» » Өңір басшысы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді

Өңір басшысы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді

Өткен аптада аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінде Жосалы кенті тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.
– Бұған дейін осы жылдың мамырында Өздеріңізбен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы міндеттері туралы айтып өткен болатынмын. Ендігі кезекте, өңірдің негізгі көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша тоқталып кетуге рұқсат етіңіздер, – деп алғы сөзін бастаған аудан басшысы бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталып өтті.
Биылғы жылдың бірінші жарты-жылдығында ауданның макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 1659,0 млн теңге, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1270,0 млн теңгеге орындалып отыр. Ал ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 101,2 пайызға, негізгі қорға салынған инвестиция 125,0 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 142,0 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 101,1 пайызға, бөлшек сауда көлемі 115,5 пайызға өскен.
Аудан бойынша осы жылдың 1 шілдесіне түсімдер болжамы 8 млрд 288,9 млн теңге орнына 8 млрд 526,3 млн теңгеге атқарылып, 102,9 пайызды құрады.
Биыл бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда Байқоңырдағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй, Қуаңдария ауылдық округінде 100 орындық ауылдық клуб, Жосалы кенті мен Ақай ауылдық округінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, жүргізілуде. Сондай-ақ Ақжар ауылындағы No28, Жосалы кентіндегі No121 және Төретамдағы No85 мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары қазіргі кезде жүргізіліп жатыр. Одан бөлек Төретам кенті мен Ақай ауылында газ жеткізу құбырының және газ тарату желілерінің құрылысына биылғы жылы 600,0 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен мердігер мекемелермен құрылыс жұмыстары басталған.
Бүгінде Жосалы кентінде Шығыс каналына темір бетонды лоток орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер анықталып, лоток орнату жұмыстары қолға алынғанын атап айтқан Әділбек Бөрібайұлы «Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі Тәуелсіздік ықшам ауданынан жүзу бассейні орналасқан денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы» нысанының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 14,1 млн теңге қаржы қаралғанын, қазіргі кезде оның қажетті құжаттамасы әзірленіп жатқанын, аталған ықшам ауданның газ тарату желілерімен қамтамасыз ету құрылысы үшін де жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 6,8 млн теңге қаржы қаралғанын тілге тиек етті.
Соңғы уақытта кент тұрғындары тарапынан баспана мәселесі жиі қозғалып жүр. Халықтың тілегін қанағаттандыру және тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында «Жосалы кентінен 18 пәтерлі үш тұрғын үй құрылысы» жобасы әзірленген. Сонымен бірге тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуда жоба-сметалық құжаттамасы дайындалып, қаржысы бөлінген жағдайда ол іске аспақ. Газ желісіне қосылуға дайын әлеуметтік нысандар бойынша No30 мектептің бу қазандығын табиғи газге ауыстыру, аудандық аурухананың жылу қазандығы ғимаратын реконструкциялау, газ желісіне қосуға қаржы бөлініп, жұмыстары енді басталады.
«Аудан экономикасын әртараптандыруда шикізаттық емес секторды дамыту маңызды. Сол себепті де ішкі нарықты отандық тауармен толтыру және импорт алмастыруға маңыз берілуде. Ол үшін индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан ірі жоба – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы осы жылдың аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Жоба іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылатын болады деп жоспарлануда» деді халыққа есеп беру барысында аудан басшысы.
Әділбек Бөрібайұлы кәсіпкерлік саласы бойынша да атқарылған біршама шаруаны тізбектеп шықты. «Жосалы кентінде бүгінге тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 1447 бірлік болса, оның жұмыс істеп тұрғаны 1289 бірлікті құрайды.
Биыл «Микробизнес Қызылорда» өңірлік бағдарламасы шеңберінде кентте 83,5 млн теңгенің 13 жобасы қолдау тапса, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасымен 119,0 млн теңгенің 7 жобасы екінші деңгейдегі банктер арқылы қолдауға ие болды. Ал аграрлық несие корпорациясы арқылы 14,5 млн теңгенің 3 жобасы және де қаржыландырылып отыр» деді ол өз сөзінде.
