Сырдария өзеніндегі су деңгейі бақылауда
Бүгінде Сырдария өзеніндегі судың деңгейі тұрақты. Су тасқынынан қауіп жоқ. Өзен тиісті арнасымен ағуда. Десе де, сала мамандары өз істеріне салғырттық танытпай, жағдайдың жіті бақылауда екенін жеткізді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында салаға жауапты мамандар БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, Сырдария өзеніндегі су деңгейі туралы мәлімдеді.
– Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында 2023 жылдың 1 қазаны мен 2024 жылдың 1 сәуір аралығында Шардара су қоймасына 11,1 млрд метр куб су түсетіні болжанған еді. Оның ішінде 6 наурызға дейін 9,55 млрд метр куб су түседі деп күтілді. Алайда, қазіргі таңда тиісті орынға 8,13 млрд метр куб су түскені анықталды. Бүгінде Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде 5,5 млрд метр куб су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 млрд метр куб суға кем. Айта кетейік, өңірде суармалы жерлерде ұзындығы 15 мың шақырымды құрайтын суару жүйелері бар, - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мәріп Акбар.
– Жалпы, Сырдарияның жоғарғы ағысында 4 су қоймасы бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 26,650 млрд болып табылады. Бүгінде соның 47 пайызы суға толтырылған. Қазіргі таңда Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларындағы жинақталған судың жалпы көлемі 12,34 млрд текше метрді құрап отыр. Ал, Шардара су қоймасындағы су көлемі 4 669 млн метр куб. Қоймаға секундына 1 216,8 метр куб су түсіп жатыр. Бүгінде су тасқынынан қауіп төніп тұрған жоқ. Су Сырдария өзенінің негізгі арнасымен ағуда. Деңгейі төмен. Қорғаныс бөгетіне дейін су жайылған жоқ. Олардың биіктігі 2,5-3 метрді құрайды. Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдармен Сырдария өзеніндегі су шаруашылық жағдайына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілде, - деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.
– Қызылорда облысы аумағынан ағып өтетін Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 1 274 шақырымды құрайды. Өзеннің Жалағаш және Қармақшы аудандарының шекарасынан Арал ауданына дейінгі 547 шақырымында ауа райының жылынуынан кей жерлерде мұз еріп, күр жүруде. Ал, қалған 727 шақырым мұздан ашылған. Қазалы және Арал ауданы аумағындағы мұздың орташа қалыңдығы 20-30 см-ді құраса, Қармақшы ауданы аумағында 5-20 см болып отыр. Қызылорда облысы бойынша 2024 жылдың қыс пен көктемінде Сырдария өзенінде туындайтын су тасқынының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен филиал тараптарынан бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Су тасқынынан туындайтын төтенше жағдайдын алдын алу мақсатында тиісті инертті материалдардың қоры әзірленіп, арнайы техникалар дайындалуда, - деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.
– Облыс аумағындағы Сырдария өзенінде барлығы 625,12 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеті бар. Қазіргі таңда Қармақшы ауданының шекара тұсында сең жүруде. Ал, Жаңақорған, Шиелі, Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Сырдария аудандары мұздан толықтай тазартылды. Егер өзен арнасынан тасыған жағдайда қауіптің алдын алып, оны жою мақсатында 116 мекеме, 364 бірлік техника мен мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған. Су басу қаупі бар аумақтардағы барлық тұрғындар мен шаруақожалық иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Жасұлан Түйменов.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі