Офлайн өмір
Мектептегі балалардың басын қосып ортақ мақсатқа арналған іс-шаралар ұйымдастыру, пайдалы істермен айналысу – мектеп парламентінің басты жұмысының бірі.
Әсіресе жоғарғы сынып оқушылармен мектеп парламенті басшысы мен ұланбасы Гүлсая Жангелдинқызы Республика күніне байланысты 10-25 қазан аралығында жүргізілетін еліміздің мемлекеттік мерекесінің маңыздылығын, қоғамдағы рөлін білім алушыларға насихаттай отырып іс-шара жоспарын бекіттік. «Келісе пішкен тон келте болмайды» дегендей, балалардың жас ерекшелігі, қай тақырыпты қамту керегі ескеріле келе бекітілген жоспарымызда мектептің көшбасшылары, белсенді оқушылары, мектеп парламентінің фракциясында көпшілікке таныстырылып, міндеттеріміз тағы бір пысықталды. Іс-шара барысында бірқатар жиын, кездесу жоспарланған. Соның бірі – «Қыран елім – Қазақстаным!» тақырыбындағы патриоттық акциясы. Оны өткізудің мақсаты – жас ұрпақтың елімізге, туған жерімізге және Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметін арттыру болып табылса, көпұлтты мемлекетіміздің ортақ бірлігін көрсету де акцияның мұраты. Оның аясында мемлекеттік әнұранды жаппай орындау, бейнеқұттықтау, патриоттық шығармаларды жатқа оқу, қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғаларды өнеге етіп, ашық форматта әңгімелесу, кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ экологиялық отбасылық дәстүрді қалыптастыруда ағаш отырғызу, оларды қысқы маусымға дайындау, жақын маңдағы саябақ, мектеп, үй маңайындағы жасыл желектерге күтім жасау бойынша «Менің үйім», «Менің аулам» атты отбасылық акциялар мен сенбіліктер өтуде.
Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырған жалынды жастар табиғат аясында танымдық экскурсия, қоршаған ортаны қорғау сынып сағаттарын өткізу де назарға алынған.
Мереке қарсаңында Жаңа Қазақстанның жас өкілдері Республика күнін жоғары деңгейде атап өтіп, оның мәнін түсіндіру, насихаттауда тәрбие сағаты, эссе, шығарма жазу байқауы, патриоттық ән айту сайысына белсене қатысуға үлкен дайындық үстінде.
Жұлдыз ТӨЛЕУОВА,
No29 орта мектеп оқушысы