«Отбасы банк» қалай өзгереді?
Осы күндері «Отбасы банктің» қайта құрылымдалуына байланысты әңгіме көбейді. Бұл негізі алып-қашпа әңгіме емес, жүйелі шешім еді. Мәжіліс мінберінен мұны Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың өзі түсіндірді. Яғни аталған банк енді ұлттық даму институты ретінде қызмет көрсетпек.
Мәжілістің Жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Бүгінде қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй есебіне қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жүзеге асырады. Заң жобасы шеңберінде бұл функцияларды «Отбасы банкке» беру ұсынылған. Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады», дейді министр.
Айтуынша, «Отбасы банк» тиісті лицензиясыз-ақ банктік және басқа да операцияларды жүзеге асыра береді. Бірақ қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау, валюталық реттеу және бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру, ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинау, бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау сияқты қадағалау функциялары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, сондай-ақ Ұлттық банк еншісінде болады.
Шарлапаевтың айтуынша, қаржы ұйымы екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығарылса, демек оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен де шығаруға тура келеді. Яғни ондағы салымдарға мемлекет кепілдік беруге тиіс.
Жаңа тетіктерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардағы бөлек тізімдер (646 мың адам) «Отбасы банкке» өзгеріссіз беріледі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады.
Алайда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Отбасы банктің» екінші деңгейлі банк функциясынан ажырамайтынын айтты. Оның айтуынша, несиелік ұйымның қазіргі міндеттеріне тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж және кезекте тұрған адамдардың тізілімін жүргізу қосылады.
Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту басшысының орынбасары Олжас Қизатов банктің мәртебесін және оның тұрғын үй құрылысы жүйесін дамытудағы рөлін ескере отырып, агенттік оны «өзінің реттеу периметрінде» қалдыруға дайын екенін атап өтті. Шарлапаев айтып өткен банкке қатысты агенттіктің қадағалау және реттеу функцияларының сақталу, сақталмауына қатысты пікір білдірген жоқ.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің айтуынша, енгізілгелі отырған жаңа ережелер реттеуші тарапынан болатын қадағалауға қатысты айтарлықтай өзгеріс алып келмейді. «Агенттік келіскен жағдайда несие ұйымының кепілдендірілген депозит жүйесінде қалуын сақтауға болады», деп жауап берді.
«Отбасы банктің» басшысы Ләззат Ибрагимованың өзі қаржы ұйымы екінші деңгейлі банк болып қала береді дейді.
«Тұрғын үй саясатын реформалау бөлігінде түзетулер қабылданған жағдайда кезекте тұрғандардың тізімі «Отбасы банктің» базасында құрылатын тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығына беріледі. Бұл ретте қаржы құрылымының өзі екінші деңгейлі банктердің міндеттерін сақтай отырып ұлттық даму институты болып қайта құрылады. Банк функциясы кеңейтіледі, бірақ ол банк болып қала береді. Сөйтіп, тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесін жүргізеді. Қазақстандықтар, бұрынғыдай, өз жинақтарына «Отбасы банктен» сыйақы және мемлекет сыйлықақысын ала отырып, депозитке қаражат жинай алады. Мәжіліс депутаттарының талабы бойынша банк, тіпті даму институты бола тұра Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, сонымен бірге Ұлттық банк қадағалауында қалады. Олар қаржы институтына қатысты бақылау-қадағалау құзыретін сақтайды. Демек клиенттердің барлық депозиті мемлекеттің сенімді қорғауында қала береді», дейді Л.Ибрагимова.
Банк басшысы тұрғын үймен қамтамасыз ету орталықтарын құру бойынша да пікір білдірді. Айтуынша, азаматтар белгілі бір санаттарға жататынына қарамастан есепке тұра алады.
