Түркия төрінен ыстық сәлем!
qarmaqshy-tany.kz Оқу-білім адам үшін пайдалы дүние. Кешегі тарихымыз да, бүгінгі кешіп отырған күнімізде де білім өз тұғырынан тайған емес. Қайта одан сайын оның нарқы артып, бәсекесі биіктеп келеді. Өз елімізде алған оқу ілімін шетелде жалғастырып жүрген жастарымызды ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Сондай жастардың қатарында сыр сүлейлерінің ізбасары, сырлы өнердің тереңіне үңіліп жүрген Малика Алдамжарованы қуана айтқан болар едік.
Ол 2001 жылы дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің «Алтын белгі» иегері. 2010-2015 жылдар аралығында аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінің «Домбыра» сыныбын күй жанры бойынша бітірген. Сонымен қатар, К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі үйірмесінен жыр жанры бойынша білім алған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі жыр мамандығының түлегі. Жоғары оқу орнындағы «Домбыра-думан» ұйымының негізін қалаушы жас. 2021-2022 оқу жылында Қызылорда қаласы, Ақсуат ауылдық мәдениет үйінде домбырашы және домбырадан дәріс беруші қызметін атқарған.
Біздер үшін әркез өнер адамының өнерге келуі, оны таңдауы – қызықты сұрақ. Бұл сауалдан тағы да аттап кете алмадық.
– Мектеп уақытысында 4-сыныптан домбыраға деген қызығушылығым өте қатты болды. Бірақ үйде анам қарсылық жасады. Көрші үйдегі Айгүл Жағалова деген апайым домбырадан сабақ беретін. Менің қоймай өтінгенімнен анам сол кісінің сыныбына күй жанры бойынша музыкалық мектепке берді. Сөйтіп, музыкалық мектепте 5 жыл Айгүл апайдың сыныбында оқыдым. Негізі әу бастан қызығушылығым күй емес, домбырамен жыр айту болған. Өйткені, мұғалімімнің Жұлдызай есімді қызы терме айтатын. Соған қатты қызығып, үйіне сылтаумен терме тыңдауға жиі баратынмын. Дауысы сондай әдемі. Содан ауданда Жыраулар үйінің бар екенін есіттім. Анам «Бидас Рүстембеков деген жырау кісі бар. Үйренемін десең, соған бар» — деді. Домбыра ойнап үйреніп қалған уақытым ғой. Ол үйден алыс болды, баруға қорқатынмын. Бірақ қызығушылық қойсын ба?! Не керек көрші сыныптас досымды қасыма ертіп бардым бірде. Анам онымды жақтырмады. Ол уақытта Бидас ағай Жыраулар үйінің директоры. Ағайға кіріп, танысып қайттым. Қуанышымда шек жоқ болып үйге қайттым. Ағай бірінші сабақта Тұрмағамбет атамыздың «Жаныңнан жақын нәрсе жоқ» деген термесінің тек бір қатарын үйреткен. Мен соған мәзбін, мақам үйрендім деп, ол кезде сөздің мағынасын түсінбейтін кезім ғой. Тек терме айтып, сол домбырадағы әуен сазы мақамын үйренсем болды деп жүргем. Ол кезде қателеспесем 6-7-сыныпта оқимын. Үйге келіп тек мақамның бір қатарын тарта беремін. Сол кезде бірден үйреніп алғанмын. Ішімнен ойлап қоямын, мен домбыра тарта аламын, болмағанда төрт қатарын үйретпей ме деп, балалық-ай. Сөйтсем, ағай сөзінің мағынасын түсініп асықпай үйренсін дегені екен ғой. Солай-солай үйреніп кеттік. Одан кейін ұстазым өзінің шәкірті Әйгерім Ешбаеваға мені табыстады. Солай жыр термедегі әрі қарайғы ұстазым Әйгерім апай болды. Оның болмысы, тұрысы бәріне менің бала көңілім ауып, ол кісіні үлгі тұттым. Кейін бәрі: «Әйгерім шәкіртің өзіңнен айнымайды» деп. Апайымнан өмір жолында да, өнер жолында да тәлім-тәрбие көп алдым. Менің осы күндегі өзіндік орны бар жыршытермеші болып қалыптасуымның баспалдағы – аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі. Мақтанамын сол үйдің шәкірті болғаныма. Қазіргі таңдағы Қармақшы өңірінен шыққан талантты жыршы-термеші қыз-жігіттеріміздің бәрі сол үйірменің шәкірттеріміз. Ал, өнер жолындағы баспалдағым музыка мектебінде Айгүл Жағалова мұғалімімнің сыныбынан басталды. Ұстаздарыма мың алғыс!, – дейді көптеген халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы.
