» » COVID-19: ауданда 17 адам тіркелді

COVID-19: ауданда 17 адам тіркелді

Қазақстанда бір тәулікте коронавирус 2 054 адамнан анықталды. COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 1 333 547-ге жетті. Дүниені дүрбелеңге салып, қорқыныш құшағына ораған коронавирус індетінің қаупі қайта басталған сыңайлы. Аудандағы ахуалды білмекке мамандарға жүгіндік.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлнар Төлепбергеновамен байланысқан едік. Оның айтуынша, аудан бойынша 12 шілдеден бастап 17 адамнан вирус анықталыпты.
– Оның ішінде симптомды науқастар саны – 2, симптомсызы – 12, 2 адам ауруханаға жатқызылды. 10 адам үйден емделіп жатыр. 5-еуі жазылып шықты. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 5 бала тіркеліп отыр. Жосалы кентінен 11 адам, қалғаны Дүр Оңғар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Ақжар, Қармақшы ауылдарынан тіркелді. Аурушаңдық бойынша 52 адам жалпы қарым-қатынаста болған. Індетті күшейтіп алмау үшін барынша сақтану керек. Қорғанудың тиімді жолы – вакцинациялану. Сонымен қатар 4 тур ревакцинацияға шақырамыз, – дейді ауданның бас санитары Г.Төлепбергенова.
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 инфекциясы қорғануды қажет етеді. Індетті ауыздықтау мақсатында коронавирусқа қарсы түрлі вакцина пайда болып, елімізде екпе алу науқаны өткен болатын. Ал қазіргі таңда вакцинаның екі компонентін де алған жандарға белгілі бір уақыттан соң ревакцинация жүргізіліп жатыр. Қазіргі жағдайда вакцина мен ревакцинацияның қажеттілігі зор екенін түсініп жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда вакцинаның КазВак – 753, Сино Вак – 12, Комирнати – 12 қалдығы бар. Қайта ревакцинация алғандар саны – 13885 адамды құрап отыр.
Күннен-күнге COVID-19 жұқтырғандар қатары артуда. Үлкен қалаларда тұрғындардың баяғыдай жүріп-тұруына шектеу қойылып, бетперде тағу міндеттеліп, тойларға тыйым салынып, тіпті Ashyq қосымшасы қайта орала ма деген сұрақтар туа бастады.
Бұл сұрақтарға жақында ДСМ-нің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауап берді. Олардың айтуынша, жағдай әзір тұрақты. Бірақ дайындық жұмыстары күшейтілуде. Бұған дейін сары аймақта болған кезінде Алматы қаласында маска тағу ұсыным ретінде хабарланған болса, ендігі кезек 21 шілдеден бастап сары аймаққа енген Нұр-Сұлтан қаласына келіп отыр. Сондықтан да мұнда да маска тағу ұсынылып отыр.
Науқаспен байланыста болған абсолютті қарсы көрсетілімдері бар адамдарды, жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс формасына ауыстыру міндетті түрде ұсынылады және мектепке дейінгі ұйымдарда топтарды біріктіріп, түрлі шаралар өткізуге тыйым салынады. Бірақ бұл шараларды топ ішінде өткізуге рұқсат етіледі. Ал коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймаққа өткен өңірлерде Ashyq қолданылатын болады.
«Қатаң карантин енгізу мәселесі қандай да бір өзгеріс жағдайында қаралады. Бірақ бүгінде тек Нұр-Сұлтан ғана «сары» аймақта. Өңір «сары» аймақта тұрған кезеңде бизнеске жүктемесі бар қандай да бір қатаң шектеу іс-шараларын енгізу көзделмеген. Бірақ «қызыл» аймаққа өткен жағдайда Ashyq жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл іс-шараларды ұлттық кәсіпкерлер палатасы талқылап жатыр. Шешім ВАК-та қарау нәтижелері бойынша қабылданады. Шектеу іс-шараларын екі кезеңде енгізу көзделіп отыр» деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова.
Оның айтуынша, той-томалақ сынды одан да өзге көпшілікті шараларды өткізуге осы «қызыл» аймаққа енген елді мекендерде тыйым салынатын болады.
«Аудан тұрғындарына коронавирустық инфекциядан қорғану, ауырмау үшін бірінші кезекте вакцина алу керегін ескерте отырып, өз денсаулығын сақтауға шақырамыз. Қорғаныңыз, күтініңіз, айналаңыздағы адамдарды вирустан сақтаңыз» деп дабыл қағады мамандар.
Мамандар айтқандай, жаңа штаммдарға ағзаның иммунитетін қалыптастыру үшін ревакцинацияның маңызы зор. Сол себепті таралып жатқан вирустардан, түрлі аурулардан қорғанып, иммунитетті қалыптастыру үшін вакцина алу өте маңызды. Әдеттегіше үйреншікті болған тазалық, қол жуу, арақашықтықты ұстау секілді шараларға да етіміз әбден үйренген болар? Ендеше қауіптен сақтанып, өзімізді қорғайық!
Айнұр Әли
26 шілде 2022 ж. 373 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930