МӘМС: өзекті сұрақтарға жауаптар
Фото: ашықдереккөзден
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалына қызылордалықтардан сұрақтар түсуде. Бірқатар өзекті мәселелерге ӘМСҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов жауап берді.
Үш ай бұрын жұмысқа орналастым. МӘМС-ке төлемдер тек осы кезеңде ғана бар. Стационарда жоспарлы ем алуым қажет. «Сақтандырылған» мәртебесін алу үшін қалай дұрыс төлеу керек?
«МӘМС туралы» Заңға сәйкес МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқық алу үшін 12 ай бойы үздіксіз төлемдер қажет. Осы жағдайда қызметкерге өткен айлар үшін төлем жасағаны жөн. Сонымен, егер 2023 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айлары үшін төлемдер болса, онда 2022 жылдың сәуірінен желтоқсанына дейін дербес төлеуші ретінде төлеу қажет. Өткен жылы МӘМС-ке ай сайынғы жарна сомасы 3 мың теңгені құрады. Еске салайық, аударымдар мен жарналарды өңдеу, аудару үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы тексеруге болады.
Аяғы ауыр әйел жүктілігі бойынша есепке тұрған. Бірақ БЖТ төлегендіктен мәртебесі сақтандырылмаған. Сақтандырылу мәртебесіне қалай ие бола алады?
Егер бұл әйел ресми түрде жұмыс істемесе және «жұмыс істемейтін жүкті әйел» жеңілдік санатына кіргісі келсе, ол үшін соңғы 2 айға зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар түспеуі керек, яғни егер ол маусым және шілде айларында БЖТ төлемесе, онда тамыз айында оған жеңілдік мәртебесі беріледі.
Пациентті тіркелген жері бойынша емес клиникаға жіберуге бола ма?
Егер пациентке консультациялық-диагностикалық қызмет (КДҚ) қажет болған жағдайда, тіркелген жері бойынша жалпы практика дәрігері медициналық ақпараттық жүйесіне осы қызметке жолдама жазады (мысалы, ЛОР дәрігерінің кеңесі). КДҚ қызметі науқас тіркелген медициналық ұйымда да, басқа клиникада да, оның ішінде республикалық деңгейде де ұсынылуы мүмкін. Бірақ, клиника ӘМСҚ мәліметтер базасында болуы тиіс.
Егер сізде қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, сіз емхананың анықтама қызметіне немесе өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.