Қызылордада I халықаралық «Туған жер» әншілер конкурсы өтті
Қызылордада басталған композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеев атындағы I халықаралық «Туған жер» әншілер конкурсына Қазақстанның барлық өңірінен және 7 мемлекеттен үміткерлер қатысуда.
Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Өнерге құрмет мәңгілік болуы тиіс! Кеңес ағаны халық есінде мәңгі қалдыру үшін есімі Қызылорда облыстық филармониясына берілетін болады. Бұл – барша жерлестеріміздің құрметі мен сыйы!
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, халықтың рухани келбеті. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мәдениетті дамыту үшін елімізде креативті индустриялар базасын қалыптастырудың маңыздылығына баса назар аударып келеді. Мұны жан-дүниесімен сезінетін жанашыр жерлестеріміздің қолдауымен бірқатар мәдениет нысанының құрылысын бастауға мүмкіндік алдық. Өткен жылы ел ағаларымен бірге іргетасын қалаған көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығын» жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Өнер орталығында өтетін концерттердің кәсіби әрі жанды дауыста көрерменге жол тартуына септігін тигізетін симфониялық оркестрдің де тұсауын жаңа ғимаратта кесетін боламыз», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін республикалық деңгейде өткізіліп келген айтулы конкурс биыл тұңғыш рет халықаралық сипатқа ие болды. Байқауға Қазақстанның барлық аймақтарынан келген талапкерлермен бірге Болгария, Польша, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінің өнер өкілдері қатысуда. Талантты өнерпаздарға отандық және шетелдік кәсіби музыка мамандары, өнер иелері баға береді.
Көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының Президентінің мәдениет саласы бойынша мемлекеттік стипендия иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы атанды. Кеңес Дүйсекеевтің қалың елдің ыстық ықыласына бөленген «Қаракөзайым», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!», «Өкінбе сен» және басқа да әндерін Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Жұбаныш Жексенұлы секілді қазақ эстрадасының майталмандары орындайды. Бұл әндер қазақ жастарының отаншылдық рухын көтеретін, эстетикалық талғамын байытатын туындыларға айналды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі