Ғарыш ғажабына бойлаған мұражай
qarmaqshy-tany.kz БАЙҚОҢЫР – ҒАРЫШ КЕҢІСТІГІНЕ ЖОЛ САЛҒАН ҒАЖАЙЫП ҚАЛА. ӘЛЕМДЕ КЕШЕНДІ БІЛМЕЙТІН ЖАН ЖОҚ ДЕСЕК, АРТЫҚ АЙТҚАН БОЛМАЙМЫЗ. ОСЫДАН 68 ЖЫЛ БҰРЫН МАҢ ДАЛАДА БОЙ КӨТЕРГЕН ШАҒЫН ШАҺАР МІНЕ, АЖАРЫ БӨЛЕК, ӘЛЕМ НАЗАРЫ АУҒАН ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫ. БАЙҚОҢЫР – ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ БІРДЕН-БІР КӨРІНІСІ. ӘЛЕМ ТАНЫП, ҒАРЫШ ҚАЛАСЫ АТАНҒАН ШАҺАРДЫҢ ТАРИХИ ОРЫНДАРЫНЫҢ БІРІ – ҚАЛАНЫҢ ТАРИХИ МҰРАЖАЙЫ. ОЛ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҮШІНШІ ҚАБАТЫНДА ОРНАЛАСҚАН. МҰРАЖАЙ КІРЕБЕРІСІНІҢ ОҢ ЖАҚ ҚАБЫРҒАСЫНА ҚАЛАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛҒАН ТҰСТАҒЫ ТАРИХЫН БЕЙНЕЛЕГЕН СУРЕТТЕР, ЯҒНИ БҰЛ СТЕНДТЕН ЕҢ АЛҒАШ ҚАЛА ЗАРЯ (1955 ЖЫЛ) ПОСЕЛКЕСІ, ОДАН КЕЙІН ЛЕНИНСК ПОСЕЛКЕСІ, КЕЙІН ЛЕНИНСК (1966 ЖЫЛЫ 22 МАУСЫМДА) ҚАЛАСЫ, АЛ БЕРТІН КЕЛЕ БАЙҚОҢЫР (1995 ЖЫЛЫ) ҚАЛАСЫ АТАНҒАНЫН БІЛДІК. АЛ КІРЕБЕРІСТЕГІ СОЛ ЖАҚ ТҰСТА БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ АТАҒЫН АЛҒАН ҒАРЫШ САЛАСЫНА ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТТАРДЫҢ СУРЕТТЕРІ МЕН МАҚТАУ ГРАМОТАЛАРЫ ІЛІНГЕН. 1967 ЖЫЛЫ 7 ҚАРАШАДА ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҒИМАРАТЫНДА ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНЫҢ ӘСКЕРИ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫНЫҢ ӘСКЕРИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ДАҢҚТАРЫ ТУРАЛЫ ЭКСПОЗИЦИЯ АШЫЛҒАН ЕКЕН. НӘТИЖЕСІНДЕ КӨРМЕ ОДАН ӘРІ КЕҢЕЙТІЛІП, ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНЫҢ ТАРИХИ МҰРАЖАЙЫНА АЙНАЛДЫ. ТАРИХИ МҰРАЖАЙДАН КОСМОДРОМ МЕН ҚАЛА ТАРИХЫ ЖӨНІНДЕ МОЛ МАҒЛҰМАТТАР АЛУҒА БОЛАДЫ. МҰРАЖАЙДАҒЫ ЭКСПОНАТТАРДЫҢ КӨПШІЛІГІН КЕЗІНДЕ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ ӘКЕЛІП БЕРГЕН. МҰРАЖАЙ ЖӘДІГЕРЛЕРІН (ҚҰЖАТТАР, СУРЕТТЕР, ҒАРЫШКЕРЛЕРДІҢ ЖЕКЕ ЗАТТАРЫ) ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫ МЕН АЛҒАШҚЫ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ БАЛАЛАРЫ МЕН НЕМЕРЕЛЕРІ ЖИНАҒАН.
Мұражай 4 залдан тұрады. Олардың біріншісі – әскери және еңбек даңқы залы, екіншісі – зымыран техникасының дамуының тарихи залы, үшіншісі – этнографиялық зал, төртіншісі – көрме залы. Мұражайды тамашалауға келген әрбір адам оның алғашқы әскери және еңбек даңқы залында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қолданған қару-жарақтар, әскер қатарындағы жауынгердің формасы, наградалар және басқа да көптеген тарихи жәдігерді тамашалайды. Бұл залда ғарыш кешенінің құрылу тарихындағы алғашқы құрылыстар мен ғимараттардың, үйлер мен көшелердің суреттері ғарыш саласының алғашқы құрылысының бастау алған тұстарын бейнелейді. 1955 жылы 5 мамырда қаланың ғимараты әскери құрылысшылар тұрған штаб ретінде салынған. Ең алғашқы көшелері – Пионерская, Набережная, Школьная, Песчаная, Речная. Ең бірінші салынған – №30 мектеп (қазіргі Г.Шубников атындағы №1 мектеп). Осы залдың ішінде С.Королев, М.Неделин, Н.Хрущев, Г.Шубников сынды ірі тұлғалардың ғарыш кешенінің құрылуына және ғарышты игеру дәуірінің басталуына сіңірген ерен еңбектері жөнінде мәліметтер жинақталған.
Байқоңырдың негізін қалауға атсалысқан әрбір ғалым, құрылысшының адамзаттың ғарышты игеруге қосқан үлестерінің артында өлшеусіз еңбек пен үлкен жүрек және ғарышкерлердің ерлігі бар. Мұражайдың бұл залынан ғарыш саласы тарихында жасалған алғашқы қадамдар жөнінде мол мағлұмат алуға болады. Мұнда Жердің тұңғыш жасанды серігінің түпнұсқасынан айнытпай жасалған көшірмесін көрдік.
«... Әлемнің жиегінен, яғни осы құрметке ие болған Отанымыздың қасиетті жерінен ғарыш кемелері әлі бірнеше рет белгісіз алыстарға кететін болады. Олардың әрбір ұшуы мен қайтып келуі халқымыздың, бүкіл адамзаттың ұлы мейрамы, Сана мен Алға басудың жеңісі болады», – деп жазды ғарыштық-зымыран жүйесінің бас конструкторы С.Королев.
1957 жылы 4 қазанда кешкі сағат 22:30 шамасында С.Королевтың әйгілі «Жетінші» ғарыш кемесі (Р-7 құрлықаралық баллистикалық зымыраны) Жердің 1-ші жасанды серігін жер орбитасына жеткізеді. Тарихта тұңғыш рет адам баласының қолымен жасалынған, құрылысы күрделі емес, алюминийленген, салмағы 83 келіні құрайтын шар тәріздес аспан денесі Жердің тартылыс күшінің заңын бұзып, ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл ғылым мен техниканың ұлы жеңісі ғарышқа алғаш жол салды. 1 айдан соң Жердің 2-ші жасанды серігі ұшырылды. Оның салмағы алдыңғысына қарағанда 6 есе ауыр болатын. Бұл ұшырылымнан кейін маңызды факт дәлелденді: тірі ағза ғарышта өмір сүре алады. Осылайша, Лайка есімді адамның досы ғарышқа ұшқан ең алғашқы тіршілік иесі ретінде бүкіл әлемге танылды. КСРО ғылымының триумфын бүкіл әлем мойындады. Кеңес Одағының ғалымдары бұдан кейін де жаңа эксперименттермен айналысуға кірісіп кетті. Сонымен қатар, мұражайда түрлі ғарыш кемесінің: «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс», тағы басқасының макеттері мен нағыз ғарыш кемелерінің бөлшектерін көруге де мүмкіндік бар.
«Союз» ғарыш кемесінің ұшу кезіндегі схемасын электр жүйесіне қосу арқылы бейнеленгенін көрдік. Осы залдың бір бөліміндегі ортада қаланың макеті де қойылған екен. Мұражайдың екінші зымырандық-ғарыштық техниканың даму тарихы және ғарыш кеңістігін игеру залынан білгеніміз әлемде ғарыш айлағы Жапония, Үндістан, Франция, АҚШ елдерінде де бар екені.