Маликаның Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түскенінде алғашқы ұстазы Нұртуған жыр мектебінің өкілі, жырау – Шолпан Бимбетова болған. Одан соң Жиенбай жыр мектебінен де дәріс алған. Ол өнер өлкесінде осы кезге дейін бірқатар жетістікке жетсе, соның кейбіріне тоқтала кетейік. Атап айтқанда, Байқоңыр қаласында өткен «Мой родной край» XII халықаралық балалар байқауында, Қызылорда қаласында өткен «Жыр жүйрігі – Жиенбай» атты жыршы-термешілер байқауында I орын, ауданда өткен «Домбырасын моншақтаған жыр жампоздары» тақырыбындағы облыстық жыршы қыз-келіншектер фестивалінде лауреат атанады. Жырау Ш.Төлепованың 85 жылдығына орай өткізілген облыстық «Шалқыған Шамшат жырлары» атты жыршы-термешілер фестивалінің дипломанты болса, облыстық XVII «Бозторғай» байқауының II орын иегері, облыстық «Қорқыттан қалған қоңыр үн» өнер байқауында бас жүлдені қанжығасына байлайды. «Әбіш шығармалары» атты ғылыми-танымдық зерделеу жобасында ІІІ орын алса, «Сөз шеберлері» атты аймақтық сайыста да бабы келісіп, биіктен көрінеді.
Малика Маратқызы «Өнерде шекара болмайды» дегендей, Қазақстанда алған білімін одан да жоғары деңгейде дамыту үшін бүгінде шет мемлекетте білімін жетілдіруде. Атап айтқанда, Түркияның Анкара қаласында «Ankara müzik ve güzel sanatlar», яғни Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің «Музыкатану» мамандығында магистратура ғылыми дәрежесінде білім алуда. Дарын иесі – «Türkiye bursları» әлемдегі түркі жастарының халықаралық бағдарламасы негізінде грант ұтып алған болатын.
«Мұнда оқуға талап қатты. Сұраныс та жоғары. Оқу орнында әлемнің әр түкпірінен түркі жастары жиналған. Ара-кідік іс-шараларға қатысып тұрамыз. Қазақтың домбырасына, оның ішінде жыр-термеге, біздің Сыр елінің мақам-сазына деген қызығушылықтары керемет. Достар таптым. Араласып тұрамыз, мәдени-өнер жағынан тәжірибе алмасамыз. Олар – Қазақстанды болашағы зор мемлекет деп есептейді. Мемлекет басшысына құрметпен қарайды. Қазақ халқын жандарына жақын тұтады» дейді ол сонау түркі елінен ұялы байланыс арқылы.
– Ең әуелі қасиетті жүз шайыр шыққан мекенде туғаныма мақтанамын. Елге тілегім – ауданымның өркендегенін, қай саласы болсын жоғары деңгейде жұмыс жасағанын қалаймын. Елдің атын шығарар азаматтары көп болсын. Естіп жатырмын, зілтемірші Ерасыл ініміз екі дүркін әлем чемпионы атаныпты. Ауыл-ел аман болсын. Өзімнің сол Сыр елінде туғанымның өзі бір жетістік деп айтар едім. Мен үшін ауыл өте ыстық әрі қымбат, – дейді арнайы Түркия төрінен сәлем жолдаған жыршы-термеші қызымыз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК