Көңілді жайдарманшылар ойыны
qarmaqshy-tany.kz Ақай ауылдық клуб үйінде академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінің ұйымдастыруымен жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру және колледждің заман талабына сай техникалық мамандықтарды кеңінен насихаттау мақсатында аймақтық білім беру мекемелері арасында «Мамандығым – болашағым» атты жайдарман ойыны өткізілді.
Колледж директорының кубогі тігілген жайдарман ойынында «Элита» (№274 мектеп), «Болашақ мамандар» (№85 мектеп), «Тәттілер» (№269 мектеп), «Бигбон» (№277 мектеп-лицей) командаларымен бірге, колледжіміздің «Байқоңыр жастары» командасы өз өнерлерін көрсетті.
Облыстық, республикалық деңгейдегі үздік жайдарманшы, жерлесіміз Нұрдәулет Бегарыстанов жүргізу тізгінін қолға алған жайдарман ойынына №80 мектеп-гимназия мұғалімі Бибігүл Жұмағұлова, колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Дауленбаева, ардагер жайдарманшы Рүстем Әділханов қазылық етті. «Сәлемдесу», «5 әзіл», «Үй тапсырмасы» сынды бөлімдерден тұрған ойында әр команда өз әзілдерімен ерекшеленді.
Жайдарман ойынының қорытындысында бас жүлдеге, яғни академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі директоры кубогіне №274 мектептің «Элита» командасы ие болды. Ал жүлделі І орынды №85 мектептің «Болашақ мамандар» командасы, ІІ орынды №277 мектеплицейдің «Бигбон» командасы, ІІІ орынды №269 мектептің «Тәттілер» командасы иеленді. Орын алған командалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жеңістеріңіз құтты болсын, болашақ мамандар!
Қымбат БЕРДЕШ
Фейсбук парақшамыз
Инстаграмм
Телеграм