» » Абайдағы апат – ел қасіреті

Абайдағы апат – ел қасіреті

qarmaqshy-tany.kz Еліміз үшін ауыр жағдай. Абай облысындағы алапат өрттің салдарынан ел тағы қара жамылды. Қазақстан 12 маусымда 12-ші рет аза тұтты. Тілсіз жау 14 адамның өмірін қиып, елімізге қайғы әкелді. Әуелде 3 гектардан басталған қызыл жалын санаулы күн ішінде 60 мыңнан аса гектар алқапты жайлады. Өршіген өрт әлі де дес бермеуде. Эколог мамандар бұл апатты әлемдегі ең ауқымды өрттің қатарына жатқызып отыр.
Алты күннен бері елді сергелдеңге салған апаттың беті қатты. Жексенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орын алып жатқан жағдаймен жіті танысу үшін Абай облысына жұмыс сапармен арнайы барып, Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Алдымен өртеніп жатқан орман алқабын тікұшақпен аралап көрді. Сапар барысында «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен, жақын туыстарымен кездесіп, оларға көңіл білдірді. «Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – еліміздің қайғысы, халқымыз үшін үлкен қасірет. Бекем болыңыздар. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнді еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сіздерге жанжақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Өтініштеріңіз болса айтыңыздар, орындаймыз» деді ол.

Жедел штаб отырысында Президент адам өмірін сақтау, сондай-ақ өртті ауыздықтау басты міндет екенін айта келе Үкімет пен облыс әкімдігіне келтірілген шығын көлемін анықтау, зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсету сынды бірқатар тапсырма жүктеді.

Ауа райының қолайсыздығы өрттің жылдам шарпуына сеп болуда. Жел бағытының өзгеруі өрт сөндірушілерге тілсіз жауды ауыздықтауға кедергі келтіріп отыр. Жұдырық үстіне соққы болғандай күннің ыстығы тағы бар. Мамандар күн-түн демей қызыл жалынмен арпалысып жатыр. Орман өрті Бородулиха ауданы аумағындағы ауылдарға және Семейдің маңындағы елді мекенге жылжуда. ТЖМ мәліметінше Абай облысындағы орман өртін сөндіру үшін үш бағытта – оңтүстік, батыс және шығыс жиекте жалғасуда. Алайда елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Тілсіз жауды тізгіндеуге Төтенше жағдайлар министрлігінен, Орман шаруашылығы комитетінен, Қорғаныс министрлігінен 1500-ге жуық адам, 300- ден астам техника жұмылдырылған. Өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылған. Өрт қауіптілігі бар елді мекендердегі тұрғындар қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Биылғы жылдың өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері ғана Қазақстанда 130- дан аса табиғи өрт тіркеліп, өрт аумағы 20 мың гектардан аса жерді шарпыған. Қазіргі таңда елдің шығысындағы тілсіз жау Greenpeace халықаралық экологиялық үкіметтік емес ұйымының өрттер картасына сәйкес, Канададағы бірнеше ірі өрттен басып озған.

Бүгінде Семей өңіріне түскен ауыр сынақ – бүкіл елдің басына түскен ауыртпашылық болып отыр. Осындайда қазақ халқы қашанда көмек қолын созып жәрдем етуде аянып қалып жатқан жоқ. Ел басына түскен іске еріктілер де тартылып, оқиға орнынан табылуда. Олар өрттен зардап шеккендерге су, тамақ, медициналық дәрі-дәрмек пен киім-кешек жеткізіп беруде. Сондайақ, әлеуметтік желілерде қолдан келгенше көмек береміз деген жомарт жанды азаматтардың қатары көбейіп отыр.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
13 маусым 2023 ж. 247 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031