Мықтылар алаңы
Спорт деген бір сиқыр, жаныңды баурап алатын. Иә оған бар ынта-ықыласымен ден қойған жан оңай ажырамақ емес. Елдің елдігін танытып, көк байрағын көкке көтеріп, әнұранын шырқататын да осы – спорт саласы. Әрбір жеткен жетістік спортшының рухани күш-қайратын жонып, жеңіске деген сенімін күшейте түспек. Мемлекеттің абыройын асқақтатып, атын әлемге паш ететін де спорт саласының мықтылары. "Театр киім ілгіштен басталады" демекші, жаттығу залындағы тамшылаған әрбір моншақ тер жеңіске бастаған алғашқы қадамдай тізбектеліп, спортшыны біртіндеп биіктерге жетелей жөнелетіні баршаға аян. Спорт – бұл мықтылардың алаңы, ол жалқаулық пен әлсіздікті көтермейтін, еңбек пен жігерді қажет ететін бірден-бір сала.
Ауданымыздағы No16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің Төретам кентіндегі спорттық бөлімшесі 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Содан беріде кентте бокс, дзюдо, самбо секілді спорт түрінен бөлімшелер ашылып, осы уақытқа дейін бөлімшеден көптеген халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда Сыр елінің намысын абыроймен қорғап жүр. Қазіргі таңда бөлімшеде 3 жаттықтырушы спорттың самбо, дзюдо, бокс түрінен балаларды баулып тәрбиелеуде. Істеген ісіңнің жемісін көру үшін оған жылдар бойы табан ет, адал маңдай тер керегі белгілі. "Шәкірттеріміздің жақсы нәтижесін көріп, оларды жоғары дәрежелі жарыстарға қатыстыруда біздер үшін әрбір жаттығуымыз маңызды" дейді мұндағы жаттықтырушылар мамандыққа деген берілгендіктерін көрсетіп.
Балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, байрақты бәсекелерге даярлап жүрген спорт майталманы, жоғары санатты жаттықтырушы Тұрар Досаманов, оның туған бауыры Тұрман Досаманов, Әділбек Сәндібековтер спорттың самбо, дзюдо және бокс түрінен бапкерлік етіп жүр.
Жалпы Төретам спорты осы кезге дейін бірқатар биіктерді бағындырған. Атап айтқанда 2013 жылы Қарағанды қаласында өткен С.Сәпиев атындағы жүлдесіне арналған халықаралық турнирде төретамдық боксшылар – Ернұр Есмырзаев турнир жеңімпазы болып танылса, Әділет Ораз халықаралық турнирдің күміс жүлдесіне олжа салған. Сондай-ақ бокс бөлімшесінен шыққан Мақсат Сахитжанов пен Нұрболат Сермаханов Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт интернатына оқуға түсіп, Қазақстан Республикасының құрамасына шақырту алған санаулы спортшының бірі. Ал Аян Әмзе 2018 жылы Оралда өткен самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында 3-орын иеленіп, Алматыда ұйымдастырылған Азия кубогында да жоғары көрсеткіш көрсетіп, қола медаль тағынған жайы бар. Нұрбек Алдажаров 2020 жылы Белбеу күресінен өткізілген Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс жүлдегер атанып, жеңісімен жерлестерін бір серпілтіп тастаған болатын. Одан бөлек самбо және дзюдо күресінен бірнеше Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткерлер шығып, облыс жеңімпаздарының қатары толыға түскен-ді.
– Спорт мектебінде 2014 жылдан бері балаларды самбо түріне жаттықтырып келемін. "Балапанды күзде сана" дегендей, бапкер болғаннан кейін әрбір баламен жеке жұмыс істеп, нәтиже көрсетуге тырысасың. Әрбір бала өзінше талантты. Сол дарынын аша білсең – ұстаз еңбегінің ақталғаны. Шәкірттерім жарыстарда жүлдесіз емес. 2016 жылы Аян Қалмаханов самбо, дзюдодан облыс біріншілігінде жеңімпаз болса, 2019 жылы Нұрбақыт Орынбаев дзюдодан облыс біріншілігінде топ жарып, чемпион атанды. Ал 2020 жылы Жомарт Смағұлов дзюдодан облыс біріншілігінде барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңімпаз болды. Сонымен қатар Нұрбек Алдажаров Белбеу күресінен күміс жүлдегер. Жас палуандардың спортқа ынтасы өте жоғары. Жаттығуға қалмай келеді. Рамазан Батиков, Азамат Болатбай, Бекзат Орынбеков, Жомарт Смағұлов, Наурыз Жайшылықов, Ғалымжан Жұмағалиев, Аян Әмзе, Аян Қалмаханов және тағы басқа шәкірттерім Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткерлер. Алда арманымыз – осы балалардан спорт шеберлерін шығарып, республика көлемінде чемпиондар даярлау, – дейді білікті бапкер Тұрар Досаманов.
Кентте айтулы мектептің ұйымдастыруымен көптеген іс-шара өтіп келеді. Еліміздің Тәуелсіздігі, ұлттық мереке – Наурыз және басқа да даталы күндерде түрлі жарыс өтіп, жастардың топқа түсіп, шыңдалуына өз себебін тигізуде. Бұл ретте аталған спорт мектебінің басшысынан алдағы мақсат-мұраттары туралы сұраған болатынбыз.
– Спорт мектебіне 2005-2015 жылдар аралығында танымал спортшы Алмат Қодаров, одан соң спорт майталманы Әлжан Төремаханов ағамыз 2 жылдай басшылық етті. Мен 2017 жылдан бастап басқарудамын. Төретамдықтардың нәтижесі жаман емес. Жаттықтырушылар мен спортшылар қолдан келгенше аянып жатқан жоқ. Бүгінде Ақай ауылында спорт комплексінің құрылысы салынып жатыр. Бұйырса басқа да елді мекендерде халқының санына байланысты шағын спорт кешендері салынады деген жоғары тараптан жоспар бар. Біздің мақсатымыз – елді мекендерден кәсіби деңгейдегі палуан, боксшыларды тәрбиелеп шығарып, оларды әрмен қарай дамытуда спорт интернаты, жоғары мектептерге өсіріп жіберу, – дейді No16 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғалым Ержанов бізбен әңгімесінде.
Сәрсенкүл АҚКІСІ