» » Ырыс тер төккенге бітеді

Ырыс тер төккенге бітеді

qarmaqshy-tany.kz Сонау нарық заңының қысылтаяң шақтарында жұртшылықтың көбісі дорбасын арқалап, базар жағалап, күн-көріс қамын күйттегені белгілі. Қара қазан, сары баланың қамымен бала-шағасын аш қылмаудың қамын жасап, қиындықтарға қарамай, арпалысып жүрген жандарды көбіміздің көргеніміз де шындық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сол нарық заманында қалаға келіп, сауда орталықтарында саудамен айналысып, бүгінде өз сауда орталығының иесі атанып отырған жайы бар.
 Фото: ашық дереккөз
Төретам кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің бұрылысындағы «Ақсеңгір» сауда орталығының алдынан үнемі ағылған халық пен ызғыған автокөлікті көресіз. Орталыққа сауда жасаушылардың бірі кіріп, бірі шығып жатады. Бұл жерде дүкендегі заттардың бағасы басқа дүкендерге қарағанда төмен. Әрі алатын затыңды өзің таңдап алатыныңның өзі жақсы. Төретам кентіндегі жеке кәсіпкер Әкімжан Қазиев басқаратын «Ақсеңгір» сауда орталығының бірнеше бөлімі бар. Бұл сауда орталығы төретамдықтар, байқоңырлықтар және ақайлықтар үшін негізгі сауда көзіне айналған нүкте десек те болады. Қашан да «Ақсеңгір» сауда орталығының алдына жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, қызу сауда, кезекте тұрған халықты көресіз. Бұның бір сыры – сауда орталығындағы заттың бағасы халықтың қалтасы көтеретіндей болып отырғаны.
Ең алдымен осы сауда орталығының иесі Әкімжан Жұмажанұлының өмір жолына тоқтала кетейік. Қай кезде көрсеңіз де үнемі көңілді жүретін ағамыз 1962 жылы қасиетті Арал топырағындағы Құмбазар деген жерде дүниеге келген. Кеңес дәуірі кезінде үкіметтің шаруашылық қызметтерінде әртүрлі жұмыстар істейді. Еліміз егемендік алған тұстағы нарық заманының қысылтаяң кезеңінде 1994 жылы тіршілік қамымен осы Байқоңыр өңіріне көшіп келеді. Келген жылдарда қаладағы орталық базарда бизнеспен айналысқан. Екі қолға бір жұмыс табылмай, көпшілік халыққа күнделікті тұтынатын қажетті заттар жетіспей, қат болып қалған кездер есте болар. Дәл осындай кезде сауданың көзін таба білгендердің күнкөрісі жақсара түскені де анық. Қазақтың «Алла берер жағын байламасын» деген сөзі осы сауда ісін қолға алып, нәтижесінде үлкен сауда орталығын ашқан Әкімжан Жұмажанұлына арналғандай. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзді осы орталық басшысы есінен әсте шығарған емес. Біз әңгімелесіп отырғанда күнделікті сауда жайымен немесе жеке шаруамен келген адамдарды жылы қабылдап, оларға қанағаттанарлықтай жауап беріп отырды. Бәзбіреулер секілді бастықпын деп жан-жағындағылардың апшысын қуыратын жан емес. Керісінше қызметкерлерінің жағдайын жасап, шешімін таппаған мәселенің күрмеуін тарқатуға тырысатын басшыға қалайша риза болмайсыз. Қабылдауға келушілерге айтар жауабы тек «иә, жарайды, болады». Басшының қарапайым болуы көпшілік қауым үшін күтпеген жағдай. Ал, қарапайым, сөзге тоқтайтын осындай басшы жұмысының алға өрлеуінің өзі сүйегінің асылдығында деп білемін. Ол ұзын бойлы, жасы алпысты алқымдаған бидай өңді келген кісі екен. Өзіне атбасын тіреп келген жандардың айтар сөзін тыңдап, тыңғылықты жауап беріп, тез арада шешім қабылдай білетін жан.
«Ақсеңгір» сауда орталығының еншісінде бірнеше дүкен бар. Бірінде күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары сатылса, екіншісінде көкөністер, жемістер саудаланады. Ал тағы бірінен шаруашылыққа керекті заттың бәрі табылады. Дүкендерде 15-тей адам жұмыс істейді. Осы орайда орталық жұмысының ыстық-суығына көніп, еңбек етіп жүрген жандарды сөз ете кеткенді жөн көрдік. Бизнесменнің тікелей көмекшісі, өзінің әйелі Бибігүл Тәжімбетова болса, Жанат Дінахметова мен Жадыра Әкімжанқызы сынды ұйымдастырушылары бар. Дүкенге келген тұтынушыға жылышырай танытып, сұрағанын тауып беретін сатушылардың орны бір бөлек. Орталықта Гүлнәр Қожахметова, Гаухар Қосмамбетова, Гуля Ералиева, Алма Нақыпова, Құттыбике Төлегенова, тағы басқалары жұмыс істейді.
Сатушылар 15 күндік ауысым бойынша кезектесіп тұрады. Олардың барлығы дерлік медициналық қараудан мерзімінде өтеді. Жұмысқа алған кезде талапқа сай болуына аса мән беріледі. Сауда көзі тауарды көбінесе Түркістаннан алады. «Рахат», «Баян сұлу», «Прима», «Рошен», «Grad House» секілді фирмалардың жергілікті жердегі филиалдарымен тығыз байланыста.
Кәсіпкер былтыр кәсібін кеңейту мақсатында жұбайы Бибігүл Қадырқызының бастамасымен және мемлекеттік бағдарламалардың қолдауының арқасында наубайхана ашқан болатын. Бүгінде жергілікті халыққа таңертеңгі 9-дан кешкі 18-ге дейін күнделікті демалыссыз жұмыс істеп тұрған наубайханада төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мұнда күнделікті көмеш, таба нан, бөлке және 20-дан аса нан өнімдері дайындалады. Сұранысқа сай, наубайханада күнделікті сатылатын және тапсырыспен дайындалатын той дастарқанының сәнін ашатын түрлі тәттілер эклер, дәмді рулеттер пісіріп жүрген Гүлбаршын Отыншиева, Нұргүл Есмағамбетова, Шолпан Қуанбаева мен сатушы Алтынай Баекешовалардың еңбектері елеулі.
– Бұл біздің отбасылық кәсібіміз болғандықтан келіншегім, балаларымның көмегімен істі жүргізіп отырмыз. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілер көмек көп. Оны тек тиімді түрде пайдалану қажет, — дейді жеке кәсіпкер.
Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, жергілікті мекеннің дамуына үлес қосып жатқан осындай жандардың қатары күн санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Одан бөлек, «Байқоңыр Әлеуметтік Кәсіпкерлік корпорациясы АҚ» арқылы кәсіпкер 20 млн теңге несие алып, әлеуметтік дүкен ашқанын да айта кеткеніміз жөн.
Өмір сүріп отырған ортасының жай-жапсарымен танысып, қоғамда өз орнын білдіріп отыру, кез келген мәселеге пікір білдіру белсенді азаматтың басты қағидасы. Себебі, ол жергілікті әкімшілік тарапынан болған сұраныс, өтініштерге дер кезінде жауап беріп, қаржылай көмек қолын созып отырады. Айтпақшы, өзінің жомарттығымен еленген ағаның біз білмейтін бір құпиясы бар екен. Ол өз жанынан өлең шығаратындығы. Ой толғамдары ерекше, жазған қолжазбаларын парақтағанымызда ұмытылып бара жатқан сөздерді қолдану көптеп кездеседі екен. Жазбаларының өзіндік стилі, мазмұны, мәні бар. Ол жігіттік шағында ақынжанды ағамыз «Қара мерген» ертегісінің желісінде өлең-жыр түрінде дастан жазыпты. Өлеңге, жырға құмар Әкімжан Жұмажанұлының «Сырдың құрақ жағасы» атты кітабы жарық көрген. Оған өлеңдер мен толғау, дастандар енген.
Кәсіпкер бүгінде зайыбы Бибігүл Қадырқызы екеуі Әлия, Жадыра, Бақыткүл есімді үш қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп отырған ардақты ата мен әже. «Тәрбие – отбасынан басталады» дегенді ескерсек, ағамыз немересінің сабағына көмектесіп, оқу үлгерімін қадағалайды. Бос уақытын пайдалы өткізуіне сеп болып, өз пікірін білдіріп отыратын жайы бар.
Қымбат БЕРДЕШ,
Төретам кенті
08 ақпан 2023 ж. 246 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031