Уақыт белдеуінің өзгеруі: қазақстандықтар сағат тілін өзгертуге тиіс пе
29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне өтеді. Қазақстандықтар смартфондардағы жергілікті сағатын қолмен ауыстыруға тиіс пе? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалына оқыңыз.
Көктемнің алғашқы күні мегаполистер мен бірқатар облыс тұрғындарына механикалық сағаттар мен интернет ұстамайтын құрылғыларда жергілікті уақытын өз қолымен бір сағатқа артқа шегеруге тура келеді. "Біз бұл мәселені нақтылаған едік. Мамандардың айтуынша, гаджеттер мен смартфондарда әрі интернетке қосылған өзге құрылғыларда уақытты қолмен өзгертудің қажеті жоқ.
Ұялы байланыс операторлары интернетке қосылғанының арқасында тиісті уақытты өздері орнатады және гаджеттегі сағат көрсеткіші автоматты түрде ауысады", - деді Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Аталған мәселеге байланысты NUR.KZ поталы еліміздің ұялы байланыс операторларына сауал жолдады. Барлық дереккөз уақыт белдеуі автоматты түрде ауысатынын хабарлады. "Бұл функцияны "Күн мен уақыт" параметрінде тексеріп, түзетуге болады. Операторлардың да жабдықтары автоматты түрде әлемдік стандартқа сай уақытпен синхрондалады. Сондықтан абоненттер уақыт белдеуі бір сағатқа өзгереді деп уайымдаудың қажеті жоқ", - деп жауап берді Beeline Қазақстан өкілдері.
Ең бастысы желі немесе интернет болуы керек, көбіне абоненттерге уақыт көрсеткішін өзгерту үшін артық әрекет етудің қажеті жоқ", - делінген "Кселл" АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
"Мұндай өзгерістердің шығын мөлшері әдетте аз, операторлар бұл қызметті абоненттерге қосымша ақысыз жалпы инфрақұрылымға қосып бере алады", - деді компания.
Сондай-ақ Tele2 операторы желі ядросы, коммутация жүйелері мен биллинг бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып жатқанын айтты.
"Уақыттың өзгеруіне келсек, телефонда оны орнатудың екі жолы бар: аталған жүйедегі жұмыстар аяқталғаннан кейін оператор өзі синхронизация жасайды; азамат өз бетінше сағат тілі мен уақыт белдеуін кез келген уақытқа шегере алады. Екі жағдайда да құрылғыны сөндіріп, қайта қосқан жөн", - деп жауап берді Tele2.
Оған қоса Қуаныш Елікбаевтың сөзіне сенсек, қазір әрбір мемлекеттік орган уақыт белдеуінің ауысуына жүйелі түрде дайындалып, ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Егер уақыт көрсеткішін ауыстыру мәселесінде ақау кетсе, салдары ауыр болуы ықтимал.
"Мысалы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өзіне сеніп тапсырылған салаға (ұялы байланыс операторларының жұмысы, интернет және т.б.) жауап береді. Олар қызметіне еш әсер етпей, жаңа уақыт белдеуін орнату үшін барлық шараны ойластыруы керек.
Бұл ҚТЖ, Теміржол және су көлігі комитетіне де қатысты. Олар билеттерді алдын ала сатқандықтан пойыздар кестесін өзгертуге тиіс. Бұл да олардың жауапкершілігіне кіреді. Ал Азаматтық авиация комитетіне келсек, бұл күрделі мәселе. Әр жарты сағат сайынғы рейстері, түйісу әрі халықаралық рейстер мен транзиттері бар. Бәрін алдын ала есептеп, дайындап қою керек", - деді Қуаныш Елікбаев.