» » Тыңға түрен салған ауыл

Тыңға түрен салған ауыл

qarmaqshy-tany.kz Иіркөл ауылдық округі — аудан орталығынан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде орналасқан шағын елді мекен. Талай дарынды азаматтарға атамекен атанып, олардың тәуелсіз еліміздің ардақтысы атануына қолдау көрсеткен, бірлігі мен берекесі артқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға ат басын бұрдық.

Алдымен осы ауыл тарихынан толығырақ сыр шертер болсақ, 1929 жылдан бастап аудан тарихына енген «Ақ үрет», «Темір үйген» сынды серіктестікті Т.Омаров, А.Сұлтанмұратов, А.Шыңғысов басқарса, кейіннен оның орталығы Молотов болып біріктірілген кеңшарда Ж.Балғабаев, Ж.Өтеулиев, Е.Шегенбаев, М.Бекжанов сынды ел ағалары төраға қызметін абыроймен атқарды. Кейін олардың орнына Ү.Бектасов, Б.Сатыбалдиев, Е.Құрманбаевтар келіп, ел мүддесі үшін қызмет етсе, жылдар өте Молотов кеңшары «Октябрь ұжымшары болып өзгерді.

Ауыл Байқоңыр ғарыш айлағындағы әскери бөлімдерді азық-түлікпен қамтамасыз ететін ұжымшар болып қайта құрылды. Оның алғашқы директоры болып Н.Кузенцов тағайындалды. Сол жылдары кеңшарда 10 мыңға жуық қой, 10 мыңдай жылқы, ірі қара мен түйе болған. Мұндағы халық мал шаруашылығынан бөлек бақша еккен деседі көнекөз қариялар. Сол жылдарда халық ауызында №22 «Октябрь» әскери кеңшары атауымен қалған ауылды Байболов, Коротков, Улихин, Иванов, Сметов, А.Серәлиев, Т.Білалов, Қ.Зұлхарнаев, Ә.Әбжәлиев, С.Асқаров, Ж.Қосбергенов, Ж.Жәкеев, Н.Садықов, Ә.Досмұратов, М.Тұрғанов, Ә.Білжанов деген азаматтар басқарды.

Міне, осындай тарихы тереңді бойлаған ауылдан көптеген тұлғалар өсіп-өніп, туған елінің экономикасын нығайтуда қажырлы еңбек етті. Атап айтар болсақ, бүгінде өнегелі өмірімен білім саласы бойынша облыс, ауданға танымал Б.Елеусінов, Б.Ахметов, Б.Әбдірасылов, кәсіпкер Р.Балғабаеваның есімдері ауылдастар арасында құрметпен аталады.

Иіркөл ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтар болсақ, еліміз егемендік алғаннан кейін ауылда қоныстанған 166 отбасының 668 тұрғыны заман талабына сай өмір сүруде. Ауыл әлеуетін көтеруде түрлі бағытта жұмыс істейтін 13 шаруа қожалығы, сондай-ақ орта және шағын кәсіпкерлікпен 24 адам тірлігін істеп, еткен кәсібінен нәсібін табуда.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда мемлекет тарапынан 4 отбасының 29 мүшесі жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алса, бір жастан үш жасқа дейінгі 4 балаға, ал үш жастан алты жас аралағындағы 5 балаға кепілдендірілген әлеуметтік көмек беріледі. «Алтын алқасы» бар 24 анаға, 70 зейнеткерге, түрлі санаттағы 27 мүгедекке мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектермен қолдау көрсетілуде.

Округте заман талабына сай мектеп, балабақша, ауылдық клуб, фельдшерлік пункт ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.
«Кешегі жылжып өткен жылдар тізбегі – бүгінгі ел тарихы» дегендей, тарих қойнауынан асылын зерделеп, барын бағалау және оны бүгінге жеткізіп, дәріптеу қазіргі ұрпақтың міндеті.

