Ауданға жаңа бас имам тағайындалды
Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына жаңадан имам тағайындалды.
Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бірінші наиб имамы Әбенов Жақсыбек Әбиұлын арнайы қабылдап, ауданның бас имамының ауысу тәртібіне байланысты Өміржан Жұмаділұлына алғыс хат табыстап, қызметіне сәттілік тіледі. Аудан басшысы жаңадан тағайындалған бас имаммен бірлесе жұмыс жасайтындығын жеткізді.
Қабылдаудан кейін наиб имам Жақсыбек Әбиұлы ауданның орталық мешітінде жамағатқа ауданның бас имамы Тобжанов Өміржан Жұмаділұлының Қызылорда қаласының орталық "Нұр" мешітінің бірінші наиб имамы қызметіне ауысуына байланысты ауданның жаңа бас имамы Қожанов Рахат Серікбайұлын таныстырды. Білікті маманның білім деңгейін, тәжірибесін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Ауданға тағайындалған бас имам Рахат Серікбайұлы 2015-2019 жылдар аралығында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетін «Исламтану» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, 2019-2021 жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша магистратурада білімін жалғастырған. Еңбек жолын 2019 жылдың мамыр-қазан айларында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, 1 Май ауылы «Мұстафа Шоқай» мешітінде наиб имам қызметінен бастап, 2023 жылдың қаңтарынан Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы қызметтерін абыроймен атқарған.
©️Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі