Орман өртінің алдын алды
Табиғи өрттердің белең алуының басым көпшілігі адамның алаңғасарлық, немқұрайлық және мәдениетсіздік әрекетінен туындап жатады. Ойланбай тасталған темекі тұқылы, сөнбей қалған от – осының барлығы орны толмас үлкен қайғыға соқтыруда. Мәселен, Абай облысындағы жан түршігерлік алапат от қалың қазақ елін есеңгіреткені рас. Тілсіз жау 14 адамның өмірін қиды. Осылайша жалындаған от 60 мыңнан аса орман алқабын әбсәтте күл талқан етті.
Бүгінде орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында еліміздің әр аймағында өрт-тактикалық жаттығу жүргізілуде. Соның ішінде Қызылорда облысының жаз мезгіліндегі аптап ыстығы өртке аса қауіпті. Мұндағы қураған шөптер оттың тез тұтануына бейім. Сондықтан жыл сайын саптық оқу-жаттығу жиыны жиі ұйымдастырылып тұрады.
Өткен сенбіде Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойындағы Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орман қоры аумағындағы табиғи өрттерді болдырмау мақсатында Қорқыт ата орманшылығының №55 орамының шығыс жақ бетіндегі 5 гектар жер маңында бірлескен өрт-тактикалық жаттығуы өткізілді. Жаттығудың өрт сөндірушілер мен ерікті өрт жасақшыларына өртті сөндіру әдістерін үйрету мен іс-қимылдарын жақсарту бойынша практикалық түрде жүзеге асты.
Алдымен аудандағы №10 өрт сөндіру бөліміне шұғыл хабар келіп түсті. Онда автожол бойында орман өрті тұтанғаны жеткізілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінен 6 өрт сөндіруші 1 өрт сөндіру автокөлігі, Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен 2 аға өрт сөндіруші, 5 өрт сөндіруші, 1 орман шебері, 7 орманшы, 2 автокөлік жүргізуші, 2 өрт сөндіру автокөлігі, сондай-ақ аудан әкімдігінен 3 қызметкер және Иіркөл ауылдық округінің әкімдігі мен Қармақшы ауылдық округі әкімдігінен 4 техника, 20 ерікті өрт жасақшылары тағы да басқа техникалық құралдармен өрт сөндірушілер жұмылдырылды.
Жаттығу барысында жедел-штаб құрылып, өртті сөндіру тактикасы қаралды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аудандық полиция қызметкерлері жолдың екі бетін жапты. Уақыт оздырмай өртті сөндіруге орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің техникасы мен ерікті өрт жасақшылары кірісті. Одан кейін өрт сөндірушілер жедел жетті. Оқиға кезінде түтінге уланып зардап шеккенге жедел-жәрдем бөлімшесі дереу жетіп, медициналық көмек көрсетті. Осылайша іске кіріскен қызметкерлер өртті ауыздықтап, берілген тапсырманы дер кезінде тиянақтады.
Жиын соңында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау подполковнигі Е.Назарқұлов оқу-жаттығуды қорытындылап, дайындық деңгейіне жақсы баға берді. Дегенмен, орман өртін болдырмау үшін табиғат аясына демалысқа шыққанда жаққан отын қараусыз қалдырмау, темекі тұқылын тастамау, қураған шөптердің айналасына күнге тез қызатын шыны құтыларды лақтырмау керегін ескертті. Сонымен қатар, тұрғын арасында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тілге тиек етті.
Ерсін СӘДУҰЛЫ