Алғыс айту – КӨҢІЛ ҚАЛАУЫ
Бүгінде білім мен ғылым барынша дами түсіп, ел экономикасы ілгері басқанымен, адами құндылықтарымыздың өсуі өз дәрежесінде болмай жатқанын жасыра алмаймыз. Адамгершіліктің алтын діңгегі босаңсып, рухани әлемімізді асқақтататын асыл құндылықтарға деген ұмтылысымыз жеткіліксіз болуда. Ата-бабамыз қастерлеген ар-ұят, намыс, әдеп сақтау, жақын жандарды аялау, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге берік болу сынды асыл қасиеттерге жеткілікті мән бермей немқұрайлылық таныту орын алуда.
Мәңгілік деп әспеттейтін мәдениетке, әдебиетіміз бен туған жер тарихына деген қызығушылығымыз көңіл көншітпейді. Ел мүддесімен, заман талабына орайлас адами қалыптан айнымай, өзің үшін де, қоғам үшін де қарекет жасау қажеттігін көпшілік сезініп отыр. Әйтсе де «қоғамдық сананы жаңғырту, рухани әлемді түлету не үшін қажет болды?» деген сауал төңірегінде көп ойлана бермейміз. Қоғамдық сананы жаңғырту ел мүддесін көздеуден, ортақ Отанымыз – Қазақстанды озық елдер қатарына қосу мақсатынан туындап отырғанына тиісті түрде мән бере білуіміз керек. Адам әлеуеті тек білім деңгейімен ғана өлшенбейді, оның адами моральдық келбеті де келісті болуы қажет. Адамгершілік туралы түсінік әрқайсысымызда болғанымен не- гізінен адам бойындағы ізгі қасиеттер жиынтығы, оның нәтижесі адамдармен қарым- қатынаста білінеді. Көру, есту, тыңдау мен ізгілік атаулыны көңілге тоқумен бірте-бірте кемелдене түсетін ой-сана, мінез-құлық, іс- әрекет көрінісі.
Ниет болса, жолға қойылса, рухани адамгершілікке баулу тетіктері аз емес. Сөз басы сәлем, ата-ананы сыйлау, адамзатты сүю, табиғатты аялау, туған жерді қастерлеу, ұлағатты сөзге құлақ түру, тарихи тұлғаларды өнеге ету секілді тәлімдік мәні зор құндылықтар жетерлік. Соның ішінде ұлағатты сөздерді санаға сіңіріп, үлгі-өнегені бойға дарыту, содан сабақ алу маңызды. Ғұлама ғалым әл-Фараби адамгершілікке тәрбиелеудің мәнісін «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады» деп көрсеткен. Сөз басы сәлем болса, сәлемнің әдебі әдемі мінезден. Сәлемдесу – сыйластық белгісі. Адамдардың бір-біріне құрметі сәлемінен байқалып тұрады. Мәдениеттің алғашқы баспалдағы сәлем беруден бастау алған. Ал қазақ халқының мәдениеті қалыптасу барысында сыйластықтың маңызын айшықтай білген. Үлкеннің жасын ардақтап, қай жерде болсын ілтипатын білдіріп, төрін берген. Жастар үлкенге бір қолын беріп амандаспаған, бұл тәрбиесіздік деп сынға түскен. Екі қолын ұсынып, болмаса жүрегіне қолын қойып, тіпті ұзақ уақыт көріспегендер төс қағысып та амандасқан. Ұлтымызда қалыптасқан сәлем берудің тағы бір негізі қарт кісінің өзі көпшілікке, олар тіпті жастар болса да бірінші болып сәлем берген. Бұл қарт адамның өзінің көпті, айналаны, қоғамды сыйлау үлгісі болса керек.
Мемлекеттік тұрғыдан қоғамдық өмірдегі өзгерістер мен жоғарыдағы жағдайдың бәрі зерделенген болуы керек қоғамды ынтымақ- бірлікке, адамдарды ауызбіршілікке топтастыру мақсатын көздеген Алғыс айту күні жарияланды. Қазақстан халқы биыл тоғызыншы жыл қатарынан Алғыс айту күнін атап өтуде. Көктемнің алғашқы күнінде халқымыз бір- біріне алғыс айтып, ең асыл тілектерін арнайды. Алғыс айту – атамекенінен еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың, қасиетті қазақ жері мен қазақ халқының қонақжай қалпына шынайы тағзымының белгісі дейді. Тек солай болып қалмай қазақ ұрпақтарының өткені мен бүгінгісіне айтар алғысы да болуы тиісті деп ойлаймын.
Академик Болат Бопайұлы «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары» мақаласында жаңалық пен жақсылыққа «құтты болсын айту», қаза мен қайғыға «арты қайырлы болсын» деп көңіл айту – қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы, жолаушы келгенде «қош келдіңіз» деп қарсы алса, кеткенде «жолыңыз болсын, аман жетіңіз» деп ақжол айтып шығарып салу салтымызда барын көрсеткен. Сондай-ақ халқымыз «ас – адамның арқауы», «астан ешкім үлкен емес» деп заттық игіліктің адам өміріндегі мәнін дұрыс танып, астың алды-артында жақсы тілек, игі ниеттерін білдіретін болған.
