» » Отбасы — қасиетті ұғым, қастерлі құндылық

Отбасы — қасиетті ұғым, қастерлі құндылық

qarmaqshy-tany.kz Кеше аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев журналистердің қатысуымен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай брифинг өткізіп, алғы сөзін құттықтаумен бастады.
– Біздің халқымыз үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі отбасында қалыптасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды», – деп атап өтті. Ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың, ізеттілік пен парасаттылықтың бастау бұлағы – отбасы. Осы ретте, барша аудан тұрғынын құнды мерекемен құттықтап, отбастарына бақ-береке, дендеріне саулық тілеймін, – деді ол.

Жанұя берекесін арттыруда, іргесін берік ету мұратында ауданда көптеген мәдени ісшара ұйымдастырылып келеді. Солардың негізгісіне тоқталар болсақ, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысып, жеңімпаз атанған, сондай-ақ басқа да үлгілі отбасы мүшелерімен қала және аудандардағы мектептер мен колледждерде кездесулер, танымдық шаралардың өткізілуі.

Қазақстан Республикасы Пре¬зиденті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Аида Балаеваның бастамасымен Отбасы күніне байланысты әлеуметтік желілерде отбасы қадір-қасиетін дәріптеу бойынша арнайы флешмоб басталды. Отбасы құндылығын насихаттап, жан-жақты таратуға біздің өңір де белсенділік танытуда. Бір қуанарлығы – оған қатысушылардың түрлі әлеуметтік платформаларда «Отбасым» хэштегін белгілей отырып, отбасылық тәрбие, оның маңызы, жанұя мүшелерімен түскен жарқын суреттер, басқаларға үлгі көрсетуге тұрарлық тағылымды жайттар мен қызықты оқиғалардың жарияланып, тіпті кейбір азаматтың өзінің үлгілі отбасын келешекте қалай көргісі келетіні туралы да асыл армандарымен бөлісіп жатқандығы.

Елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіледі. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын артуда. Қазақстанда отбасы құндылығы мен дәстүрлерін нығайтуда 2013 жылы қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленіп, келер жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы бастау алды. Былтыр ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алған Шамшатовтар отбасы «Үлгілі отбасы» номинациясымен, Бердібаевтар отбасы «Өнегелі отбасы» номинациясымен марапатталған болатын. Конкурстың қазақтың ұланғайыр даласындағы тағылымы талайға тәрбие болар отбасыларды елге танытып, жанұялық, адамгершілік, рухани құндылықтарды жаңғыртуда маңызы зор. Әсіресе, отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталғаны – көңіл тебірентеді. Байқауды ұйымдастырудағы алғышарт – қазақстандық отбасының жағымды имиджін қалыптастыру, отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-ананың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, кәмелетке толған балалардың еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын дәріптеуді кеңінен насихаттау.

Байқау үш кезеңнен тұрады. Әуелі аудандық және қалалық кезең жеңімпаздары облыстық кезеңге, ал облыста үздік деп танылған отбасы – байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алады. Конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін құжаттарды жергілікті атқарушы органдардың, яғни аудандық Қоғамдық даму бөліміне тапсыру қажет. Айтулы конкурстың бірінші кезеңіне үміткер боламын деген отбасыларға құжат қабылдау осы жылдың 15 мамырынан басталып 15 маусымға дейін жалғасады.

– Дәстүрлі құндылықтарымыздың қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде ерекше сақталуы бір қарағанда заңдылық та секілді. Ұрпағына ұлағатты тәрбие беріп, салауатты өмір салтына сай бағыт-бағдар беріп отырған ауданымыздың өнегелі отбасыларына айтар алғысымыз шексіз. Бұл тұрғыда тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі өркендеп, іргесінің нығайып, шаңырағының биік болуында әрбір қазақстандық отбасына жүктелер міндет те аз емес. Десе де, бірлігі мен татулығы жарасқан мемлекетімізде отбасының құн¬дылығы күн санап артпаса, төмендемейтіні ақиқат. Ал мұндай қасиетті жолда халық арасында өткізілетін іс-шаралардың орны қашанда бөлек болған. Енді конкурсқа қалай қатысуға болады? Сол жағына тоқталып өтсек.

Конкурсқа қатысушы отбасыларды жанұялары мен әулеттері туралы өздерінің өнегелі отбасылық дәстүрлерімен, тарихи сәттерімен, қызықты оқиғаларымен #Мерейліотбасы, #МерейліотбасыKZO2023, хэштег¬терін пайдалана отырып, әлеуметтік желілерде бөлісулерін сұраймыз. Бұл мерейлі отбасыларды танымал етуге және халық арасында отбасы құндылығын кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік. Жергілікті комиссия өкілдері аталған шарттарға ерекше мән беретінін атап өткім келеді. Тағы бір түйіндеп айта кетеріміз, осы байқауға ауданымыздың барлық отбасыларын қатысуға шақырамын, – деді брифинг соңында аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
16 мамыр 2023 ж. 634 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930