» » Түлей бер, туған өлкем!

Түлей бер, туған өлкем!

qarmaqshy-tany.kz Өзіндік тұмса тарихы бар киелі Қармақшы – қазақ өркениетінің алтын ордасы. Иә, өткенді білмей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Бір ғасырға жуық өңіріміздің өткені тағылымды тарих болса, бүгіні әл-ауқаты артқан, сәні мен салтанаты жарасқан, ұлтаралық бірлігі бекем, құт қонған мекен. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, Қармақшы – киелі мекен, Қармақшы – іргелі мекен, Қармақшы – келешегі кемел мекен. Қармақшы елі – қызыр дарыған, өнері өрістеген ел.
Айта кеткен жөн, Қармақшы ауданының 95 жылдығын тойлауға арналған мерекелік іс-шаралар жыл басынан бері өткізіліп келеді. Апта басында бұл мерейтой кең көлемде аталып өтті. Аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған іс-шаралар «Құт қонған қасиетті Қармақшым» атты республикалық ақындар айтысымен шымылдығын түрді.
Қазақтың төл өнерін көруге келген көрерменде шек жоқ. Елдің атқа мінер азаматтары құрметті қонақтар қатарынан орын алды. Шәкәрім ақынша айтсақ «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», бұл айтыста ақындардың ханның баласындай, би аталарындай тік сөйлер адуынын байқадық. От ауызды, орақ тілді ақындар сынға түскен аламан айтысты қазақтың айтыс өнеріне қарымды олжа салып жүрген жерлесіміз, ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жүргізді.
Айтыс аламанына ақын, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Ахмет Нешати атындағы халықаралық әдеби сыйлығының иегері Шаһизада Әбдікәрімов, мәдениет саласының үздігі, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Серік Ыдырысов, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағы Жамбыл аймақтық филиалының төрағасы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият орталығы директорының орынбасары, ақын Ахметжан Өзбеков төрелік етті.
Қармақшы жұртының көптен күткен айтысын аудан әкімі Жандос Еркінбек ақжарма тілегімен ашып берді.
– Тамыры тереңге бойлаған Тұран төріндегі киелі мекен Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Уақыт керуені қанша жылжыса да, әрбір перзент өз топырағын ұмытпайды. 1928 жылы құрылып, ғасыр куәсі болған Қармақшы ауданы Жетіасар мәдениеті мен қасиетті Қорқыт атадан бастау алып, Марал ишан, Ер Сейітпембет әулиелермен, жүз шайыр елі атандырған Балқы Базар, Ешнияз сал, Тұрмағамбет сияқты ақын-жыршыларды тыңдатып, әйгілі Қарақұм мен Қызылқұмды ғарышпен астастырған әйгілі атырап. Бүгінде береке мен бірлікке, еселі еңбек пен елеулі жетістіктерге, толағай табысқа қол жеткізіп, 95 жылдың бедерінде ауданымыз биік тұғырлардан көрінді. Бұл мерейтойдың басты мақсаты – жетістіктерімізді саралап, алдағы мақсаттарымызды бағамдау, – деп Жандос Еркінбек өңірден шыққан тұлғалар туралы айта келе, қазіргі таңда қолға алынып жатқан жүйелі жұмыстарды жеткізіп, ауданымыздың тарихы мен мәдениеті алдағы уақытта да елеулі оқиғалармен, табысты жобалармен, жеңісті жолдармен толығатынына сенім білдірді.
Айтыс өнері заман ағымына ілесіп жасап келе жатқан қазақтың асыл мұрасы екені анық. Мұны аудан мерейтойында ақындар айрықша атап өтті. Жыр жалауын желбіреткен 10 ақын алдын ала тасталған жеребе бойынша тартысты өнер көрсетті. Сахна төріне жайғасқан қос ақынның бір тобы бірінбірі әзілмен қағытса, енді бірі ақиқаттың алмасын жарқылдатып, жиылған халықты бір дүркіретті. Мерейтойға жиналған ақындар ел айта жүрер шырайлы айтыс жасап, керемет сөз өрнегін көрсете білді. Аудан халқына ерекше көңіл-күй сыйлаған айтысқа жиналған көпшіліктің де ақындарға құрметі бөлек болды.
