» » Тұғыры биік нар тұлға

Тұғыры биік нар тұлға

qarmaqshy-tany.kz Жақында Т.Жүргенов атындағы №80 мектепгимназиясында ертеңгі ел болашағы болып саналатын мектеп оқушыларының математика пәніне деген қызығушылығын ояту, математика ғылымының майталманы, ұлағатты ұстаз, ұжымының кемеңгер басшысы бола білген тұлға Қуандық Игенбаевты еске алу мақсатында 7 сыныптарға арналған Қ.Игенбаев атындағы ХІІ облыстық олимпиада өткізілді.

Оған облыс бойынша әр ауданнан 42 оқушы қатысты. Білім бәйгесінде бақ сынаған оқушыларымыздың білімін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары мен қаладағы білім инновациялық лицейінің ұстаздары саралап, әділ шешім шығарды.

Облыс көлеміндегі іс-шараға «Дарын» қосымша білім беру орталығының басшысы Айжан Тұрғанбекқызы, мектебіміздің ардагер ұстаздары Мейіткүл Аралбаева, Сәуле Серікбаева, Керейтбай Дүйсенов, Әбжәли Жорықбаев, ата-аналар комитетінің төрағасы Абдимуталап Ниязбаев, ағайдың балалары Серік, Ержан Игенбаевтар қатысты.

Кейінгі ұрпаққа мәңгі өлмейтін мағыналы із қалдырған біртуар азаматтың мәртебесін асқақтатып, киелі шаңырағымыздың төрінде оның құрметіне қойылған ескерткіштің салтанатты түрде ашылуына барша жұрт куә болды. Ескерткішті салтанатты түрде ашу құрметі бірге жұмыс жасаған әріптестері, ардагер ұстаздар Керейтбай Дүйсенов пен Әбжәли Жорықбаев және мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Абдимуталап Ниязбаевтарға ұсынылды.

Дәстүрлі математикалық олимпиадаға қатысушы оқушыларға, қадірменді қонақтарға олимпиаданың арнайы төсбелгісі тағылды. Білім сайысы аясында ұлағатты ұстаз ұрпақтарының демеушілігімен қайта жабдықталып, жаңа деректермен толыққан мектебіміздегі мұражай таныстырылымын білім ұясының шәкірттері жасады.

Талай ұрпақтың жадында мәңгілікке жазылып қалған ұстаздар, абзал жүректі ұлағат иелері аз емес. Осындай ұлағатты жан Қ.Игенбаевты еске алып, еңбегін дәріптеу мақсатында Индира Ахметова «Тұғыры биік нар тұлға!» атты ғылымитанымдық конференция өткізді. Оған ұлағатты ұстаздың отбасы, ардагер ұстаздар, білім нәрімен сусындатқан шәкірттері, өмірдің ызғары мен ыстығын бірге сезінген қызметтес достары және 11 сынып оқушылары қатысты. Іс-шарада ағайдың өнегелі өмірі, бойындағы ерекше қасиеті, бітімболмысы, бала тәрбиесіндегі басты ұстанымына қонақтар кеңінен қанықты. Ауылдастары мен шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген азаматтың айтқан әзіл әңгімелері қызметтес әріптестері Райхан Байшораева, Оразкүл Досанова, Пазыл Төлемісов және Қазалы ауданынан келген шәкірті, өзі де осы олимпиадаға шәкіртін үкілеп қатыстырып отырған Жібек Досжановалар сағынышпен еске алды. Сондай-ақ, 11 сынып оқушылары Руслан Нұрашев пен Жұлдыз Жұмабекова олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп, келген қонақтарға өздерінің ыстық лебіздерін білдірді.

Халқымыздың келешегін жарқын етер, үкілеген үміт иелері – жас жеткіншектердің басын бір арнаға тоғыстырған математика олимпиадасында дарабоз дарындыларды марапаттау «Дарын» қосымша білім беру орталығының басшысы Айжан Тұрғанбекқызына тапсырылды. Шашасына шаң жұқтырмай оза шапқан дарындарға бағалы сыйлықтармен қатар мақтау қағаздары табысталды.

Аталған олимпиадада мектебіміздің 7 сынып оқушысы Дильназ Отарбай қанжығасына І орынды байлап, жеңімпаз атануы – мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш.

– Дильназ – сыныбымдағы озат оқушыларымның бірі. Есепке жүйрік, логикасы мықты оқушы. Олимпиадада жеңістің биік тұғырынан көрінуінде ең бірінші математика пәнінің мұғалімі Сәндігүл Төребаева апайының еңбегі тұрғанын айтқым келеді. Бұған дейін де Дильназ талай пәндік олимпиадада үздік нәтиже көрсетіп жүр. Мектебіміздің, сыныбымның мақтанышы Дильназға үлкен додаларда бой көрсетіп, білім бәйгесінде биіктей бер дегім келеді, – дейді сынып жетекшісі Венера Қазиева.

Облыстық пәндік олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мектеп ұстаздары облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Клара ЕСҚАЛИЕВА,
№80 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
14 мамыр 2023 ж. 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930