» » Еңбектің өтеуі – халықтың батасы

Еңбектің өтеуі – халықтың батасы

qarmaqshy-tany.kz Құрылғанына биыл 95 жыл толып отырған құт қонған қасиетті Қармақшы ауданын мен 2011-2013 жылдары басқардым. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі болады. Аудан – түбі бір түркінің ортақ ойшылы киелі Қорқыт баба жатқан жер, ақындық пен жыраулықтың алтын бесігі болған өнерлі өлке, жер кіндігі – Байқоңыр орналасқан тарихи мекен.
Сурет архив қорынан

«Әкім болсаң әділ бол, байланыс қыл елменен» деп ақындар жырлағандай, елге басшылық еткен елеулі жылдары халыққа адал қызмет етіп, әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштерінің жоғары болуына жұмыс жасалды. Оның ішінде, аудан инфрақұрылымының дамуы, кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту, аграрлық сектордағы жоғары көрсеткіштер, білім, денсаулық, халықты әлеуметтік қорғау мәселелерінде оң тенденция қалыптасты.

Басшылық еткен жылдары Төретам кентінде республикалық бюджет есебінен 600 орындық, Қызылтам елдімекенінде 100 орындық, Т.Көмекбаев ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілсе, денсаулық саласы бойынша Төретам кентінде ауылдық емхана, Алдашбай ахун, Иіркөл ауылдарында фельдшерлікакушерлік бекет құрылысы салынып, халыққа ұсынылды. Сонымен қатар, сол жылдары көптен шешімін таппай жүрген Жосалы кентіндегі бір ауысымына 25 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысы басталып, бүгінде оның аудан тұрғындары емхананың игілігін көріп отыр.

2012 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге көшіру мақсатында Т.Көмекбаев ауылында инженерлік инфрақұрылыммен 30 тұрғын үй салынып, шалғай орналасқан Шобанқазған, Кекірелі елді мекендерінен көшуге ниет білдірген 30 отбасы орналастырылды. Аталған бағдарлама аясында «Жаңажол», ІІІ Интернационал ауылдарында орталық алаң абаттандырылып, көшелер жарықтандырылды. Аудан бойынша 143 адамға 252 250 мың теңге шағын несие беріліп, кәсіптерін бастауға қолдау көрсетілді.

Сыр сүлейі, ақын, назым сөздің шебері – Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 130 жылдық мерейтойына орай 2012 жыл ауданда «Тұрмағамбет жылы» деп жарияланып, ақынның мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Ақын мерейтойында ауданда рухани-танымдық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ақын тұлғасы асқақтады.

Аудандағы өнердің бірден-бір қарашаңырағы – аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге аудандық бюджеттен 70,0 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, кент орталығында «Тәуелсіздіктің – 20 жылдығы» атындағы демалыс саябағы ашылып, саябақ тұрғындардың мәденирухани демалыс орнына айналды.

Осы жылы Төретамда 150 орындық клуб пайдалануға беріліп, Тұрмағамбет, Ақжар, Ақай елді мекендерінде дәл осы жобадағы клуб құрылысы басталып, ол 2013 жылы ел игілігіне пайдалануға берілді. Осы жылдары кент орталығында және ауылдық елді мекендерде бірнеше көшеге абаттандыру жүргізілді. 2013 жылы «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында Жосалы кентінен 2 үйдің құрылысына республикалық бюджеттен 11 200,0 мың теңге және жергілікті бюджеттен 5 704,0 мың теңге бөлініп, барлығы 16 904,0 мың теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Ауыл жастарының бос уақытын мазмұнды, тиімді ұйымдастыру мақсатында Жосалы кентінде, Абыла, Иіркөл, Алдашбай ахун, Қуаңдария елді мекендерінде спорт алаңдары салынып, Жосалы кентінде 300 орындық стадион құрылысы пайдалануға берілді. Бұл – аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын сақтау, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жасалған үлкен қамқорлық болды деп есептеймін.
2013 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында «Көмекбаев елді мекеніндегі су сорғы стансасын қайта жаңғырту» жобасына облыстық бюджеттен 14 937,0 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.

Өздеріңізге белгілі, аудан аумағында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені – түбі бір түркі жұртының тәу ететін қасиетті мекенінің бірі. 2013 жылы «Үдемелі индустриялықинновациялық даму» бағдарламасы бойынша Қорқыт ата кешені жанынан туристерге, жолаушыларға, тәу етушiлерге қызмет көрсететін мейрамхана, намазхана, қонақ үй, монша, бассейнi бар зиярат ету орталығы жобасы басталып, ел тағзым етер қасиетті орында құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне аудан басшысы ғана емес, руханият жанашыры ретінде басшылық жасадым.

Ел игілігіне қызмет ету – қашан да адамдық та, азаматтық та парызымыз.
Әрине, елге еткен еңбектің өтеуі – халық алғысы, ақ батасы. Қармақшы жұртының алғаусыз сенімі мен шынайы құрметі мені әркез жауапкершілік пен биікке жетеледі.

Қызмет атқарған екі жылда елдің ортасында болып, ашықтық пен қарапайымдылық ұстанымында болдым, ел де «өз балам» деп әрбір бастамам мен қадамдарымды жақсылықпен құптап отырды. Сол үшін де барша қармақшылықтарға деген ыстық ықыласым шексіз.

Осы орайда, ауданның 95 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын. Өнер мен өнегенің алтын бесігі, ақындық пен жыраулықтың Отаны болған қасиетті мекенде ел бірлігі бекем болып, елдің әл-ауқаты арта берсін.
Ел тойы құтты болсын!
Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
14 мамыр 2023 ж. 488 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930