» » «Күміс жас» жобасы кімдерге тиесілі?

«Күміс жас» жобасы кімдерге тиесілі?

qarmaqshy-tany.kz Еліміздің халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнеткерлік жас алдындағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы «Күміс жас» жобасын іске қосқан болатын. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асады. Ал енді жоба жайлы тарқатып айтайық.
«Күміс жас» жобасы – зейнет жасына таяған жұмыссыз адамдар үшін арнайы әзірленген. Жоба қатысушыларына жалақысының бір бөлігін мемлекет, ал екінші жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік төлемдерді, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін есептегендегі субсидияның ең жоғары мөлшері – 30 АЕК. Экологиялық үстемақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Айталық, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Ал айлығы 200 мың теңге болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. Жобаға қатысу мерзімі – бір жыл. Мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші қатысушыны зейнетке шыққанша тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Жоба бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе «еnbek» электронды еңбек биржасына жүгіну қажет. Елімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша 450 407 жұмыссыз азамат бар. Оның 83 мыңға жуығы 45- 54 жас аралығындағы азаматтар. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Зейнет жасына таяған жандардың көбін жұмысқа қабылдамайды. Сол себепті олар жалдамалы жұмыс істеуге мәжбүр. Иә, егде жастағылардың көбін жұмысқа алғысы келмейтіні белгілі. Осы түйткілді шешуде «Күміс жас» – тиімді жоба. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2020 жылы 55-59 жас аралығындағы әйелдер арасында жұмыссыздық көрсеткіші – 6,6%, ал ерлер арасында – 5,8%, 60-64 жастағы әйелдер арасында – 3,9%, ерлер арасында 4,1% болған. Зейнет демалысына шығуға жыл санап жүрген жұмыссыздар үшін көмек беретін жобаның мүмкіндігі мол. 2023 жылы жобаға жақсы өзгеріс енеді. Бұрын 59 жастағы адамдар ғана қамтылған «Күміс жасқа» келер жылдың қаңтар айынан бастап 50-ден асқан жұмыссыздар қатыса алады. Жобаға қатысу мерзімі бір жыл емес, үш жыл болады. Бюджеттен субсидияланатын жалақы бірінші жылы 70%-ті, екінші жылы 65%-ті, үшінші жылы 60%-ті межелейді деп жоспарлануда. Айта кетсек, «Күміс жас» жобасы аясында жыл сайын кемінде 15 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Елімізде жоба аясында зейнеттік жасқа таяған азаматтар қабылданып, бүгінде жұмыс істеуде. Ауданымызда да осы жоба шеңберінде 1 адам жұмыспен қамтылып отыр.
– Бұл егде жастағы азаматтарды жұмысқа тартып, жұмыссыздық мәселесін шешуде тиімді жобаға айналуда. Қазірде аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 1 адам «Күміс жас» жобасы негізінде жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Төребай би ауылындағы «Дәуіт» шаруа қожалығында агроном болып еңбек етуде. Енді алдағы жылдан бастап аталған жоба аясында 26 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жобаға қатысуға ниетті азамат еңбек биржасында жұмыссыз ретінде ресми тіркеліп, содан кейін ғана жолдама алады. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілерді де осы жобаға белсенді қатысуға шақырады. Мемлекеттік көмек-қолдауын жұмыс беруші де, жұмыссыздар да тиімді пайдаланса нұр үстіне нұр болмақ, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлыбек Балтабайұлы. Жоба 50-ден асқан жұмыссыз әйелдер үшін де пайдалы болмақ. Бастысы табыссыз, жұмыссыз отырған әйелдер еңбекке араласады. Сонымен қатар олардың еңбек өтілі есепке алынып, зейнетақы қоры жиналады. Жоба негізінде олардың материалдық жағдайы түзеліп, болашақтағы зейнетақы мөлшері өсетін болады. Мүмкіндікке қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан жасалған «Күміс жас» жобасы зейнеталды адамдардың әлеуетін ашуға күш салады. Жобаға қатысамын деген, жасы 50-ден асқан азаматтар аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгінуі керек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
27 желтоқсан 2022 ж. 390 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 875

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930