1961 жылдың 12 сәуірінде Мәскеу уақыты бойынша сағат 9.07-де адамзат тарихында тұңғыш рет «Восток» кемесімен Юрий Гагарин ғарышқа ұшты. Ғарышқа ұшқан алғашқы адамның есімін бүкіл жер шары ұрандатты. Әлем КСРО азаматына бас иді. Жұмыр жердегі барша адамзат тебіреніп, бір қас-қағым сәтте тұңғыш ғарышкерді бауыр тартып, жақын көрген ғажайып сәт. Ақынның тілімен айтсақ, «балықтың судан құрлыққа шығуына» барабар ұлы қадам, адамның ғарышқа ұшуы өркениет тарихындағы тағы бір ренессанстық параққа айналды, сананың көкжиегі ашылып кеткендей еді. Жюль Верннің қиял-ғажайып романдары шындыққа айналғандай болды. Ю.Гагарин «ХХ ғасырдың Колумбы» атанды. Адам баласы ғарышты бағындырған дәл осы күн, яғни 12 сәуір – халықаралық Космонавтика күні болып жарияланды.
Мұражайдағы бірегей экспонаттың бірі – «Союз» ғарыш кемесіне арналған «Сокол-К» құтқарушы скафандры. Ол герметикалық кабинада ұшу кезінде қажет. Кеменің амортизациялық қалыбы ескеріліп, скафандр әрбір ғарышкер үшін арнайы жасалынады. Оны ұшудың ең қауіпті жерлерінде киеді. Сонымен бірге «Казбек» деп аталатын креслоны, ғарышкерлердің ғарышқа аттанар алдында дайындық үстінде киетін арнайы формасын, арнайы тюбиктер мен консервілерде сақталатын ғарышкерлердің тағамдарын көрдік. Осы залда 1960 жылдың 24 қазанында континентаралық баллистикалық Р-16 зымыраны алғаш рет ұшыруға дайындық кезінде орын алған апаттан қаза болған әскери адамдарды аза тұтуда жасақталған арнайы бұрыш та бар. Ғарыштық-зымыран жүйесінің бас конструкторы С.Королевтің қызы Наталияның «Отец» деген кітабы да осы жерден орын тапқан. Айлақтың тарихи мұражайында арнайы қазақтың ұлттық мәдениетіне арналған этнографиялық зал деп аталатын зал бар. Онда қазақтың киіз үйі, жабдықтары, есігі, сандық, бесік, диірмен, қазан-ошақ, күбі, келі, келсап, самаурын, шәйнек, қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген текемет, қоржын, ұлттық музыкалық аспаптар: домбыра, жетіген, даңғыра, сыбызғы, қобыз, шаңқобыз, қылқобыз, дабыл, асатаяқ, шертер, қазақтың ұлттық киімдері, ат әбзелдері және тағы басқа құнды тарихи жәдігерлеріміз экспозицияланған. Абай Құнанбаев пен Ғани Мұратбаевтың суреті бейнеленіп тоқылған кілемшелер көздің жауын алады. Залда Қармақшы ауданынан табылған санғасырлық тарихы бар «Сыр талы» деп аталған ағаштың фрагменті, Жетіасар мәдениетінің жарқыншақтары болған керамикалық құмыралар, әртүрлі ыдыстар қойылған. Дала үкісінің қатырылған денесі де осы залдан табылады.
Ғарышкерлер осы мұражайға келген уақытта міндетті түрде киіз үйде суретке түседі. Киелі қазақ даласынан ұшатын ғарышкерлер ұлтымыздың салт-дәстүріне ерекше ықылас танытып, қазақ халқы туралы көбірек білуге талпынады. Мұнда қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтерге арналған арнайы бұрыш бар. 1991 жылы 2 сәуірде қазақ ұлтының мақтанышы Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда «СоюзТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы қазанда Тоқтар Әубәкіров жерге оралды. Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық даярлықты зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Халқымыздың тағы бір мақтанышы – Талғат Мұсабаев. Ол қазақтың екінші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері, техника ғылымдарының докторы, авиация генерал-лейтенанты. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы. 1994 жылы ғарышқа бірінші рет ұшқан кезінде 126 күн ғарышта өткізген.
