РАМАЗАН АЙЫНЫҢ артықшылығы мен сипаты
Міне, санаулы күндерден кейін менмұндалап қасиетті Рамазан айы кіргелі тұр. Барлық мұсылман тазару айына келгеніне қуанып, құлшылықтарын еселеуге асығуда. Себебі бұл айдың басқа айдан артықшылығы мен сауабы көп.
Жалпы қасиетті рамазан айының өзге айлардан артықшылығы – ең алдымен Құран түсірілген ай және барлық мұсылмандарға ораза ұстау парыз етілгенімен ерекше. Ұлы Жаратушы қасиетті Құранның мына бір аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, онда адамдарға тура жол және (ақ пен қараны) ажырататын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім айды (рамазан айын) көрсе, оразасын ұстасын» деген («Бақара» сүресі, 185-аят).
Әсілі төрінде ақ матаға оралып, Құраны ілініп тұрмайтын исі мұсылман жоқтың қасы. Осы тұрғыда рамазан айының қасиетті болуы Құран Кәрімнің түсуімен болды. Сол сияқты Алла елшісі де Құранды жеткізумен зор құрметке ие. Осы айда түндердің төресі Қадір түні де Құран түсірілгені себепті қадірлі болды. Бұл айда мұсылман барынша Құранға жақын болуы тиіс. Алдағы оразада аудандық мешіттердің бірінде тарауих намазында Құранды толық хатым ету жоспарланып отыр.
Ұлы Алла пенделеріне ораза ұстауды парыз етті. Бұл айда жәннаттың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады. Балиғатқа толып, денсаулығы жараған, сапарда емес ер кісіге ораза ұстау міндет болып табылады. Ал әйелдерге қатысты оразаға келсек, аяғы ауыр болса шамасына қарай ұстауға рұқсат. Хайз және нифастан таза емес әйел ораза ұстамайды, кейін рамазаннан соң қазасын өтейді. Басқа осы санатта емес адамдар рамазанда ораза ұстамаса олардың шариғат заңын білмеуі қияметте жауапкершіліктен құтылуға себеп емес. Сондай-ақ Пайғамбарымыз өз хадисінде: «Кім ғайбат айтып біреуді жамандағанын қоймаса, аш қалып шаршағанынан басқа ештеңе бұйырмайды» дейді.
Осы айда кім намаз бастаса, оразасын ұстаса мейлінше жомарттықпен садақасын үлестірсе сауабын 10 еседен 700 есеге дейін еселеп жазады. Әсіресе 1000 айға татитын Қадір түні салихалы амалдарын көбейткен кісінің сауаптары шексіз болмақ.
Хадисте рамазан айының алғашқы он күні мейірім болса, екінші он күні кешірім, ал соңғы он күні тозақтан құтылу күні дейді. Сол үшін барынша күнә кемшілікке тәубе жасап, екінші қайталамайтындай тұла бойымызды мүмкіндігімізше тазалыққа үйретуіміз керек.
Рамазан айында адам баласы сабырлығымен сыналады. Күннің ыстығында шөлге, жұмыста әлсіздіктен шаршауға шыдаған, онымен қоса біреу дауға шақырса «Мен оразамын» деп даудан бас тартқан адам және қызқырқыннан нәпсісін тыйған пендеге осы сабырлығы үшін Алла тағала сауабын өзі даярлап қояды екен.
Ораза ұстай алмаса да ораза ұстаған адамның ауызашары мен сәресін дайындап беру ораза ұстағандай сауапқа кенеледі. Қазір жыл сайын ораза айында әр сала мамандары бірігіп, мешітте ауыз бекіткен адамдарға ауызашар беруді әдетке айналдырған. Ауыз аштырудың қаншалықты сауап екенін халық жақсы біледі. Имам Табарани риуаят еткен хадисте Алла елшісі: «Кімде-кім адал табысынан ораза ұстаушы кісіге тамақ және су беріп аузын аштырса, оған періштелер Рамазан бойы жарылқау тілейді, ал Жебірейіл періште ол үшін Қадір түні жарылқау тілейтін болады», яғни ауыз аштырған кісінің Алла күнәларын кешіріп, тозақ отынан құтқарады. Өмірден өткен ата-бабамыздың атынан балалары ауыз аштырып, Құран бағыштау – сауапты іс. Осы ретте Жосалы кентіндегі аудандық «Қармақшы ата» мешітінде ауызашар беру жүйелі түрде жолға қойылған. Ауызашар бергісі келген жан мешіт қызметкеріне хабарласуына болады.
Ескертерлік жайт, рамазан айының күндізгі мерзімінде құдажол садақасы, яғни ас беру сауап әкелмейді. Керісінше мұсылман ауыз бекітіп ассусыннан тыйылып жүргенде, ораза тұтпағаны былай тұрсын, тамақтың иісін шығарып ас тарату, Құдайға қарсы келгенмен тең болмақ. Қасиетті айдың ең ізгі амалы – адамдар отбасы мүшелерінің жан басына шүкірлік ретінде пітір садақасын беруі. Рамазан айында шамасы келетін адамдарға пітір беру уәжіп саналады. Пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде-кім ораза ұстап, бірақ пітір садақасын бермесе, ол кісінің оразасы (сауабы) жер мен көктің арасында ілініп қалар» делінген. Пітірді мешітке беруді әдетке айналдыру керек. Себебі мешітімізде арнайы мұқтаждарды анықтап, кімге қалай берілуі көп жылдан бері бір сарынға түскен. Арнайы мешіт қызметкерлері пітірді орынды жерге жұмсауды үйлестіреді деп айта аламыз.
Ендеше Алла тағала рамазанға аман-есен жеткізіп, тұтқан жанның оразасын қабыл еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Рахат СЕРІКБАЙҰЛЫ,
«Қармақшы ата» мешітінің бас имамы