Жалпы өткен жылмен салыстырғанда мал шаруашылығында жақсы өсім байқалады. Ауданда төрт түлік бойынша өсім орташа 6,8 пайызды құраса, оның ішінде Жосалы кентінде 9005 бас МІҚ, 2975 бас жылқы, 8963 бас уақ мал және 989 бас түйе тіркелген. Өңірдегі төрт түлік санының өсуіне байланысты жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында елді мекендерден шалғай орындардағы көне су ұңғымаларын тазарту арқылы, қайта іске қосу үшін 26 су ұңғымасы құжаттандырылып ұсынылған.
Есепті кездесуде Жосалы кенті тұрғындарының назарын аудартқан жағымды жаңалықтың бірі – жол мәселесі болды.
– Кенттің 5,8 шақырымды құрайтын 12 топырақты көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлініп, бүгінде аталмыш жоба жұмыстары басталды. Осы жол жөндеуге бөлінген үнемделген 13,6 млн теңге қаржыға қосымша 6 көшеге және аудандық бюджеттен 2 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында келер жылы жүзеге асыруға Жосалы кентінің 14,3 шақырымды құрайтын 19 көшесіне орташа жөндеуге жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, 384,3 млн теңге қаржыны республикалық бюджеттен бөлуге тиісті басқармаға бюджеттік өтінім тапсырылды. Бұған қоса Амангелді көшесіне жөндеу жүргізу туралы бірнеше жылдан бері тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген мәселе болғандықтан осы көшеге де аудандық бюджет есебінен орташа жөндеу мен абаттандыру жұмыстары жоспарға қойылуда, – деді аудан әкімі.
Жарықтандыру бойынша көшеге жарықшам бағаналарын орнатуға 100 Вт светодиодты жарықшамдарын сатып алуға 4,1 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы және көше жарықтарын ұстау шығындарына 16,5 млн теңге қаржы бөлініп, шаруалар атқарылуда. Е.Сексенбаев көшесін абаттандыру жұмыстарына қажетті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жұмысы басталған. Тайшық би көшесіне тротуар орнатуға да аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, жұмысы толық аяқталған. Кенттегі басты жұмыстардың бірі – көркейту, көгалдандыру. Бұл ретте «Қазақ хандығы» аллеясын көгалдандырып, ағаш көшеттерін күзге дейін отырғызып, күтіп-баптауға аудандық бюджеттен 10,0 млн теңге қаралып, егілген өскіндерге баптау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күннің өзекті саналатын мәселесінің бірі – азаматтық қоғам институттарын қалыптастыру десек, ауданда тіркелген 63 үкіметтік емес ұйым өкілдерімен белсенді жұмыстар атқарылуда. Өңір еріктілері белсенділік көрсетіп, 2 жылда көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен және тұрғын үйге аса мұқтаж жандарға 16 баспана кілтін табыстады. Одан бөлек, ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу, олардың уақытын тиімді ұйымдастыруда «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар» қоғамдық бірлестігі және «Дәметкен ана» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы жұмысын жалғастыруда. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен биыл әртүрлі бағытта 128 іс-шара атқарылған. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда да тұрақты азық-түлік себеттері таратылып тұрады. Балалар күні мерекесінде 50 балаға демеуші есебінен 1,0 млн теңгеге велосипед сыйға тартылды.
Кездесуде аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы мәдениет, спорт, әлеуметтік бағыттар бойынша да кеңінен тоқталып, алдағы мақсаттармен бөлісті.
Мәдениет саласында осы жылы Сыр сүлейі, ақын Т.Ізтілеуұлының туғанына 140 жыл толу мерейтойын кең көлемде атап өту жоспарланса, шайыр есімін ардақтау мұратында республикалық деңгейде айтыс, жыраулар фестивалі өтетін болады.
Спорт – ел мен елді байланыстырып қана қоймай, мәртебені де арттыратын сала. Аудан ҚР чемпионаттары мен Кубоктарында 15 алтын, 5 күміс, 15 қола және Әлем біріншілігінде 3 алтын, Әлемдік Гранпри турнирінде 1 қоланы жеңіп алып, Сыр елінің жеңісін еселеді.
Есепті кездесуде аудан басшысы Әділбек Ерсұлтанов кенттегі кейбір көшелердегі жарықтың жиі сөнетіні, ойын алаңына қатысты тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, тиісті тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Халықпен кездесу жиынында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз сөйлеп, атқамінер азаматтардың әрі қарайғы да еңбектеріне ақ жол тіледі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ортақ істе бірлесе атсалысуға шақырды.
Аудан әкімінің халықпен кездесуіне аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
09 тамыз 2022 ж. 328 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031