды түрде жолдап жатады. Электронды түрде жолданғанмен, міндетті түрде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімдеріне оқу орындарынан алған құжаттарының түпнұсқасын ұсыну қажет.
Конвенцияға сәйкес апостиль құжаттың өзінде немесе құжатпен қоса берілетін жекелеген парақта қойылады.
Е.Мәтжанов,
Қармақшы аудандық сотының
сот әкімшісінің басшысы