«Ұлттық қор – балаларға». Жинақты кәдеге жаратудың жолы қандай?
Биылғы ақпан айында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылы 18 жасқа толған азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) нысаналы жинақтау шотына (НЖШ) алғашқы төлемдер түсе бастады. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын Қазақстан азаматы болып есептелетін 18 жасқа дейінгі барлық балаға үлестіріліп отырады.
НЖШ-дағы қаражат тұрғын үй жағдайын жақсартуға және БЖЗҚ-мен тиісті келісімдер жасасқан уәкілетті операторлар арқылы білім алуға ақы төлеуге арналған. НЖШ-ға аударылғаннан кейін қаражат доллармен сақталады. 2024 жылы кәмелеттік жасқа толғаннан кейін нысаналы жинақтарды алушылар өздерінің нысаналы жинақтарын көрсетілген мақсаттарға пайдалану құқығына ие болады.
Бағдарлама іске асырыла бастаған алғашқы айда – 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы 42 078,34 долларды құрайтын 422 өтініш орындалды (БЖЗҚ уәкілетті операторға өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін аударды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 16 016,04 долларға 162 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 26 062,30 долларға 260 өтініш орындалды.
БЖЗҚ таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануды таңдағандар арасында ең белсенді болған – Шымкент қаласының тұрғындары (2 108,84 долларға 21 өтініш орындалды). Екінші орында – Алматы қаласының тұрғындары (1 707,28 долларға 17 өтініш орындалды). Үшінші орында – Абай облысының тұрғындары (1 406,24 долларға 14 өтініш орындалды).
Бұл ретте одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақ салымындағы ақшасын толықтыру мақсатында 13 105,12 долларға 133 өтініш орындалған. Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу) – 1 105,20 доллар, үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын алу бойынша 602,08 доллар мөлшерінде бастапқы жарна енгізілді.
Сонымен бірге қаражатты білім беру ақысын төлеу үшін пайдалану бойынша да көш басына Шымкент тұрғындары шықты. Олардың жалпы 5 422,86 доллар сомасына 54 өтініші орындалған. Екінші орында – Жетісу облысының тұрғындары (3 111,96 долларға 31 өтініш орындалды). Үшінші орында – Алматы қаласының тұрғындары (2 709,88 долларға 27 өтініш орындалды).
«Осы бағыт бойынша ең танымал қосалқы мақсаттардың ішінде Қазақстан аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтерін үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бүкіл оқу мерзімі үшін бір мезгілде толық көлемде ақы төлемін жасауды ерекше атап өтуге болады. Бұл ретте 21 240,98 долларға 212 өтініш орындалды. Танымалдығы бойынша екінші орында – білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру (2 813 долларға 28 өтініш орындалды). Үшінші орында – шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтерін үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бүкіл оқу мерзімі үшін бір мезгілде толық көлемде ақы төлеу (1 104,68 долларға 11 өтініш орындалды)», деп ақпарат береді зейнетақы қоры.
Еске сала кетейік, бұл тек алғашқы есептелген қаражат. Жыл сайын Ұлттық қордың өсуі және инвестициялық табыс алу есебінен оның мөлшері ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық табыс әкеледі.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала (2006 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 31 желтоқсаны аралығында өмірге келген балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олардың барлығына 100 доллар 52 цент мөлшерінде бірдей мақсатты талаптар сомасы есептелгені белгілі.
Баланың нысаналы талаптарға қатысушылар тізіміне қосылғаны туралы ақпаратты ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер kids.enpf.kz сайты арқылы баланың ЖСН нөмірі бойынша тексере алады. Мұнда сонымен бірге бағдарлама шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулық алып, қызықтырған сауалдарға жауап табу мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ әр балаға есептелген қаражат туралы деректерді ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинетіне кіріп, тексере алады.
18 жасқа 2024 жылы толатын азаматтар нысаналы жинақтау шотына түскен қаржысын БЖЗҚ-ның интернет ресурсындағы жеке кабинеті және «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өз беттерінше тексере алады. Балалардың жасы және республика өңірлері бөлінісі бойынша жасалған есептеулерге қатысты статистикалық есептер БЖЗҚ ресми сайтында орналастырылған.
egemen.kz