Киелі мекен

qarmaqshy-tany.kz Туған жердің әрбір перзенті кіндік қаны тамған жердің атауына қатысты оның тарихын, мазмұны мен мәнін зерделеп, тағылымын жүрегінің түбіне түйіп жүргені абзал.

Бізден төрт, бес ғасыр бұрын жасап белгілі болған делінетін Қармақшы атауы әркімді, әртүрлі толғандырып келеді. Біреулер бұл атауды аңыз қып айтса, біреулер ақиқатын білуге алаңдайды. Қалайда білсем деген үміт оты көңілдерде суымайды. Сол себептен ауданымыздың шежіресін жинап, оны қажетіне қарай баспасөз арқылы жариялап, болмаса көпшілік жиналған орындарда әңгіме етіп қозғап жүретін аудан азаматтары аз емес. Өмірі ағартушылық-оқытушылық қызметпен өткен, ауданымыздың ақиық ақыны атанған марқұм Қали Шыңғысов ағай: «Қармақшы әулие кісі болған. Бейіті кент ішіндегі сексеуілді қорымда. Биік төртқұлақты намазхананың іргесінде. Басына қойылған белгідегі жазуды бүгінде ешкім оқи алмайды. Ескіше жазу» дейтін.
2001-2004 жылдарға арналған Республикамыздың «Мәдени мұра» бағдарламасына сай зерттеуде бұл айтылған құлпытастардағы ескі жазуларды шығыстанушы ғалым И.Жеменей мен Ә.Дәулетхан оқыды. Құлыптастағы жазулар арқылы татар ұлты өкілдерінің құлыптасы екені анықталды. Б.Сағындықұлының «Әлемнің ғажайып сырлары» атты кітабында: «Мен тоғызыншы класс оқып жүргенде әкеммен еріп Қармақшы атаның бейітіне бардым. Әкем жерге көмген ағаштың басына ақ шүберек байлаған бейіттің басында отырып құран оқыды. Мен көрген бейіт намазхананың күншығыс жағында он шақты қадамдай жерде әбден тозығы жетіп құлап қалудың аз-ақ алдында тұр еді», – дейді.
Ал жергілікті басылым бетіндегі Қармақшы ата туралы жазылған деректерді Т.Жанболғанұлынан, У.Сұңғатовтан, Қ.Жұмағұловтан, А.Суханбердіұлынан кездестіруге болады. Аңыз бен ақиқаты аралас деректерден көретініміз – Қармақшы ата тек дарияға қармақ салып халықты алған балығымен асыраушы ғана емес, әулиелігімен аты қалған тарихи тұлға да боп көрінеді.
Жерімізді ХІХ ғасыр басында өз мақсаттары үшін сырт елдерден кеп зерттеушілер жазбаларынан төмендегіні көреміз.
Қазақ топырағына өркениетті Парижден келген ұлты француз және орыс тіліне жетік ғалым-зерттеуші Иосиф Кастанье (19041910) Сыр бойында болғаны жөнінде бірнеше кітаптар жазған. Оның «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты жинағында: Ташкентке кетіп бара жатқанда фауна, флора түрлерін жинау мақсатымен пойыздан Жосалыға түсіп қалады да, онда төрт күн болады. Осы кітабында: «Қармақшы жеріндегі көптеген молалардың арасынан екі мазар келушілердің назарын баса аударады екен. Соның бірі – Қармақшы қаласының қорғанышы болған әулие Қамақшы ата мәйітінің үстіне қойылған ескерткіш...» сонан соң Қармақшы төңірегіндегі ну қамысты кезінде жолбарыс мекендегендігін, теміржол салына жолбарыстардың Әму мен Сыр аралығындағы құмға қоныс аударғандығына тоқтала кетеді. Мұнда да әулие сөзі Қармақшыға телініп айтылады. Тіпті Қармақшы өңірінде Сейтпенбет әулие, Жәрімбет әулие, Марал баба, Қорқыт ата, Қалжан ахун, Садық ахун, Ораз ахун деп аталатын тіркеспен халық арасына кең жайылған есімдер аз емес. Би-шешендер мен батырлары өз алдына телегей-теңіз әңгіме!
Ал жоғарыдағы есімдер тылсымнан тіл алған, көріпкелдігімен, жарылқап жебеушілігімен, Аллаға жақындығымен халық кие тұтып, қастерлейтін ұғымға айналып кеткен. Аудан көлеміндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты зерттеулердің маңызы орасан, әрқайсысы сен баспаған жердің, сен көрмеген әлемнің есігін ашады. Аудан аумағына орналасқан көлемі жағынан болсын, мазмұны жағынан болсын өте ауқымды ескерткіш – Қорқыт ата ескерткіші.
Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов: Қорқыт – алғаш қобыз тартып, сарын айтуды үйреткен ең бірінші бақсы, ол өнердің басы, – дейді. Ә.Бұрқанқызының «Абыздан қалған асылдар» деп аталатын ғылымизерттеу еңбегінде Қорқытқа «абыз» деп баға береді. Түптеп келгенде, абыздың да, бақсының да атқарар қызметі көк Тәңірісінің тілін жердегілерге жеткізуші дегенге саяды да тұрады. Өзіміздің жерлесіміз жазушы Адам Мекебай «Даланың соңғы жырауымен қоштасқан жыл» деп аталатын эссесінде бүгінгі жырауларымыздың әншілерден сегіз түрлі айырмасын саралап, сараптап береді. «Ең басты ерекшелігі – жыраулар көк Тәңірісімен жердегі пенделердің арасын байланыстырушы елші. Олай дейтініміз, жыраулардың сөзі ғасырлар қойнауынан даналардан әбден екшеліп тазарып барып төгілген жыр маржандары, тыңдаған сайын құмығып жұта бересің» деген ойды тастайды.
Біздің бүгінге жеткен жыраулық өнеріміздің түп негізі абыздықта жатқанына қарап өнер киесі қонған жерде VІ-VІІ ғасырда өмір сүрген (С.Қасқабасовтың дерегінше) Қорқыт атадан бастау алған өнерді ұлықтап ұстауымыз басқалардан бек биік өзгешелігімізді білдірсе керек. «Сыр елі – Жыр елі», «Жүз жыраудың Отаны» деген сөзді естіген әрбір перзенттің көкірегін күй кернеп, жүрегінен жыр төгіліп тұрса бір ғанибет емес пе?!
Жыраулық өнердің негізін түптеп оқыған адам бұл өнердің адамзат баласына берген нендей құндылығы бар екенін біліп қайран қалар еді. Абыз – тәңір мен жерді байланыстырушы, ол – әскердің ұраншысы, дем берушісі, ол тастағы, терідегі, сүйектегі жазуды оқушы, ол күнді жайнатушы (бұлт шақырып жаңбыр жауғызу, қар борату, т.б.) ол көріпкел, әулие, бақсы, ол жорық басы, ақылшы, кеңесші. Міне заман ауысқан сайын функциясы өзгеріп келгенімен, негізі бастапқы ұғымда қалса керек.
Осындай құдіреті басым, киелі өнер ошағы жерімізден қаптаған кедергілерге ұшырап жойылып кетпей бүгінімізге жетуі – текті ұрпақтардың еңбегінің жемісі.
Сыр өңіріндегі үш жыраулық мектің негізінің бірі және мақамсазы түпнұсқадан беріліп келгені – «Жиенбай жырау» мектебі. Бұл мектеп Дүзбембеттен Жиенбайға, Жиенбайдан Рүстембекке, Рүстембектен Көшеней мен Бидасқа, Көшенейден Арнұрға дейін үздіксіз жалғасын тауып, бес атаға дейін келді. Бүгінгі К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйіне қарасты бір «Қорқыт-қобыз» класы, бір ақындар класы, қалған жетеуі жыртерме класы боп желіленген.
Жолбарыс рухты Жиенбай өмір дерегіне зер салсақ, Жолбарыс ұғымына қайта-қайта жолығамыз. Осы Жолбарыс оның немересі Көшеней өміріне қатысты да аңыздай айтылады. Біз сөз басында Қармақшы әулие жайлы дерек көздерінің нақтысы деп алған И.Кастанье жазбаларында Қармақшы төңірегіндегі ну қамыстағы жолбарыс еске түседі. Жиенбай немересі Бидас аға: – Жолбарысқа жігіттің көзсіз мергені ғана оғын тигізе алған, ол өте шапшаң қозғалатын жыртқыш, найзағай сынды жарқ еткенде атып үлгеру керек, қауіпті аң, көбіне оны атпайды, кие боп табылған, – дейтін.
Жазушы А.Кемелбай «Мұнара» кітабында Сырдың соңғы жолбарысы туралы әңгімесінде: – ... Сырдан жолбарыстың кетуімен, ер-азаматтарымыздың бойындағы ерге тән сес пен сұс, қайрат пен жігер-күш, намыс пен кие бірге кеткендей. Жолбарыстың бойындағы әрбір түк сес пен сұс көрсетіп, жауыма өліспей беріспеймін дейтін мәрттік мінезі қарсыласын қаймықтырады, – деп суреттей келіп азаматтарымыздың бойынан жуылып бара жатқан мәрт мінездеріміздің жоқшысындай қамыға жазады.
Ендеше, киелі өнер боп табылатын ауданымыздағы «Жиенбай жырау» мектебінің мақамсазымен халқымызды сусындатқан танымал тұлғаларымыздың өрелі өнері жайлы бірер әңгіме желісін сабақтай түспекпіз.
Жоғалып кеткен жыраулық өнерімізді тірілтуге ұмтылған ұрпақ өкілі – Көшеней Рүстембеков еді. Ата менен әке аманатына адал қызметін бастаған ол Мәскеуде жол апатынан қайтыс болды. Аға жолын әрі қарай жалғау Бидасқа қалғанын көрдік. Желілене құрылған жыраулық кластарға шеберлік сағаттарын өткізе жүріп түпнұсқадағы Жиенбай мақамын талай ұрпақтың санасына сіңірді. Шәкірттері «Дәстүрлі жырға» арналған жоғары оқу орнын бітіріп келіп, бүгінде жыраулық класс оқушыларына дәріс беруде. Бидас Рүстембеков әрбір жылдары түркітілдес елдердің арасында өткізіліп келген Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлықмузыкалық фестивалінің сертификатын иеленуші. Ол Америкада әлем музыкатанушылары арасында жыраулық өнерді танытушы. Зейнет демалысынан кейін де шәкірт тәрбиелеуден қол үзбеді. Бүгінде зейнеткерлік демалыста.
Көшеней Рүстембеков арман еткен өрелі өнер биігін көтерушінің бірі – Алмас Алматов. Ол Қазақ мемлекеттік консерваториясынан «Дәстүрлі өнер» кафедрасын ашып, жыраулық өнердің шеберлерін дайындауды қолға алды. Оның тәрбиесінен Р.Ахметов, С.Жақсығұлов, Ұ.Байбосынова, Б.Саймағамбетов, А.Бүрлібаев сияқты жүйріктер топ жарып алыс-жақын шетелге танымал болды.
1975 жылдан бастап А.Алматов жыраулық өнерді қазақ елінде ғана емес, шетелдіктерге танытты. Ол Франция, Германия, Скандинавия елдерінде болды. Жырау марқұм Қуандық Бүрлібаев Жапонияға, Шамшат Төлепова Халықаралық Лорд конференциясына, Великий Устюг қаласында өткен фольклор мерекесіне, Петербург қаласында өткен «Ленинград көктемі» концертіне қатысты.
Аға ұрпақ өкілдерінің мұндай алған асуларына қарап бой түзеген К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің шәкірті өткен жылы «ALASH STAR» ХІV Халықаралық онлайн форматтағы өнер байқауында Шұғыла Мархабатова «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша, Бақыт Мархабатова «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша бас жүлдені, 2021 жылы Әзербайжанның Баку қаласында «Кайнат» жастар орталығының ұйымдастыруымен Халықаралық балалар арасындағы онлайн түрде өткен «Мугам» өнер фестиваліне Қазақстан Республикасы атынан Арай Оңғарқызы қатысып, ол ІІ орынды, Айдана Амантай ІІІ орынды иеленді.
Осы жылы халықаралық байқауға қатысқан Мәди Елдес ІІІ орынды иеленді.
VІІ ғасырда өмір сүрген Қорқыт атадан мұра боп қалған өнер ошағы замандар ауысқанмен жарық сәулесін өшірген емес. Ән-жырдың бесігіне айналған Қармақшы топырағы талай топ жарған таланттарымен мақтанды. Төрі төрт түлік малға, төскейі алтын астықпен айнала көмкерілген өңірден осыдан тоқсан бес жыл бұрын бой көтерген ауданымыздың экономикасы, шаруашылығы, мәдениеті, әдеби мұралары мен тарихы заман ағымымен аясы кеңіп, әлеуеті артып келеді. Бүгінде сән-салтанаты жаңарып, көріктенген көшелер көз қуантып, көңіліңді өсіреді.
Еліміздің аумағында бұрынғы өткен батырлар мен бектердің, билер мен шешендердің, ел бастаған көсемдердің, әулиелер мен пірлердің, көріпкелдер мен тәуіптердің рухына аса зор құрметпен қарайтын ел осы дәстүрді болашаққа қалдырудың қамында.
Бір перзенті талаптанып алыс сапарға шығар болса: «О,Тәңірім оңдасын, Қорқыт бабам қолдасын, Ер Сейтпенбет жебесін, Марал бабам өзіңді қорғап жүрсін» деп бата беретініміз бүгінде жастар санасына сіңген.
Қарақ тауының басында кездескен үш әулиенің екі үлкені Сейтпенбет әулиеге:
– Сен әулие болсаң айтшы, біз өлгенде қайда жерленеміз? – деп сұрақ қояды. Сонда Сейтпенбет екі ағасына ойлана қарап тұрып:
– Мен білсем, Марал аға, сен ел жайлаған суы мол елді мекенде қаласың, Жәрімбет аға, саған өзің тұрған осы таудың басы бұйырар. Ал, мен болсам, қиян шөлге мәңгілік жайғасармын, – деп жауап беріпті.
Ағасына інісі ілтифатпен қарайтын осындай ойлы зерделі жастарымыз өткенімізді бағамдап, алдыңғы толқынның кейінге қалдырған ақылды да ойшыл мұраларын алға оздыруы тиіс.
Олай болса, ел иелері киелі жеріміздің қасиетін қастерлеп қадірін кемітпесін дейміз.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
08 тамыз 2023 ж. 460 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10339)

17 қыркүйек 2024 ж.

№73 (10338)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (10337)

10 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 661

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30