Астана медуниверситетіндегі дау: Жалған сертификатпен ұсталғандар оқуға қайта түсе ала ма
Астана медицина университетінің жалған IELTS сертификаты үшін оқудан шығарылған білім алушылары қайтадан магистратура мен докторантураға түсе алады. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында аталған унверситеттің ректоры Мәжит Шайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның атап өтуінше, жалған сертификаттарды қабылдап алған комиссия мүшелеріне қатысты нақты шаралар қабылданған.
«Құжаттарды қабылдап алған адамдарға қатысты қолданған шаралар жайында айтар болсам, деканмен бірден келісімшартты бұздық. Декан орынбасар мен бас маман өз еріктерімен жұмыстан кетті. Ал оқудан шығарылғандар қалай десек те дипломы бар дәрігерлер. Сондықтан олардың магистратураға, резидентураға қайта түсуге құқылары бар. Бірақ, тек ақылы негізде ғана. Олардың тізімін жариялап қана қоймай, басқа да университеттерге жібереміз. Өйткені, ендігі уақытта тегін білім ала алмайды», - деді университет басшысы.
Университет ректорының сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта магистратура, резидентура және докторантурада ақылы негізде білім алушылар оқудан шығарылғандардың орнына грантқа қабылдау туралы өтініш жасаған. Бірақ бұл мәселені еліміздің Білім және ғылым министрлігі шешетін болады.
Айта кетейік, баспасөз мәслихаты барысында Мәжит Шайдаров жалған сертификатпен магистратура, резидентура және докторантураға түскендердің тізімі жарияланатындығын айтқан еді.
Ал аталған білім ордасының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім факультетінің деканы Ернар Тұрсынбеттің дерегінше, магистратура мен резидентура бойынша ай сайын 61 561 теңге шәкіртақы төленсе, докторантурада оқитын білім алушылар 81 998 теңге шәкіртақы алған. Мұнан бөлек, ай сайын оқуға магистратурада 61 мың теңге, резидентурада 67 мың теңге және докторантурада 120 мың теңге жұмсалған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Астана медицина университеті» АҚ-ға түсу үшін жалған IELTS сертификатын сатып алған 100-ден астам студент оқудан шығарылды.