Айтулы шараны қорытындылаған әділқазылар айтыстың жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті. Республикалық ақындар айтысының ІІІ орыны Алматы облысынан келген Айым Асылбекқызы мен жерлесіміз Сырым Әділбековке бұйырса, ІІ орынмен шымкенттік Біржан Байтуов марапатталды. Ал жүлделі І орынды Арқалықтан ат артып келген Айбек Қалиев жеңіп алса, бас жүлдені қызылордалық Нұрмат Мансұр қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға қаржылай сый табысталды.
Берері мол іс-шаралар легі К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде «Қасиетті мекен Қармақшым» атты аймақтық жыршы-жыраулар фестивалімен жалғасты. Оған жыраулық өнердің көшбасшылары, республикаға танымал өнерпаздар қатысты. Жыраулар легін халқымыздың дәстүрлі жыраулық өнерінің майталман шебері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Бидас Рүстембеков Алматыдан арнайы бастап келсе, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Алмас Алматов пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Франция Өнер және әдебиеті орденінің кавалері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, ұстаз Ұлжан Байбосынова Астанадан ат артып келіпті. Сыр сүлейлерінің мұрагері, Қуандық жыраудың ұрпағы қызылордалық Амандық Бүрлібаев, Шамшат Төлепованың төл шәкірті, қазалылық Ақерке Өтепбергенова, Сәрсенбай жыраудың ұрпағы, «Мәдениет саласының үздігі» қызылордалық Майра Сәрсенбаева, республикалық жыр бәйгелерінің жеңімпазы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері қызылордалық Серік Жақсығұлов, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, қармақшылық Айгерім Ешбаева, Сыр сүлейлерінің мұрагер ұрпағы, жыршы Әділхан Қуаңбаевтар жырдан шашу шашып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен баба өнерінің өміршеңдігі мен баға жетпес құндылығына бүгін тағы бір мәрте көз жеткіздік.
95 жылдық дүбірлі той киелі Қорқыт кешенінен орталық алаңға дейін жалғасқан жеңіл атлеттердің марафонына ұласты. Одан соң орталық алаңда елге еңбегі сіңген бірқатар азаматқа «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар ел ардақтыларына «Қармақшы ауданының 95 жылдығына орай» мерекелік төсбелгі тағылды. Ауыл шаруашылығы саласында тынымсыз тер төккен дала еңбеккерлеріне алғыс хат табысталып, сала үздіктері марапатталды. Мерейтой аудан орталығындағы алаңда облыс, аудан өнерпаздарының галаконцертімен түйінделді.
– Қармақшы ауданының 95 жылдығы жоғары деңгейде өтті деп сенімді айта аламын. Таң атқаннан бастап аудан тұрғындары мен қонақтары үшін көңіл көтеретін ғана емес, сонымен қатар танымдық қызықты ісшаралар орын алды. Кентішілік қоғамдық маршруттар да тегін қызмет етті. Ал алыстан арнайы келген жұлдызды қонақтар өздерінің шығармашылығымен тіпті таңғалдырды. Соңғы жылдары ауданымыз көркейіп, жаңа нысандар көптеп салынып жатыр. Көшелеріміз сәнденіп, кентіміз әрленіп келеді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатқаны қуантады. Ауданымыз мәңгі жасай берсін, – дейді аудан тұрғыны Н.Бақытжанов.

Қонағы мен көрерменін тәнті еткен, талай адамды тамсандырған келелі іс-шара осылай қорытындыланды. Бұл күн – аламан айтыстың ақындары бас қосқан, құт қонған қасиетті Қармақшының аспаны баба жырымен әуелеген, жыршылар жақұт жырларымен ел жүрегін тербеткен, өнерпаздар өнерімен сүйсіндірген керемет күн болды. Өнердегі өрісі кең қармақшылықтардың тың әрі танымдық бағдарламаға толы 95 жылдық дүбірлі тойының дүмпуі көпке дейін басылмасы анық. Ел мерейі артып, аудан абыройы асқақтай берсін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 қазан 2023 ж. 410 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (10338)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (10337)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (10336)

07 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 586

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30