Тілшілік тіршілікпен ауылдағы әкімдік кеңсесіне тоқтағанымызда бізді есік алдында ауыл әкімі Жағыпар Төлегенов күтіп алып, өзі басқаратын елді мекеннің бүгінгі күндегі даму көрсеткішімен таныстырды.

Алдымен әкімдікке жақын орналасқан «Оспан молда» мешіті жанынан салынып жатқан мешіт асханасына барып, онда құрылыс жүргізіп жатқан ауыл азаматтармен жұмыс барысы жайлы әңгіме тінін тарқаттық. Жүздері жадырап, ғимараттың сыртқы келбетін тәмамдап қалған құрылысшылардың жұмысына сәттілік тіледік. Одан әрі жуырда ғана ауыл балалары демалуға арналған ойын және спорт алаңына аялдап, ондағы шатшадыманда жүрген бүлдіршіндердің ойынын тамашаладық. Сондай-ақ ауыл әкімінің алдағы уақытта ел мүддесіне қызмет ететін басқа да жобалар бойынша әлеуметтік нысандармен таныстық.

Әкімнің айтуынша өткен жылы Достық көшесіне жарықтандыру жұмысы жүргізілсе, алдағы уақытта ауыл көшелерін жарықтандыру мен орташа жөндеуде «Жаңатұрмыс» көшесі жоспарға қойылған. Ауыл тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз етуде 1 ұңғыма қазылғанын және жастар арасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында көптеген ілкімді істер атқарылып жатқанын айта келе, бүгінгі күнге дейін, атап айтқанда өткен жылы жұмыссыз тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында 10 азамат мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін бастап кеткенін, олар бүгінгі күні кәсіптері арқылы ел экономикасын нығайтуға жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда, ауылда 37 кәсіпкер түрлі бағытта ауыл тұрғындарына сапалы қызмет етіп жатқанын, соның ішінде Жамбыл Қосбергенов басқаратын «Жаңа жер» шаруа қожалығы 30 гектарға күріш орналастырғанын, Ринат Серпенов басқаратын «Иіркөл» шаруа қожалығы өздеріне бекітілген егістік алқапқа 130 гектар күріш, 140 гектарға ескі және жаңа жоңышқа мен бақша еккенін, Ардақ Мырзахметов басшылық ететін «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығы 140 гектарға Сыр салысын, 50 гектарға жоңышқа, 10 гектарға бақша дақылдарын орналастырып, онда ауылдың 10 тұрғынымен осы жұмыстарды атқарып жатқанын тілге тиек етті. Осы ретте, шаруашылық басшысы Ардақ Қалабекұлын сөзге тартқанымызда ол «Жаңа тұрмыс» шаруа қожалығының 2019 жылы құрылғанын, осы жылдар аралығында күріш егіп, одан жақсы нәтижеге қол жеткізгенін сонымен қатар, шаруашылықтың алдағы жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, ауыл іргесіндегі 30 жылдан астам уақыт бойы игерілмеген егістік жерлерге қайта өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта өнделген 100 гектар егістікке күріш егуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Ел азаматы ауылды көркейту, оны тұрмыстық қалдықтардан тазарту өзі басқаратын шаруашылықтың міндетінде екенін айтса, «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен көптеген іргелі істер істеліп жатқанын жеткізді.

Ауыл әкімінің жол бастауымен өткізген жұмыс сапарымыздың соңында ол осындай игі істерімен танылған азаматтар иіркөлдіктерге жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын, оның ішінде тұрғындарды арзан бағада күріш дақылымен, мал азығы жем-шөппен, сонымен бірге ауыл ахуалын қалыпқа келтіруде түрлі демеушілікпен тұрғындардың алғаусыз алғысына бөленіп жатқанын айтты.

Дәнекерлеуші Әлібек
Дәнекерлеуші – қоғамда бұған дейін де, қазір де, үлкен сұранысқа ие мамандықтың бірі. Бұл мамандықтың қызметіне жүгінушілер де жетерлік.