«Әр өтінім бойынша отбасының цифрлық портреті қалыптастырылады. Онда кіріс, мүлік, актив бойынша ақпараттар жинақталады. Бұл баспанаға мұқтаж азаматтың отбасылық жағдайы туралы барлық сипаттаманы бір жерде сақтауға мүмкіндік береді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық базаға айналады. Бір терезе қағидасымен жұмыс істейді. Бұл ретте кезекке қатысушылар бойынша мәліметтерді өзектендіру үшін заң жобасында кезекте тұрғандарды тоқсанына кемінде бір рет түгелдеп отыру көзделеді», дейді «Отбасы банк» төрағасы.
Halyk Finance аналитикалық орталығының сарапшысы Мәдина Қабжалялованың айтуынша, «Отбасы банк» кез келген жекеменшік банк секілді реттелуге тиіс.
«Отбасы банкті» екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару банк секторындағы қаржылық тұрақтылық және әділ бәсеке мәселесіне қатысты үлкен проблемалар туғызады. Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асырудағы «Отбасы банктің» рөлі қаншалықты негізделген деген сұрақтар туындайды.
Қаралып отырған заң жобасы шеңберінде бастапқыда «Отбасы банкің» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен толығымен шығару және оған Қазақстанда ерекше құқықтық мәртебесі бар қаржы даму институтының барлық өкілеттіктерін беру жоспарланды. Мұндай өзгерістердің мақсаты әлеуметтік осал топтар арасында тұрғын үйді әділ бөлуді қамтамасыз ету деп жарияланды, оны іске асыруда негізгі агент «Отбасы банк» болады. Бұл оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеуінен және қадағалауынан толығымен босатар еді. Бұл ретте «Отбасы банкі» депозиттерді қабылдауды, заңды және жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуды және жүргізуді, кассалық операцияларды, банктік қарыз операцияларын, салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беруді және басқа да операцияларды қоса алғанда, стандартты банктік қызметпен айналысуды жалғастырады. Алайда заң жобасы әділетті түрде дау тудырды – мұндай шешімге кейбір депутаттар қарсы болды, олар банкте екінші деңгейдегі банктің барлық белгілері бар және соған сәйкес реттелуі керек деп санайды. Қазіргі уақытта «Отбасы банктің» екінші деңгейлі банктер жүйесінен толық немесе ішінара шығарылатыны белгісіз. Ол әлі де даму институты болып құрылуы мүмкін, бірақ қадағалау мен реттеу бөлігінде ҚНРДА мен ҰБ-ның кейбір өкілеттіктері сақталатын сыңайлы», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай қалыптағы заңның қабылдануы екі бірдей ірі проблемаға әкеліп соқтыруы ықтимал.
«Біріншіден, үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес, қаржылық даму институттары кәдімгі жеке банк ұйымдары секілді толық көлемде реттелуге тиіс. «Отбасы банк» шын мәнінде банк болып қалатын және барлық банктік операцияларды жүзеге асыратын жағдайда реттеуші және қадағалаушы арбитражды құру банктік қызметтер нарығында жосықсыз бәсекелестікке әкелуі мүмкін. Ол сондай-ақ қаржылық тұрақтылық үшін тәуекел тудырады, өйткені «Отбасы банктің» салымшылары – жеке тұлғалары бар, олар қадағалау және реттеуші органдардан банктерге қатысты тиісті бақылау мен стандартты құралдарды талап етеді. Салымшыларының болуы «Отбасы банкті» өзге даму институттарынан (мысалы, «Қазақстан Даму банкі» сияқты) ерекшелеп тұрады.
