» » Серік ағаймен әлемді таны

Серік ағаймен әлемді таны

Бүгінде ұстаздың балаға тек қана бағдарламамен сабақ беруі аздық етеді. Алдындағы шәкіртінің сабаққа деген қызығушылығын ояту үшін шығармашылықпен жұмыс істеу керек. Осындай білікті ұстаздың бірі – Серік Ниязов.

Ол Төретам кентіндегі №80 мектеп-гимназиясында география пәні бойынша ұстаздық етеді. Ұстаздық еңбек өтілі 15 жылды ғана құраса да, жеткен жетістігі біршама. Бұл оның еңбексүйгіштігі мен қызметіне деген адалдығының көрінісі. Серік Ұзақбайұлы өз пәні бойынша сабақ беріп қана қоймай, қоғамдық, ғылыми жұмыстарға да белсенді араласады. Оның әдістемелік құралы мен іс-тәжірибесі республика, облыс, аудан көлемінде таратылған. Түрлі тақырыпты қозғаған 40-тан астам мақаласы мен сабақтары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Өз білімін жетілдіру мақсатында республикадан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі ғылыми-практикалық семинарға қатысқан. Білікті ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының құрмет грамотасын, республикалық деңгейде «Үздік ауыл мұғалімі – 2019» номинациясын иеленген. Онан бөлек, жетістіктер қатарын республикадағы белді жоғары оқу орнының сертификаттары толықтырған. Жаңашыл әрі талапшыл ұстаздың оқушылары да биік белесті бағындырып, топ жарып жүрген озаттар. ҰБТ бойынша оқушылары алтын белгі, үздік аттестат иеленсе, таңдау пәні бойынша толық 40 ұпай жинаған шәкірттері де бар. Сондай-ақ озат мұғалімнің оқушылары республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі түрлі байқау, ғылыми жобаны қорғау, олимпиадаларда жүлдегер атануда.

Биыл білікті мұғалім мемлекеттерді танып-білудің инновациялық бағдарламасын жасап шығарды. Бұл мемлекеттік тілдегі бірден-бір платформа. Ол барлық заманауи талаптарға сәйкес жасалған. Жалпы платформаның аталуының өзі де ерекше. Ол «Әлемді таны. Серік ағаймен бірге оқы» деп аталады. Қазіргі жеке брендті дамыту деген түсінікпен де тура келіп тұр. Осылайша білікті маман ұстаз деген ұғымның ауқымын кеңейтіп, мәртебесін асқақтатуда айрықша еңбек сіңіруде.

– Заман талабы шарықтаған сайын цифрланған білім беру платформалары мен бағдарламаларын талап ету де жоғарылап келеді. Сабақ өтілу барысында білім беруші жаңа сабақ мазмұны ашылатындай көптеген әртүрлі саладағы ақпараттарды пайдалана отырып, ресурстарды жүйелеп әдістемеге қосу қажет. Әрине, бұл көптеген уақыт пен күшті талап етеді, бірақ білім беру саласындағы жетістіктерге жету талабы осы болғандықтан, жаңашылдықпен педагогикалық идеяны  орындау керек. География пәні елтану бөлімі бойынша заман талабына сай елдерді, мемлекет туларын, елтаңбаларын, астаналарын, валюталарын танытатын ресурстарға Settera.com., Страны мира, Флаги всех стран, StudyGe.com, т.б. платформалар жетерлік. Бұл ресурстар қарапайым әдіс-тәсілдерге қарағанда мультимедиалық, қызығушылық білдіретін  білім алушыға тапсырмалар орындау, іздену барысында көмекші құрал бола алады, алайда, қазақ тіліндегі платформалардың болмауы оқушыларға қиындық туғызады. Оқушыларға қолайлылық жасау мақсатында «Әлемді таны, Серік ағаймен бірге оқы» платформасын құрастырып шығардым, – дейді білікті ұстаз.

Мақаланы жазу барысында өзіміз де жаңа платформамен танысып шықтық. Расында да өте қызықты. Алар ақпарат көп-ақ. Қызығына батып, біраз уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Платформаның басты бетіндегі іздеу батырмасы арқылы кез келген елді іздеп, ол туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ «ойындар» батырмасын басып географиялық білімін толықтыру мақсатында жұмыс жасауға болады.

Бұл платформаның басты ерекшелігі кез келген мессенджер арқылы оқушыға жіберіп, оқушы  тіркеусіз-ақ қолдана алады. «Әлемді таны, Серік ағаймен бірге оқы» платформасында оқушы елдердің астаналарын, мемлекеттердің басқару формасын, валюталарын, жер көлемін, халық санын анықтауды онай үйрене алады. Сабақ барысында спринт түрінде платформаны телефоннан, интерактивті тақтадан ашып сайыс ұйымдастырып жіберуге қолайлы. Бұл бағдарлама білім алушыларға визуалды ойлауға, есте сақтау қабілетін арттыра отырып, географиялық нысандардың орналасуын оңай әрі тез табуына көмектеседі. Платформаны пайдаланудың оқушыларға пәндік олимпиадаға, ҰБТ-ға дайындалуға көмегі көп. Қазіргі кезде жаңартылған мазмұндағы Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарына елтану мәліметтері енуде.

Бізге тағы бір ұнаған тұсы – бұл платформа тек оқушылар үшін ғана  емес, халықаралық қатынаста, саяхаттауда, білім ізденуде, іскерлік байланыста алыс-жақын шет елдерге сапар шегушілерге қажет дүние. – Жалпы  платформа қызығушылық танытқандар үшін қолайлы, оны Goоgle Play market жүйесіне орналастырып, бас-аяғы 1 айда 2500-ге жуық адам жүктеп алып жұмыс жасауда. Бұл еліміздегі және шетелдегі қандас бауырларымыздың оқушы балаларына қолжетімді болады деп санаймын. Интерактивті тақтадан пайдаланатын жұмыс нұсқасын шығарып, https://deshti.kz/ALEMTANY/ сабақ барысында пайдалануда. Бұл құралдың көмегімен оқу процессін қолдауға, ойын-сайыс өткізуге, сабақ барысында алған білімдерін  бекіту жұмыстарын құрастыруға, әрбір білім алушының нәтижелерін қадағалауға болады. Мұнда әр білім алушыға автоматты түрде кері байланыс беру жұмыстары орындалады. Жалпы сабақтың табысты болуы оның құрамдас бөліктерінің мазмұнына, сапасына және білім берушінің осы сабақты қандай жаңашылдықпен, қандай ресурстармен «толтыратындығына» байланысты. Заманауи маман қазіргі болмысына, жұмысына, ахуалына, жетістіктеріне қанағаттанбай, оларды үнемі жақсартуға кемелдендіруге ұмтылуы тиіс. Ізденуден, жаңаны үйренуден, заман талабына сай өзіңді дамытудан тоқтамау қажет, – дейді платформа авторы.

Иә, қарап отырсақ, қазір қалтафонсыз тірлігіміз өнбейді. Бар қажетімізге жарап-ақ тұр. Ал оқушыларға қанша тыйым салғанымызбен, олар да оны қолданудан бас тартып жатқан жоқ. Осындайда заман талабына қарай бейімделген де жөн бе дейміз, кейде. Қазақ тіліндегі платформалар көбейсе, оны оқушы емін-еркін тұтынып, білімін арттырып жатса қарсылық білдірмей қолдаған жөн. Ал ондай дүниені ортамызда жүрген білікті ұстаз жасап тұрса нұр үстіне нұр емес пе? Қазақстанда жоқ мұндай платформаны жерлес ұстаздың қолданысқа енгізуі біз үшін зор мақтаныш. Осындай өз ісін шексіз сүйетін, одан тамаша нәтиже көрсететін еңбекққор ұстаздардың қатары көп болса дейміз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
07 қазан 2023 ж. 492 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031