Татар этномәдени бірлестігіне 30 жыл
qarmaqshy-tany.kz Достық үйінің концерт залында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмасбек Есмахановтың қатысуымен татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдық мерекесі аталып өтті. Мерекелік іс-шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Татарстан Республикасынан арнайы шақырылған қонақтар, бірлестіктің ардагерлері мен жастары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мерекелік іс-шараның алғы сөзі басқармасы басшысының орынбасары Алмасбек Есмахановқа берілді. Салтанатты мерекеде бірлестіктің белсенді мүшелері облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталып, 30 жылдыққа арнайы әзірленген естелік сыйлықтар табысталды.
Татар этномәдени бірлестігі 1991 жылдың 27 қаңтарында құрылғанын айта кетуіміз керек. Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген орталық аталған жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Бірлестіктің алғашқы төрайымы Ахмадеева Нағима Абдуловна болатын. Нағима Абдуловна татар этномәдени бірлестігін құрып, жұмысын жүйелеп, негізін қалады. Осы орайда бірлестікке 20 жыл көлемінде жетекшілік етіп жүрген Галия Гизатуллина барша қатысушылар мен қонақтарға өз жүрекжарды лебізін білдірді. Лед экраннан Нағима Ахмадеева туралы бейнеролик көрсетіліп, №112 орта мектептің директоры және мұғалімдеріне «Н.А. Ахмадееваға 100 жыл» медалі табысталды.
Мұнан соң Татар этномәдени бірлестігінің қалай құрылғандығы жайлы көрініс қойылды. Көрініске бірлестіктің бүлдіршіндері, жастары, белсенділері қатысты.
Іс-шара барысында Дүниежүзілік татарлар конгресі Ұлттық Кеңесінің мүшесі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Альберт Бурханов, Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Өкілетті өкілдігі басшысының көмекшісі Аяна Акинжанова және ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тауфик Каримов, республиканың әр өңірлерінен келген этномәдени бірлестіктердің жетекшілер мен Қызылорда облыстық эмб жетекшілері сөз сөйлеп, бірлестікті 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галия Гизатуллинаны және оның белсенді мүшелеріне қоғамдық келісім мен татулықты берік ету жолындағы елеулі еңбегі үшін ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік кеш аясында шетелдерде білім алып жүрген бірлестік жастарының құттықтау бейнероликтері де көрсетілді. Сондай-ақ, Казан қаласынан келген қонақтар арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды. Татар халқының ұлттық биі мен әндері орындалып, мерекеге орай Сыр өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды.
Айта кету керек, бүгінгі күні Қазақстанда 300 мыңға жуық татар этносы өмір сүріп келеді. Ал, Сыр өңірінде татар этносының 1500 өкілі бар.
@"ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ" КММ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