Екіншіден, «Отбасы банкке» халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді бөлу, есепке қою, есепке алу бойынша өкілеттіктер беру сұрақ тудырады. Өйткені бұл – әлеуметтік мемлекеттік мекемелердің функциясы және кез келген елдің экономикасындағы даму институттарының рөліне ешқандай қатысы жоқ. Сонымен қатар мұндай жағдайда жеңілдетілген несиелеу және басқа да субсидиялар беру және тұрғын үйге мұқтаждардың кезегін бір мезгілде бақылау мүдделер қақтығысын тудырады және сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін арттырады. Жалпы, даму инстиутының басты мақсаты – экономиканың тұрақты өсуі мен әртараптандырылуын қамтамасыз ету үшін нарықтық тетіктермен оңтайлы жүзеге асырыла алмайтын міндеттерді шешу үшін «нарықтық сәтсіздіктерді» жеңу. Алайда «Отбасы банк» нарықтық құннан төмен ставкалар бойынша жеңілдетілген ипотекалық несие берумен айналысады және жиынтық ипотекалық займдардың 60 пайыз үлесін иеленеді. Осылайша, керісінше нарықтық тетіктерді ысырып, ипотекалық несие нарығындағы бәсекелестікті бұрмалайды», дейді сарапшы.
«Отбасы банкі» АҚ-ның орталық филиал директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, депутаттардың табанды қарсылығының арқасында «Отбасы банкі» екінші деңгейлі банк мәртебесінен айырылмайтын болды.
«Өзгеріс – қосымша функцияның беріліп жатқаны. Адамдарды кезекке қою, үйлерді үлестіру сияқты әкімдік атқарып келген жұмыстар енді банк еншісіне берілді. Бұл жерде біз бір терезе қағидасымен жұмыс істейміз. Бұрын кезекке тұрған адам әр инстанцияға барып, өзінің кезекке сәйкес келетінін дәлелдейтін болса, енді бір ғана әрекетпен мұны жүзеге асырады. Тиісінше, «Отбасы банк» мемлекеттік базамен ынтымақтасудың арқасында азаматтың жеңілдетілген баспана алуға сай немесе сай емес екенін анықтайды. Яғни азаматтың табысы, қызметі бәрін банк тексеріп, саралайды. Қазір кезекте тұрған 646 мың азаматтың кезегі жоғалып кетпейді. Олардың бәрі тұрғын үй қатынастары туралы заң негізінде кезекке тұрған адамдар, бәрінің кезектері сақталады», дейді Ж.Матай.
Мәжіліс депутаты, тұрғын үй саласының сарапшысы Дәулет Мұқаев бұған дейін әкімдіктегі кезек жемқорлықтың ордасына айналған еді дейді.
«Азаматты кезекке қою, қоймай, кімді өткізу, өткізбеу әкімдіктің құзыретінде болған. Кейбір аз қамтылған отбасыларда сертификат алу мүмкіндігі болады. Яғни миллион-миллион жарым теңге көлеміндегі бастапқы жарнаны әкімдік сертификат ретінде беретін. Соны алу үшін адамдар өз аймағындағы органдардың есігін тоздырып жүретін. Енді сол үдеріс бір терезе қағидасына бағындырылып, қолайлы түрде іске асқалы жатыр. 640 мыңнан адам қазір кезекте тұр, ол кезекті жаңартқан кезде 400 мыңнан артық адам қалады. Себебі кезектің ішіне өмірден өтіп кеткен адамдар бар, үйі жоқ кезде кезекке тұрып кейін баспаналы болып кеткен адамдар бар, енді соның бәрі реттеліп, цифрланады. Бұдан кейін «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді», дейді депутат.
Ж.Матай енді пайда болғалы жатқан тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының да міндетін түсіндіріп өтті.
«Бұрын заң бойынша 12 категорияның біріне сай келмесеңіз, кезекке тұра алмайсыз, демек мемлекеттен жеңілдетілген шартпен несие ала алмайтын едіңіз. Енді сіз сол орталыққа келіп өтінім берген кезіңізде, сіздің отбасыңыздың цифрлық картасы шығып тұрады. Сол бойынша табысыңыз аз болса, үй алуға мүмкіндігіңіз көп, тиісінше оның пайыздық ставкасы төмен болады. Ал табысы көп болса, онда кезекке өтпейді. Өйткені табысы расымен көп азаматтар мемлекеттік жеңілдетілген шартқа жүгірмеуі керек», дейді банк өкілі.
egemen.kz