Қызылорда облысында ҚР Мемлекеттік Рәміздер күніне орай 100-ге жуық іс-шара өтеді
Қызылорда облысында ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай 100-ге жуық әр түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылады. Сәйкесінше, шара басы «Менің туым - менің Отаным» атты челленджімен бастау алмақ. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов атаулы күнге орай аймақта өткізілетін жалпы шаралар тізбегін баяндады.
-Өздеріңізге белгілі, 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл күн - халқымыздың мұқалмас рухы мен ежелден келе жатқан басты құндылықтарымызды ерекше айшықтайтын қастерлі күн. Осы ретте, азаматтарымызды ортақ мақсатқа біріктіруге және олардың патриоттық рухын көтеруге бағытталған жалпыхалықтық іс-шаралар легі бүгіннен бастау алды. Жалпы 1-4 маусым аралығында өтетін іс-шараларға 70 мыңға жуық тұрғын белсенді қатысады деп жоспарлануда. Сонымен қатар барлық елді мекендердегі Рәміздер алаңында тұрғындар мен ерікті жастардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылады. Одан бөлек, 2 маусымнан бастап әрбір саладағы танымал тұлғаларды қатыстыра отырып, «Менің туым – менің мақтанышым!» тақырыбында ҚР Туымен бірге бейнеленген суреттерді әлеуметтік желілерде жариялау басталады. Ендігі кезекте 4 маусым күні облыс орталығында өтетін шараларға тоқталсам, «Рәміздер алаңында» аймақ басшысының қатысуымен негізгі мерекелік шара ұйымдастырылады. Бұл патриоттық шараға 2 мыңға жуық қала тұрғындары қатысады деп күтілуде. Шара аясында 15-тен астам жеңіл көлік пен 10 мото шабандоздардың қатысуымен «АВТО, МОТОШЕРУ» өтеді. Осы шара барысында алғаш рет «Жас Ұлан» балалар-жөсөспірімдер ұйымының және «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелерімен арнайы саптық жүріс ұйымдастыралады. Ал Байқоңыр қаласында бірнеше жалпыхалықтық патриоттық шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, барлық аудандардағы білім беру ұйымдарында Елтаңба авторы, жерлесіміз Жандарбек Мәлібековтің еңбектерін насихаттауға, Мемлекеттік Туымыздың авторы, суретші Шәкен Ниязбековтің 85 жылдығына арналған шаралар, патриоттық акциялар, көрмелер мен танымдық сағаттар өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді басқарма басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы.
Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік рәміздер күні республика көлемінде Мемлекеттік Гимнін орындау патриоттық акциясы өтеді. Осыған орай, өңірдегі ірі сауда орталықтарында, кәсіпорындарда, мекемелерде және өзге де халық көп шоғырланатын орындарда бір сәтте Мемлекеттік Гимні шырқалады. Қаладағы ірі ойын-сауықтық сауда орталықтарында және қалалық демалыс паркінде жастардың патриоттық акциялары болады. Сондай-ақ, қала орталығындағы ЛЭД экрандар мен жарнама тақталарында күні бойы Мемлекеттік рәміздер туралы бейнероликтер жүргізіліп, «Туымыз төрімізде» республикалық акциясы ұйымдастырылады.
@Өңірлік коммуникациялар қызметі