1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқанда 208 күн ғарышта өткізді. Гиннестің үздік табыстар кітабында бір айдың ішінде 5 рет небары 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққаны жазылып алынған.
Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі алғашқы ғарышкер Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшуы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қайталанбас тарту болды. Ол ғарышқа ұшқан қазақтың үшінші, әлемнің 545-і ғарышкері. Айдын ғарышқа «Союз-ТМА-16М» кемесімен 2015 жылы 2 қыркүйек күні аттанып, 4 қыркүйек күні «Союз» халықаралық ғарыш стансасына автоматты режимде сәтті түйісті. Бұған дейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Айдын Айымбетовке Қазақстанның Мемлекеттік туын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ЭКСПО-2017» жалауын тапсырып, ғарышқа аттанатын экипаж мүшелеріне сәттілік тілеген еді. Ғарышкер Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындалған символикалық белгіні алып ұшты.
Мұражайдың төртінші көрме залы біршама уақыт сайын тақырыпқа сәйкес өзгертіліп тұрады. Ғарышты игеру эрасының басталу тарихы ғарыш кешенінің құрылу тарихымен тығыз байланысты. Байқоңырдың географиялық кеңдігі, жазық ландшафт және экваторға жақын орналасуы – адамның «ғарышқа сапар шексем» деген ең ғажайып арманының орындалуына қолайлы болып шықты. Міне, осылайша дәл осы өңірдің тағдырына «ерекше географиялық орын» болу бұйырыпты. Аңызға сүйенетін болсақ, түркі халықтарына ортақ ойшыл Қорқыт ата дүниенің төрт бұрышын аралап, сонан соң өз топырағына, яғни Сыр өңіріне қайта оралып, бұл мекенді – «Жердің кіндігі» деп атаған. Қазақтың осы қасиетті өлкесін «Жер кіндігі» деп атаған бабамыз дәл осы мекеннен адамның ғарышты бағындыратынын болжап кеткен болса керек. Қорқыт ата тас алып, аспанға лақтырса, ол тастың кері түсуі өзге жерлерге қарағанда баяу болған көрінеді. Әйгілі ғалымдардың зерттеуі бойынша да жердің тартылыс күші аздау, траекториясы ғарыш кемесін ұшыруға ең қолайлы әрі тиімді орын – Байқоңыр.
Қазіргі таңда қала дүниежүзілік ғарышты игерудің астанасына айналып үлгерді. Жер бетіндегі ең қарқынды жұмыс істеп тұрған ғарыш айлағы. Әлемдегі әрбір үшінші ғарыш кемесі, яғни дүниежүзіндегі жалпы ұшырылымдардың 70%-і осы ғарыш айлағынан ұшырылады. Бұл адамзат баласы үшін космонавтика дәуірін ашып, ғарышқа жол салған жер шарының бірінші ғарыш айлағы. Байқоңыр тек ғылыми, технологиялық, әскери, саяси, экономикалық маңызға ғана ие емес. Ең алдымен ұлттық мақтаныш нышаны. Себебі, дәл осы киелі қазақ даласынан тарихта тұңғыш рет адам баласы ғарышты бағындырды.
Мұражай бойынша жүргізілген сапарымызда ондағы тарихымыздан сыр шерткен жәдігерлерді көріп бойымызда туған елімізге деген мақтаныш сезімі ұялады.
Бүгінгі жас жеткіншек өткен тарихымызды, адамзат баласының ғарышты игеру жолында жасаған еңбектерін ешқашан ұмыт қалдырмауы тиіс. Себебі тарих – біздің келер ұрпақ өкілдеріне мақтанышпен аманат етіп қалдырар жетістіктерімізді, бағындырған биіктерімізді айқындайтын асыл да қастерлі қазынамыз.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ,
Байқоңыр қаласы