Салық мәдениеті
Жаңа жыл басталғалы бері қара басына жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкерлер мен такси жүргізушілерінің мобильді аударымдардан бас тартуы жұртты әбігерге салып отыр. Қандай да бір қызмет түрімен күнелтіп жүрген отандастарымыз табысын түгел тартып алатындай күй кешіп жатыр. Ал осының бәрі де білмегендіктен, жаңа талапты толық түсінбегендіктен туындап жатқаны аян.
Мәселен, көлігімен кісі таситын адам айына 100 мың теңге тауып, оның жалғыз пайызы – 1 мың теңгесін ғана өз елінің қазынасына құю неге қорқытуға тиіс? Тіпті бір айда адал еңбегіңізбен жарты млн тапсаңыз да, сол табыстың бір пайызын ғана төлеу кәсіпкер үшін түкке тұрмайды. Есесіне салық мәдениеті дамыған елдің еңсесі тіктеледі. Алайда Отанына табысының жалғыз пайызын да қимайтындардың бәрі де дамыған елде, өркениетті, ұрланбаған, жырланбаған қоғамда өмір сүргісі келеді, мемлекеттің әділ, Үкіметтің көмекке мұқтаж, жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік тұрғыда барынша болысқанын талап етеді.
Қарапайым ғана қағиданы түсінбей отырған такси жүргізушілерінің қолма-қол ақшамен есептесуді талап етуге көшуі қаншалықты заңды деген сауалға жауап беру үшін Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаментіне арнайы брифинг өткізуге тура келді. Өйткені жаңа жылдан кейін алматылықтар да такси жүргізушілерінің көпшілігінің төлемді мобильдік аударыммен қабылдаудан бас тартуы кәдімгідей қиындықтар туындатып отыр. Оның үстіне қазір жұрттың бәрі мобильді банктік қосымшалары тұрғанда ақша ұстамайтыны, мейлі дүкендерден бастап, кез келген қызмет түріне көзді ашып-жұмғанша ақша аудара салуға әбден үйреніп қалғанда, жердің астынан жік шыққандай жағдай жұртты банкоматтардың айналасына тізіп қойғанын жоғарыда айттық. Ал керісінше QR төлемдерден бас тартпаған, қаржылық сауаты бар кішігірім кәсіп иелерінің саудасы жүре бастады. Көзі ашық адам клиенттерін жоғалтпаған жағдайда қанша табыс табатынын және оның қандай бөлігін салық ретінде заңды түрде төлеп, қашып-пысып жүйкесін де жұқартпай, жүзі жарық болатынын біледі.
Сонымен брифингте журналистер «егер такси жүргізушілері ақша аударымын қабылдамаса, не істеу керек?» деген сұрақты қойды.
«Егер адам такси қызметін көрсетумен айналысатын болса, онда тиісінше жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс. Бұл адамдар такси агрегаторлары арқылы арнайы қосымшаларда тіркеле алады. Оның өз пайыздары бар. Осылайша, e-Salyq Business немесе Яндекс таксиде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, басқа әлеуметтік төлемдермен бірге ай сайын 1% төлей аласыз. Қазір салық міндеттемелерін орындау жеңілдетілді. Есеп беруді тапсыру да жеңілдетілген. QR-кодтарды орналастыру да қиындық туғызбайды», деді Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева.
Қалай десек те, жұртты әбігерге салып, мобильді төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңға қайшы болғандықтан, Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды әкімшілендіру басқармасының басшысы Нұрлыбек Оспанов: «Бұған дейін де айтылып жүргендей, салық режімдерін қолданудың арнайы түрлері бар. Такси жүргізушілері үшін салық жүктемесінің пайызы небәрі 1% болатын режім өте ыңғайлы. Яғни адам бір ай бойы жолаушы тасып, 100 мың теңге тапса, оның 1 пайыз салығы – 1 000 теңге. Бұған қоса оның әлеуметтік төлемдері бар. Сонымен бұл қосымшаның не артықшылығы бар десек, онда қазірдің өзінде кассалық аппарат орнатылғандықтан, ай сайын осы қызметті сатып алу қажеттілігі жоғалады. Яғни бұл түбіртекті электронды форматта шығарып, оны клиентке жібереді де, такси қызметін көрсетуді жалғастыра береді», деп түсіндірді.
Мамандар қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы Мемлекеттік кіріс органдарына хабарлау қажеттігін де ескертеді. Ал өркениетті қоғамда өмір сүргісі келген әрбір елжанды адам саясатты сөгер, өз мемлекетін ғайбаттар алдында «мен қаншалықты әділеттімін» деген сауалды өзіне қояры анық.
egemen.kz
АЛМАТЫ