Иіркөл ауылына жасаған қызметтік сапарымызда жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, мемлекет тарапынан қолдау тауып, өткен жылы қайтарымсыз несие арқылы грант жеңіп алған ауыл тұрғыны – Әлібек Мусаевтың отбасында болдық.
Біз Әлібекті ауласындағы шағын шеберханасында жұмыс істеп жатқан жерінен жолықтырдық. Амандық-саулық сұрасқан соң оған келгендегі мақсатымызды айттық.
— Осыдан бірнеше жыл бұрын зайыбым екеуміз «Лукойл» компаниясының өңірдегі жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету арқылы жүзеге асырылған бағдарламасы шеңберінде «бақша дақылын өсіру» бойынша грантын жеңіп алып, бірнеше жыл еңбек еттік. Бағдарламаның жемісін көріп, отбасылық жағдайымызды да жақсартып алдық. Өткен жылы ауыл әкімдігінің қолдауымен бала жастан өміріме серік болып келе жатқан дәнекерлеушілікті одан әрі дамытуда, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа қатысып, комиссия тарапынан қолдау тауып, өз үлесімді алдым. Иә, мен дәнекерлеуді жас шағымнан жақсы көремін. Бұған дейін қолымдағы бар құрылғымен ауыл азаматтарының тапсырысын, аула қақпасын, сәкі, жеке тұрғын үйлерге жылу жүйесін, басқа да тұрмысқа қолданатын дүниелерді істеп жүрдім. Енді міне қайтарымсыз грант арқылы заманауи үлгідегі дәнекерлеу аппаратын, оған керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Ауламнан арнайы шағын шеберхана ашып, ауылдастарымның тіпті көрші елді мекен тұрғындарының түрлі мақсаттағы сұраныстары бойынша тапсырыстар қабылдап жатқан жайым бар. Аллаға шүкір осы уақытқа дейін алған тапсырыстарыма бей-жай қарамай, сапалы әрі тез орындап беремін. Әзірге тапсырыс берушілер арасында жұмысымның сапалылығына күмән келтіргендерді кездестірмедім. Керісінше алғыс айтуда. Мен үшін ауылдастарымның алғысын алу бірінші кезекте және бақыт», – дейді ол.

Әлібек Тұрақұлы дәнекерлеу ісінен басқа егіншілікті де кәсіп еткен кәнігі маман десек болады. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл шаруаны одан әрі дамытуда үлкен іс атқарып келеді. Ол отбасымен ауыл маңындағы бақшалыққа жылдағыдай қауын-қарбыз, картоп, көкөністер егіп, оның өнімін аудан орталығына, Байқоңырға, тіпті Қызылорда қаласына апарып, сатуды үрдіс қылған.

Қазіргі таңда ол жетпіс жеті жастағы Қалдыбек Есмаханов, жетпіс жастағы Темірбек Бермашов сынды ауылдас ағаларымен бірге «Жаңа тұрмыс» шаруа қожалығының егістік алқабындағы 5 гектарға картоп орналастырып, оны күтіпбаптауда.

«Мал шаруашылығы мен егін егу ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі десек артық айтқаным емес. Мен де өзге замандастарым сияқты бақша егумен бұрыннан айналысамын. Бүгінде де осы кәсіпті өміріме серік етіп келе жатқан жайым бар. Үйде мал бар, оны күтіп баптау менің міндетім. Бірақ, бақша менің ең сүйікті ісім. «Көктемнің бір күні жылға азық» дейді ғой қазақ атам. Расымен де көктемнің бір күнін босқа жібергім келмейді. Кетпенімді сайлап, дәндерімді сорттап, бақша егу күні қашан келер деп тағатсыздана күтумен боламын. Жанымда Қалдыбек, Темірбек деген ақылшы ағаларым бар. Солармен келісіп, Жер-Ананың жылығанын күтемін. Биыл да бірігіп картоп егудеміз. Аллаға шүкір картоптың шығымы жаман емес. Өнім жақсы болады деген үміттеміз. Осы ретте, айта кетейін «Асыл болса алған жарың – ханым емей немене, жайлы болса мінезі – жаның емей немене» деп қазақ даналары айтқандай, өмірімнің мәні де сәні болып, басымнан өткен қиыншылықтар мен қызықты күндерімде қасымда серік болған, керек жерінде ақылшы бола білген жарым Райкүлмен ұл-қыз өсіріп, ұлды ұяға, қыздарымды қияға қондырған жайымыз бар. Ұлым – Дәулет «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясында өзі таңдаған мамандығы бойынша еңбек етуде. Ал келінім – Индира мектепте мұғалім. Олардан екі сүйкімді немере сүйіп отырмын», – деді Әлібек Тұрақұлы.

