» » Бизнесте бибілердің бәсі жоғары

Бизнесте бибілердің бәсі жоғары

Біздің бала күнімізде «кәсіпкер» десе көз алдымызға костюм-шалбар киіп, қолына дипломат ұстаған ер адамды елестетуші едік. Заманның ағымы солай болды ма, кәсіптің басым көпшілігі ер-азаматтардың үлесінде еді. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, тәуелсіздік алғалы елу жыл өтпесе де, біршама өзгерістің бары рас. Біріншіден, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көбейді. Екіншіден, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға, көпбалалы аналарға кәсіп ашуына басымдық беріле бастады. Үшіншіден, технология дамыған соң, әйелдердің үй тіршілігіндегі қызметі азайып, бос уақыттары пайда бола бастады. Қарапайым көрінсе де бұл негізгілердің бірі дер едім. Себебі кәсіп жасау үшін уақыт керек. Ал әйел уақытты үй тіршілігінен босағанда ғана таба алады.

Сондай-ақ бұрын біздің қоғамда әйел адам атқа мінсе, оған қатысты «мансап қуған, отбасын құруды ұмытқан» немесе «отағасы ақша таппағасын әйелдің өзі кіріскен болар» деген секілді сыңаржақ пікірлер жиі айтылатын-ды. Ал бүгінгі шындық басқаша. Қазіргі іскер әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен кәсібін жүргізіп, несібесін тауып отыр. Ерімен бірге елге пайдасын тигізіп жүрген нәзіктер көп.
Елдегі қыз-келіншектің бизнеске беттегеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, олар кəсіпкерліктің сан тарабында қолтаңба қалдырып келеді. Мыңдаған ару осы күні кəсіпкерлікті ұршықша иіріп отыр. Шынтуайтында, əйел басқарған біраз бизнестің тасы əжептəуір өрге домалап-ақ тұр. Оны мойындау қажет.

Айталық, аудандағы кәсіпкерлердің 56 пайызы – нәзікжандылардың үлесінде екен. Бұл болса, өңірдегі барлық бизнестің тең жартысының көбі. Тəуір көрсеткіш. Елдегі кəсіпкер əйелдердің үлесі де осы шамалас. Деректер алдағы уақытта əйелдердің экономикаға қосары арта түсетінін де атайды. Бұл туралы Президент те айтқан болатын. «Əйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осыған орай нақты шаралар қолға алынды. Соның арқасында еліміздегі шағын жəне орта бизнес саласында еңбек ететін əйелдердің үлесі артып келеді. Жеке кəсіпкерлердің тең жартысынан көбі өздеріңіз сияқты қыз-келіншектер. Іскер аруларымыздың арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы, əлем əйелдер бизнесінің қарқын алғанын мойындайды. Əйелдердің экономикаға қосар үлесі 2025 жылға қарай əлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 трлн долларын құрауы мүмкін деседі.

Біздің елде де əйелдер кəсіпкерлігін дамыту басты назарда. Бұл орайда тігін  өндірісі, нан, тоқаш және кондитерлік өнімдер, бьюти индустрия саласындағы кәсіпкерлердің көбі – нәзік жандылар. Сондай-ақ қазір кәсіпкерлік бөлімдері бейінді оқытуды да қолға алған. Ол дегеніңіз – келешекте өз кəсібін ашуға алғашқы қадам жасау. Тек əркім өзінің жан қалауына сай кəсіпті адаспай табуы шарт. Сонда ғана бизнесте жолы болады. Жалпы, бизнес деген шахмат ойынындай, бірде жеңіс, бірде жеңілістен тұратыны мəлім. Кəсіпкерлікті қолдаудың түрлі құралдары ісін бастағысы келгенге көп көмек береді. Одан бөлек, әлеуметтік желіде үйренем дегенге кәсіп түрі көп-ақ. Оны тегін де, ақыға да алуға болады. Кәсіпкерлік бөлім мен палата да кәсіп ашқысы келетіндерді қашанда қолдайды. Яғни ерінбеген жанның еңбегінің қайтатыны анық.

– «Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді?» дегендей, қазір кез келген кәсіп түрін дөңгелетуге мүмкіндік мол. Тек қолыңнан іс келетінін дәлелдесеңіз болғаны. Ал бизесті одан әрі дамытамын дегендерге қайтарымсыз гранттар мен пайызы аз несиелер беріледі. Несиенің несібесімен-ақ жеке кәсібін жолға қойған іскер жандар да жетерлік. Бастысы – ниет, сосын – әрекет болса болғаны. Адам жасаған дүниені келесі адамның да жасай алатыны анық. Тек ерінбей, кездескен қиындыққа берілмей, тұрақты түрде жұмысын жалғай беруі керек, – дейді нәзікжанды кәсіпкердің бірі Жақсыгүл Абдуллаева.

Иә, қазір ел арасында «бизнес леди», «бизнес вумен» деген тіркестер бәріне таныс. Кәсібін де гүлдендіріп, бесігін де тербетіп, отбасындағы келіндік міндетін де атқарып жүрген арулар арамызда. Ендеше «жұмыс жоқ» деген сылтаумен құр отыру бүгінгі заманға сай келмейді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, технология қарыштап дамып, мемлекет мүмкіндік беріп тұрғанда бос отырған жарамас. Әйел сүйікті ісімен айналысса, жан-жағына жағымды көңіл-күй сыйлайды. Әйел бақытты болса, бала да, жар да, әлем де бақытты.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

12 қыркүйек 2023 ж. 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031