«Дастарқаннан ас кетпесін,
Бастарыңнан бақ кетпесін.
Кетпес ырыс, кең пейіл берсін,
Балаларың көп болсын,
Бақыттары баянды болсын!...» деп келетін қазақтың бата, тілек, алғыстары халықтың үміті мен келешекке сенімін арттыра түседі.
Алғыс сөзі қайдан шықты дейтін болсақ, ежелгі заманда түрік тектес халықтар батаны бата демей, алғыс деп атаған. Алтайлықтар «алғыш», «алкыш», татарлар «алкыш», ұйғырлар «алкиш», тывалықтар «алгыш», «алгыж», якуттар «алғыс» деп атайды екен. Тіл мамандары «Бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі» дейді. Яғни, бата – фатекенің мағынасы: «ақ ниет, алғыс айту, ақ тілек білдіру» деп жазады. Демек батаның оң түрінің бәрі алғысқа жатады. Мысалы үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің ақ дастарқанына, берген дәміне, көрсеткен сый-құрметіне, қайырымдылығы мен жақсылығына, ізгі қызметтері үшін де бата береді. Жалпы «Алғыспен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген мақал бар. Алғыс адамның көңіліне қанат бітіреді, жанына мейірім шуағын құяды, жолы ашылады. Қашанда жақсылықтың, ізгі ниеттің бастаушысы болады, ұрпағына шапағаты тиеді.
Біз жасымыз сексенге жақындаған шақта Алланың бірлігіне, шексіз әлемді жаратқанына, оның құдіреттілігіне сенімдіміз. Кешірімділігінен дәметеміз. Біреулер Аллаға алғыс айтып жатады. Менің ондай құзіреттілігім жоқ қой деп ойлап үлкен ризашылығымды білдіремін, әрқашан тәубе етіп отырамын.
Біздің ата-бабаларымыз осындай сенім арқасында өз ұрпақтарына сан ғасыр бойы отансүйгіштік, құдайшылдық рухта дұрыс тәрбие бере білген. Ертегілер мен аңыздардағы, жырлар мен дастандардағы кейіпкерлер образы – соның дәлелі. Солардың ерлігі, солардың елін сүйгіштігі нәтижесінде бүгінгі біздер егемен елдің азаматтары атанып, әлемде тоғызыншы орын алатын Ұлы Дала атты байтаққа иелік етеміз. Сондықтан да өзімізді Ұлы Жаратушы алдындағы тәуелділікті, ата-баба алдындағы парызды сезінеміз, сансыз алғысымыз шексіз.
Біздің ата-бабаларымыздың (қазақтардың) адамгершілік қасиеттерінің әлемдегі ең үлгілі ұлттардан бірде-бір кем емес екеніне, тіпті асып түсетініне сене отырып, ұлтымызды мақтаныш тұтамыз, тағы да алғысымыз шексіз. «Туған жер – тұғырым» дейді. Аталарымыз осы Сыр бойына орналасып, қоныс тебуі, оны талай көз тіккен қас жауларымыздан қорғап, біздерге, яғни ұрпағына бейбіт өмір орнатып беріп кетуі көңілге үлкен қуаныш орнатады. Бақыттың биігіне жеткізді деп ойлаймын, яғни Ұлы Жібек жолының бойында, тоғыз жолдың торабында жанымызда ерке Сырдың ағып жатуы, теміржол желісі мен тасжол даңғылының өтуі, жаз жайлау болатын Қарақұм мен Қызылқұмның, Нұраның, қыс қыстауға Сыр бойы алабының болуы біздерге аталарымыздан қалған зор мұра, баға жетпес байлық. Кешегі қыста еліміздің батысы мен шығысында, сотүстігінде алапат боранды, бір-бірімен байланыса алмай қалған елді мекендерді, тіпті бірінің үйіне бірі жете алмай қалған тұрғындарды, омбы қар астына көміліп қалған төрт түліктің төресі – жылқыны көріп жүрек сыздап, жан ауырды. Олардың көрген қиыншылықтары мен жан азаптарын елестетудің өзі қиын. Алда қасат қар ерігенде елге, малға төнетін су қаупі тағы бар. Міне, осыларды көре отырып, ойға салып зерделей келе өзіміздің өңірге қоныс тепкен ата-бабаларымызға мың алғыс айта отырып, жатқан жері жайлы, иманы жолдас, жаны жәннатта болсын, рухы ұрпақтарын қолдап, қорғап жүрсе деймін.
Сондай-ақ, аймағымыздың бірлігі мен ынтымағын қалыптастырған данагөй қарттарға, экономикамыздың өсуі мен әлеуметтік жағдайдың жасалуына атсалысқан, қамтамасыз еткен басшылықта болған азаматтарға да үлкен алғыс. Әлеуметтік нысандарымыз жаңарып салынуда, барлық елді мекенде де ауызсуымыз, электр жарығымыз қамтылған, баратын жолымыз асфальттанған. Газ жүйесінің игілігін көре бастадық. Осы елде, осы жерде өмір сүріп, өсіп-өркендеп жатқанымызға мың да бір шүкіршілік етеміз. Қазақта «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген де бар. Алғысқа қарама-қарсы ұғым қарғыс деген бар. Базбіреу кісіге қиянат, зорлық- зомбылық жасаса, адамды жазым етсе, өлтірсе, ұрлық қылса, жазықсыз ғайбаттаса, біреудің арына тисе, негізсіз қаржысын алып, дүние- мүлкін иеленсе, опасыздық істесе, өтірік айтып отбасына ылаң салса, жалпы теріс қылық, мінез көрсетсе қарғыс алатын болған. Алған алғыс та, естіген қарғыс та тегін кетпейді деп есептелген. Рас сөз. Өмірінде алғысты көп алған жанның нұры тасып, қарғыс тиген жанның құты қашатыны рас. Алғыс та, қарғыс та берушіге байланысты төрт, жеті атаға дейін тұқым қуалайды екен.
Озық ғылым иелері алғыс пен қарғыстың адамға әсер ету мүмкіндігін зерттегенде мынадай қорытындыға келіпті. Алғыс адамның сыртқы аурасын қалыңдатып, қауіп-қатерден қорғайды. Қарғыс аураны әр жерден жарақаттап, тесіп кетеді де ол адамға ауру-сырқау, тіл-көз, жамандық үйір келеді, яғни, сыртқы қорғаныш қабатынан айырылып қалады. Бұрындары қарғыстың күшін әулиелерге оқытып та қайтаратын болған. Демек, ағайын жамандықтан бойымызды да, ойымызды да аулақ ұстайық. Ұрпағымызға үлгі-өнеге болып, олардың келешегін биіктетейік. Ағайын-туыс, ел, халық арасындағы ынтымақ, бірлікті сақтап, артымызда жақсы із, ел есінде сақталатын іс қалсын.
Жақсы (алғыс алған) әке баласына 40 жыл азық дейді. Жамандық серіппе сияқты қайтып өзіне келеді, өзіне болмаса келешек ұрпағына келеді.
Енді өзіме келетін болсам, әке-шешем жүрегінде Құдайы, ары мен жаны таза, адам баласына қиянат жасамаған, ортақ іске, қоғамға берілген, қарапайым еңбекпен өсіп-жетілген кісілер болды. Ауыл халқы, жалпы қарым-қатынас жасаған барлық адам құрмет тұтты, сыйлады, алдарынан кесіп өтпеді, арттарынан бір жаман сөз ермеді. Сондай Алланы барынша жүрегімен ұққанын, ақтығын сыйлап әкемді жұрт Сопы атады. Бізді өсірді, тәрбиеледі, еңбекке, білімге, арды ойлауға, көркем мінезді болуға үйретті. Ата-анаға алғысымыз шексіз. Бізде ата-ана үмітін ақтауға, айнала ортамызға, жалпы қауымға қамқор жүрекпен, ықылас пейілмен жарқын өмір сүруді мақсат тұттық. Барлық өмір сүру кезеңінде тәрбие берген, білім берген, өмірдің ыстық-суығын сезіндірген, тәжірибе мен қамқорлық қолын созған жалпы бірге еселі еңбек еткен, қоғамдық жұмыстарды да қоян-қолтық бірлесе атқарған жақсы ниеттегі парасатты айнала қауымға алғысым, ризашылығым шексіз. Ата-ананың бақыты – баласы. Мен де өмірге келтірген, тәрбие берген балаларым мен немерелерімді көріп, оларды тәрбиелілігіне, ақыл-парасатына, адами қасиеттеріне, жеткен биік жетістіктеріне, бізге әйеліммен екеумізге көрсеткен қамқорлықтарына, сый-құрметтеріне риза болып, алғысымды айтып, рахаттанып шаттанамын.
Қорыта келе, айтқан тәрбие емес, істеп көрсеткен тәрбие дейді. Істеген ісіміз бен айтқан сөзіміз бір болғай. Қазақ халқы ежелден сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған, ұрпағына ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле деп міндет жүктеген. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, қазақ елінде бейбіт өмір мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде, экономикалық, әлеуметтік жағынан жан-жақты дамытып дүние жүзінде Қазақстанның өз орнын ойып алуда салиқалы саясат ұстанып, тынымсыз еңбек пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас болып елді өркендетуге жұмыс жасап жатқан барша қазақстандықтарға алғыс айта отырып, бірлік пен ынтымақта бейбіт өмір сүруді Алла нәсіп етсін демекпін!
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы