» » Қолы епті дәрігер

Қолы епті дәрігер

Қазір қоғамды тіс дәрігерінсіз елестету мүмкін емес. Себебі бүкіл ішкі ағзаның саулығы тістің күтіміне байланысты. Адамның жаны ауырған жерінде десек, дана халқымыз «Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды» деген. Әдетте тісіміз ауырып, жанымыз жай таптырмай көзімізге көрінген қысылтаяң кезде ғана дәрігердің көмегіне жүгінетініміз рас. Ал мұндайда тіс дертіне дауа табар дәрігердің тәжірибелі, өз ісінің қыр-сырына қанық болуы да шарт. Бүгінде Ақай ауылындағы стоматолог дәрігер Дәурен Алмағанбетов бас болған «Арт дент» тіс емдеу клиникасы халыққа кең көлемді, жоғары сапалы медициналық қызмет түрлерін ұсынуда.
Ақай ауылына сапарымызда елді мекеннің дамуына үлес қосып тұрған кәсіпкердің шағын тіс емханасына соқпай кетпедік. Мұнда кіргеннен келушілердің қарасы көп-ақ. Себебі тұрғындар қалаға немесе іргелес жатқан Төретам кентіне жол ұзартып дәрігерге көрінгеннен гөрі ауылдағы маманға қаралғанды қалайды. Тіпті, өз ауылдарынан осындай тіс емдеу клиникасының ашылғанына олар қуануда. Шынтуайтына келгенде елді мекендерде мұндай тіс емдеу орталығы жоқтың қасы.
Кейіпкеріміз Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде білімін шыңдаған маман. Ол сонда оқып жүріп өзіне тәжірибе жинау мақсатында жұмыс істеп бастайды. Кейін оқуды тәмамдап, Қызылорда қаласында 2 жыл қызмет істейді.
– Менің бұл мамандыққа келуіме үйдегі жаныма жақын жандардың септігі тиді. Өйткені әкем мен ағам тіс дәрігерлері, өз ісінің маманы. Олар маған осы мамандық жолында көп көмектесті. Қалада жұмыс істеп жүріп, кейін Байқоңырға көшіп келдік. Одан соң қызметімді осында жалғастырдым. Маған келгендерді үлкен, кіші деп бөлмей, барлығын бірдей қабылдаймын. Клиникада тіс емдеу, протез салу, жұлу секілді әртүрлі қызметтер көрсетіледі, – дейді тіс дәрігері Дәурен Балықбайұлы.
Тіс күтіміне бала кезден көңіл бөлу керек десек, осы қағиданы ескерген тіс дәрігері Дәурен, былтыр күзде Ақай ауылында жеке клиникасын ашып, кейін балаларға тегін қызмет көрсетуді бастапты. Оның айтуынша қазір балалар арасында тіс жегіден зардап шегетіндер көбейген. Мұның басты себебі, тіс тазалау гигиенасының сақталмауы.
– Қазір ата-ана баласының тіс күтімін сақтауына аса мән бермейді. Уақытылы тіс дәрігеріне көрсетіп тұрмайды. Бала тәттіге құмар келеді. Бойында қанты бар тәттілер болмаса басқа тағамдар тістің тез бұзылуына, шіріп кетуіне, ісінуіне әкеп соғады. Жалпы баланың бойында процесс тез жүреді. Яғни тісі тез ауырып, бірден қойып кетуі мүмкін. Ауруы тез басылған тісте асқынулар көп болады. Одан бөлек ата-ана баланың тісі түсіп қалса «сүт тіс қой, орнына шығады» деп бейқам жүреді. Жалпы тіс адамға екі рет қана беріледі. Уақытша тіс және тұрақты тіс. Тұрақты тіс зақымдалса орнына қайта шықпайды. Сондықтан тісті дер кезінде дәрігерге тексертіп тұрған жөн, – дейді ол.
Дәурен Балықбайұлының алға қойған мақсаты көп. Болашақта тіс емдеу клиникасын үлкейтіп, ішін білікті мамандармен толықтырсам деген жоспары бар. Бұйырса ол күнге жетсе, өзі бастаған істе балалар және ересектер арасындағы тіс ауруларымен барынша күресетін болады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
26 тамыз 2022 ж. 610 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (10293)

09 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930