» » Бала деп соққан бауырмал жүрек

Бала деп соққан бауырмал жүрек

qarmaqshy-tany.kz ЖУЫРДА АУДАНДЫҚ БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫНДА ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘНҰРАНЫ АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕ СОҒЫС СҰРАПЫЛЫН БАСТАН КЕШІП КЕЛГЕН ҚАЛАМГЕР МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ ӘДЕБИ КЕШ ӨТТІ. БАСТЫ МАҚСАТЫ – КІШКЕНТАЙ ОҚЫРМАНДАРДЫҢ ЖАЗУШЫ ТУРАЛЫ ТАНЫМЫН КЕҢЕЙТУ, БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ШЫҒАРМАЛАРЫН, ОЛАРДЫҢ ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫРЫП, ҚАЛАМГЕРДІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНАН МӘЛІМЕТТЕР БЕРУ, ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫРУ, ӨЛЕҢДЕРІН ЖАТҚА АЙТҚЫЗА ОТЫРЫП, МӘНЕРЛЕП ОҚУҒА МАШЫҚТАНДЫРУ.
«Бала деп соққан бауырмал жүрек» атты әдеби кешке А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейдің 5 сыныбы, жетекшісі Әйгерім Саркенова, қалалық кітапхананың меңгерушісі Бағия Сармолдина, кент кітапханасының кітапханашысы Айнұр Сайлыбаева, аудандық орталықтандырылған кітапхананың әдіскері Гүлжамал Жанәділовалар қатысты. Қонақтар алдымен «Бала бағбаны» атты кітап көрмесімен танысты. Одан соң қаламгердің өмірі мен шығармашылығына аралған бейнеролик ұсынылды.
Мұзафар Әлімбаев Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды атырабының Қызылағаш ауылында дүниеге келген. Сегіз жасында әкеден, он үш жасында шешеден айырылды. Әке пайымына кенеле алмады, ана мейіріміне қанбай қалды. Әке мен шеше жақсылықтары жайында өзіндей аз жазған жазушы жоқтай көрінетін. Жетімдік – қиын тағдыр. Бірақ, қаламгер қанша қиындық көрсе де мойымаған. Тағдыр тәлкегіне төзу үшін тек өзіңнің халіңді ғана емес, өзгелер жайын да ойлай білу керек екенін түсінді. Ауыл мектебінен соң педагогикалық училище қабырғасында мұғалімдік бастағанда соғыс өрті лап етті. Он сегіздегі өрім жас өз қалауымен сұранып майданға аттанды. Сегіз жылға жуық уақыт әскер сапынан босай алмай, әдеби талабының, ақындық талантының арқасында ғана Қазақстан өкіметінің шақыртуымен 1948 жылы елге оралады.
Осындай қымқуыт тағдырына қарамастан қаламын тастамаған ақынның бізге қалдырған мұрасы да көп. Осындай мәнді мағынасы бар «Ит қалай дос іздеген?» атты ертегіні кітапхана қызметкерлері қуыршақ театрының қойылымы етіп ұсынды. Бұл ретте кітапханашылардың бесаспап маман екеніне тағы да бір көз жеткіздік. Жас оқырмандар да қойылымды ерекше ықыласпен тамашалады.
Танымдық кеште күмбірлеген күй шырқалды, моншақтаған жыр шумақтары мәнерлеп оқылды, мың бұралған би де болды. Оқырмандардың таным көкжиегін кеңейтуге арналған қаламгердің жұмбақтары да жасырылды. Оқушылар ақынның өмір жолына қатысты мәліметтерді ден қоя тыңдап, жұмбақ жасырылғанда белсене жауап берді. Әдеби кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Гүлжамал Жанәділова қорытындылап, ойын былайша түйіндеді.
– Бүгін біз, өткен ғасырдың сонау қырқыншы жылдары Ертіс жағалауынан арман-қиялы ақ қарлы Алатау жаққа шарқ ұрған, ал бүгінде Алатаудан да асқақ мұзарт шыңдарға қарай қанаты талмастан биіктен-биікке сам­ғаумен келе жатқан мұздыбалақ атақыран ақынымыз Мұзафар Әлімбай әлемі хақында көп мәлімет алдық, тың ақпарларға қанықтық. Халқымыздың елеулі ұлы тұлғаларының бірі, елжұртымыз балалар әдебиетінің классигі атандырған қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған әдеби кеш түрлі форматта, жоғары дәрежеде өтті. Оқырманға да, оқушыға да қызықты болды. Кітапханаларымызға көрік берер сіздер секілді ойлы оқырмандардың қатары арта берсін, – деп белсенді оқырмандарға диплом табыстады.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
29 қараша 2023 ж. 439 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 417

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 493

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930