Мобильді топ жоба маңызын түсіндіруде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сәуір айында «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» бекітілгенді. Осыдан кейін ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5 процентті құрайтын жеңілдетілген несие алуына, кооператив құру және техниканы лезингке рәсімдеу кезінде көмек алуына мүмкіндік жасалды. Осы бағдарлама аясында партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда.
Осы орайда «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіруде арнайы мобильді топ іс-сапармен ауданға келді. Сапар барысында Дүр Оңғар және Ақтөбе ауылына атбасын бұрып, тұрғындармен кездесті.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық- түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.
Халыққа қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беруге арналған жобаны мобильді топ мүшелері тұрғындарға егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бірінші кезекте ауылдық жерлерде жұмыспен қамту деңгейін көтеруге көзделген. Жалпы еліміздегі әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Мүмкіндіктері де әртүрлі. Сондықтан да осы жоба аясында барлық ауылдың әлеуетін анықтап, тұрғындарға әрі қарай дайын бағытта кәсіп ашуды үйретеді. Бұл елді мекендерді дамытуға бағытталған маңызды қадам, – деді бизнес-тренер Айман Ақынбекова.
Кездесуде ауыл тұрғындары аталған жоба бойынша өз ойларымен бөлісті. Дүр Оңғар халқы кооператив құру, жылыжай шаруашылығы, кіші бизнес түрлерімен айналысу жайында сөз етсе, Ақтөбе ауылының тұрғындары берілетін несие кепілсіз болса деген ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ осы жоба аясында шаруасын дөңгелетіп отырған өңірлерге барып, тәжірибе алмассақ деген ойларын айтты.
Жиын соңында мобильді топ мүшелері «Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасы халықтың табысын арттыру шеңберінде іске асырылатын болғандықтан арнайы талдау (скрининг) жүргізу арқылы елді мекенге қандай кәсіп көздері қолайлы екенін анықтап, соған сай тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