» » Қызмет пен спортты қатар алып жүремін - әлем чемпионы атанған қызылордалық полицей

Қызмет пен спортты қатар алып жүремін - әлем чемпионы атанған қызылордалық полицей

Фото: Қызылорда облысы ПД баспасөз қызметі
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Шілде айының ортасында Астанада өткен белбеу күресінен әлем чемпионатында қызылордалық полицей Арайлым Оразбай 76 келі салмақта жеңімпаз тұғырынан көрінді. Дүниежүзілік додада ел намысын абыроймен қорғаған ол бәсекеде өзін бабында екенін көрсетті. Облыстық полиция департаментінде қызмет атқаратын Арайлым қашанда спортпен айналысуға тұрақты түрде уақыт бөледі. ҚазАқпарат тілшісі әлем чемпионы атанған полицеймен сұхбаттасқан еді.
- Алдымен өзің жайлы айта кетсең. Қай жерде дүниеге келдің? Спортқа қай жасыңда қадам бастың?
- Мен 2000 жылы Жалағаш кентінде дүниеге келдім. Он екі жасымда дзюдо үйірмесінің есігін ашқан едім. Алғашқыда спорттың бұл түрі маған оңайға соққан жоқ. Десе де оған деген қызығушылық өзіне баурай түсті. Маған дзюдоның әліппесін үйреткен бапкер - Арман Молдаханов. Ол кісі жоғары жетістікке жету үшін үлкен еңбек қажет екенін ұғындырды. Әрбір жаттығу барысында бұрын өзіме беймәлім спорттың қыр-сырына қанықтым. Осылайша дзюдоға бауыр басып, асқақ арман алға қарай жетелей түсті.
- Дзюдомен айналысуыңа ата-анаң қарсы болған жоқ па?
- Әкем Бақыт пен анам Гүлнар менің таңдауыма қарсы болған жоқ. Қайта жетістігіме қуанып, алдағы сайыстарға қолдау көрсетіп отырады. Сондықтан сайысқа аттанар алдында ол кісілердің батасын алуға тырысамын. Бұл маған қанат бітіріп, күш қосқандай болады.
Мен 2013 жылы Жалаңтөс Баһадүр атындағы спорт мектеп-интернатына оқуға түстім. Аймақтағы талантты балалардың басын қосқан оқу орны талай чемпионды тәрбиелеп шығарды. Мектеп-интернатта білікті мамандардан тәлім алып, шеберлігін одан әрі жетілдіре түстім. Көптеген жарыстарға қатысып, толайым табыстарыммен бапкерлерді қуанттым. 2017 жылы спорт-интернатты тәмамдағаннан кейін де бұл саладан алыс кете қойған жоқпын. Бүгінде полиция қызметінде де жүрсем де қолы қалт еткен сәтте спортпен айналысамын.
- Полиция қызметі мен спортты қатар алып жүру қиынға соқпай ма?
- Жалпы, сақшы қызметі қашанда қырағылықты қажет ететіні белгілі ғой. Ендеше, менің спортпен айналысуыма ол ешбір кедергісін келтірмейді деген ойдамын. Әлем чемпионатына барардан бұрын басшылық тарапынан демеу көрсетіліп, жарысқа тыңғылықты дайындалуыма барлық мүмкіндік жасалды. Бұл үшін әріптестеріме ризашылығым шексіз.
Рас, дүбірлі додаға қатысар алдында көңілде қобалжу болғанын жасыра алмаймын. Десе де жарыс барысында жеңіске жетуге бар күшімді салдым. Бозкілемде бес қарсыласыммен шеберлік байқастым. Кейбір белдесуім қиынға соқты. Жартылай финалда ресейлік балуанмен жолықтым. Екеуіміз бұдан бұрын да кездескен едік. 2022 жылы Өзбекстанның Наманган қаласында өткен әлем чемпионатында ол мені жеңіп кеткен еді. Сол кеткен есемді қайтаруға мүмкіндік туды. Белдесу барысында қарсыласымның осал тұсын табуға тырыстым. Нәтижесінде төрешілер менің жеңісіме қолдау көрсетті. Одан 6:2 есебімен басым түстім.
Финалда жолыққан өзбек балуанымен алғаш рет кездестім. Сондықтан қателікке бой алдырмай, сақ болуға көңіл бөлдім. Бұл бәсеке екеуімізге де оңайға соққан жоқ. Жеңіске жақын болдық. Дегенмен қарсыласым жиі тәртіп бұзып, төрешілер тарапынан ескерту алды. Нәтижесінде сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан көріндім.
Мен белбеу күресінен өзге дзюдо және самбомен тұрақты айналысамын. Бала жасынан жанына серік еткен спорт түрлерін әрдайым жаным қалап тұрады.
- Cыр өңірінде дзюдо спортының дамуын қалай бағалайсың?
- Өңірде дзюдо кеңінен дамыған. Оған жергілікті балуандардың жетістіктері нақты дәлел бола алады. Қазір ел құрамасында сынға түсіп жүрген Мағжан Шәмшаддин, Абылайхан Жұбаназар деген қызылордалық жастар бар. Жерлестеріміз түрлі сайыстарда Қазақстан намысын абыроймен қорғап келеді. Олардың алдағы Париж Олимпиадасына қатысуына мүмкіндігі зор.
Жалпы, ел құраамсына қабылдану екінің біріне бұйыра бермейді. Оған көп еңбектеніп, қажыр-қайратыңды жұмсауың тиіс. Мағжан және Абылайхан секілді үздіктеріміз жас өрендерге үлгі бола алады. Жаттығу залына жаңа келген балалар соларға қарап өседі. Ағалары секілді жоғары биіктерді бағындырғанды қалайды. Бұл жергілікті бапкерлердің өлшеусіз еңбегінің жемісі деп білемін.
Сондай-ақ, қызылордалық бапкерлер әйелдер арасындағы дзюдода да талай жұлдызға жол ашты. Олардың қатарында Жамал Бозова, Жанар Жанзұнова, Нұргүл Тағаева секілді спортшылар бар. Кезінде талай бәсекенің көрігін қыздырған саңлақтар қазір өздері шәкірт тәрбиелеп, жергілікті спорттың дамуына зор үлесін қосып келеді.
- Ал Қазақстанда аталған спорттың дамуы қандай деңгейде?
- Айта кетсек, дзюдо спорты алғаш рет Жапонияда пайда болған. Бұл елдің өкілдері әлі күнге дейін көптеген бәсекеде алғашқы орындардан көрініп келеді. Оларға лайықты төтеп беріп, тәжірибелі балуандарды тәрбиелеп шығарған елдердің қатарында Қазақстан да бар. Еліміздің барлық өңірінде бұл бағытта арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Сол бағытта қаншама білікті мамандар жеімісті еңбек етіп келеді. Әрине, жас өрендердің барлығы чемпион тұғырынан көріне алмайды. Дегенмен өзінің өмір жолына дұрыс бағыт ала біледі деген ойдамын. Мен солардың бірімін. Полиция қызметіне келуіме спорттың үлкен көмегі тиді.
- Әңгімеңе рақмет.
inform.kz
13 тамыз 2023 ж. 231 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031