Қармақшылықтар келесі жылдың қамына кірісті
qarmaqshy-tany.kz Қармақшы ауданы әкімі Әділбек Ерсұлтановтың төрағалығымен аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерінің басшылары, «ҚармақшыСуШар» өндірістік учаскесінің басшысы, аудандағы барлық шаруашылық құрылым басшыларының қатысуымен мәжіліс өткізілді.
Мәжілістің күн тәртібінде алдағы жылы егінді орналастыру, әртараптандыру және жаңа суармалы технологияларды қолданысқа енгізу туралы мәселелер қаралды.
Ең алдымен аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы С.Зайыровтың хабарламасы тыңдалды.
Биылғы жылы аудан бойынша 24 326 гектар егіс орналастырылып, күтімге алынған 12 773 га күріш, 1021 га жаздық бидай, 941 га мақсары, 150 га арпа, 30 га сүрлемдік жүгері, 50 құмай дақылдары толықтай төкпей-шашпай жиналып алынды. Негізгі күріш дақылының әр гектарынан 60,0 центнерден өнім алынып, қамбаға 76,6 мың тонна астық құйылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 96 пайызды құрап, 383 гектарға кем болып отыр.
Бұған басты себеп биыл өңірімізде су тапшылығына байланысты егіс көлемінің, оның ішінде негізгі күріш дақылының 383 гектарға қысқарып, 12 773 гектарға орналасуы.
Жалпы алғанда, күріштен басқа дақылдардан жоғары өнім алынып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Мәжіліс барысында аудан басшысы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді. Атап айтқанда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін қажетті негізгі фактор – ол ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтау және оны әртараптандыру сондай-ақ ең негізгі мәселе - алдағы уақытта су тапшылығы болу қаупі барын айта келе, осыған орай ауыспалы егіс жүйесінде күріштің үлесін 37-40% көлемінде ұстап, арпа, тары, сұлы, жүгері, мақсары мен соя дақылдарын көптеп өсіру және аймақ басшысының азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін егін егуге арнайы жер дайындауда бақша дақылдарын егу тапсырмасын басшылыққа алу тапсырылды.