Емхананы еркін таңдауға болады
Аймақта соңғы екі ай ішінде емхананы еркін таңдау науқаны жүргізілді. Медициналық ұйымды таңдау құқығын өңірдің 10 277 тұрғыны пайдаланды. Олардың көпшілігі, яғни 8 660 адам тікелей емханада өтініш берсе, қалған 1617 адам egov.kz. порталы арқылы тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов хабарлады.
-Жыл сайынғы акцияға облыс бойынша 25 емхана қатысты. Оның 14-і мемлекеттік, 11-і жекеменшік. Тіркеу науқаны - емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі болып табылмайды. Бұл рәсімді жылына бір рет еркін таңдау құқығымен жасауға болады. Сондай-ақ егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырған жағдайда емхананы ауыстыруға құқылы. Естеріңізге сала кетейін, электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ болған кезде жүргізіледі. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық - санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі,-деді Бахыт Торғайбайұлы.
Сонымен қатар, сақтандыру мәртебесін электрондық үкімет порталында, Қор сайтында, Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы және «Колдау 24/7» мобильді қосымшасы арқылы білуге болады.