Әлекеңнің жары Райкүл Сүйіндікқызы Иіркөл ауылындағы құрметті де қадірлі жандардың бірі. Оны ауылдастары бақытты шаңырақтың отанасы, елге сыйлы келін, аяулы ана, қамқоршы әже, ұлттық дәстүрді жанына серік еткен, он саусағынан бал тамған іскер деп мақтайды. Тіпті, оның бал тамған қолымен дайындалған сүт өнімдерін, оның ішінде айран-қатығын сүйсіне ішіп, дәмі тіл үйіретін құрт-ірімшігімен ауылдастары дастархан мәзірін толтырады.

Жас мамандарды қолдау — бүгінгі күн мәселесі
Иіркөл ауылы тұрғындарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен аудан тұрғындарын ақпараттандырудағы жұмыс сапарымыз жас та болса өз ісінің шебері атанған, ауылдастары арасында өзіндік орнын қалап үлгірген, автокөлік жөндеуші жеке кәсіпкер Бағдат Көмековтың «Бағдат» авокөлік жөндеу шеберханасына аялдадық. Шеберханаға кіргенімізде ол автокөлікті жөндеп жатыр екен.

Әңгіме барысында оның жаңа ғана бір көлікті жөндеп, егесіне тапсырғанын білдік. Ал аулада әлі кезек күтіп тұрғандар қаншама. Біз оған келген мақсатымызды айтып, сөзге тарттық. Ол кәсібін мақтанышпен айтып, әңгімесін бастады
— Мен мемлекеттен орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған қайтарымсыз грантты жеңіп алғаныма қуанамын. Рас, өңірімізде мендей жұмыссыз жүрген жастар көп. Бұл бағдарлама арманын орындай алмай жүрген жандарға үлкен көмек. Біздің ауылда жеңіл автокөлік жөндейтін азаматтар жетерлік, бірақ олардың қолында арнайы құрылғылар жоқтың қасы. Мен де мақсатымды жүзеге асыруда осы бағдарламаға қатысып, одан несібемді алдым. Жобамның іске асуына қолдау жасаған ауыл әкімдігі қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз, – дейді жас кәсіпкер.

Иә, «Жансын десең еңбегің, жұмыс жаса, терлегін!» демекші, Бағдаттың алға қойған мақсатты жобалары да жоқ емес. Ол кәсібін кеңейту үшін көп еңбек етуде. Дөңгелекті желдету, желімдеу тағы басқа да көлік жөндеуге қажетті құрылғыларды сатып алып, ауыл тұрғындарының көліктерін аудан, облысқа апармай-ақ, өзінің шеберханасында жөндеуді жөн көреді. Сонымен қатар, өзі жылқы малына әуес екенін де жасырмады. Мүйізді ірі қара мен жылқы өсіріп, оларды бордақылауды да қолға алсам деген ниеті бар. Бірақ бұл жоспарын алдағы уақыттың еншісіне қалдырып отыр. «Армандар орындалады» дейді ол сөз арасында.

Бағдат өзі туып-өскен Иіркөл ауылының өсіп-өркендеуіне үлес қосып, өзі сүйіп ойнайтын спорттың футбол түрінің жанашыры ретінде ауыл орталығынан заман талабына сай шағын футбол алаңын салсам дейді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
24 шілде 2023 ж. 633 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930