Қармақшы аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті
qarmaqshy-tany.kz Қармақщы ауданы әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Мәжілісте «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» ауруының эпидемиологиялық ахуалы және аурудың алдын алуда атқарылатын шаралар туралы» аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Г.Төлепбергенованың баяндамасы тыңдалды.
Аудан әкімі сала басшысының хабарламасын тыңдай келе адам өміріне аса қауіпті, кененің шағуын алдын алу бойынша залалсыздандыру жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған ауыл әкімдерін қатаң сынға алды.
Сондай-ақ, тиісті сала басшылары мен кент, ауыл әкімдеріне мал қоралардың, аулалардың, көше аймақтарын түрлі қоқыстардан механикалық тазарту, мал тоғытуға арналған ванналарды дайындыққа келтіру, мал қозғалысын бақылау, санитарлық ағарту-насихаттау жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Одан соң, комиссия отырысының күн тәртібіне сәйкес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ө.Сақтабаев «Жазғы суға шомылу маусымына байланысты атқарған жұмыстардың есебі туралы» хабарлама жасады.
Аудан басшысы жыл басынан бері аудан аумағында 7 адам суға кету бойынша бақытсыздық жағдайы тіркелгендігін тілге тиек етіп, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, кент, ауыл әкімдері мен сала басшыларына суға түсуге, балық аулауға қауіпті аймақтарды бақылауға алып, қауіптің алдын алу шараларын қамтамасыз етуді және суға шомылу маусымында бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жөнінде түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді.